Тарихшылар конгресі панельдік сессияларының аясында халықтың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуын талдауға көңіл бөлу және ұлттық зиялы қауымның тәуелсіздік жолындағы күрестегі рөлін ашып көрсету



Дата06.01.2022
өлшемі19,11 Kb.
#12082

Тапсырма: Тарихшылар конгресі панельдік сессияларының аясында халықтың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуын талдауға көңіл бөлу және ұлттық зиялы қауымның тәуелсіздік жолындағы күрестегі рөлін ашып көрсету, сонымен бірге жұмыс барысында еліміздің өркениетті даму жолын таңдауын көрсету.

2011 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан тарихшыларының І конгресі өтті. Отан тарихы ғылымын жетілдірудің өзекті мәселелерін жанжақты талқылауға жиналған тарихшылар қауымының танымал өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әлемдік тәжірибеде тарихшылар конгресі немесе форумы заман талабына сәйкес бірде жиі, бірде сирек әрқалай шақырылып отырады. Кез келген мемлекетте тарих ғылымы – сол елдің мемлекеттік саясатына жақын саласы, сондықтан салыстырмалы түрде бұл ғылымның маңызы зор. Дүние жүзінде тарихшылар конгресі алғаш рет ХХ ғасырдың басында Францияда (1900 жылы) болған. Біздің отандық ғалымдар 2010 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясымен бірігіп, посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ТМД елдері тарихшыларының басын қосуға мұрындық болса, енді, міне, Қазақстан тарихшыларының І конгресін өткізудің сәті елорда еншісіне тиді. Әрине, бұл мәселе отандық тарихшылардың бастамасымен талай мәрте көтерілген. Конгресте қаралатын мәселелер ауқымы, оны шақыру уақыты мен өтетін орнын анықтау, т.б. ұйымдастыру жұмыстары бойынша тың идеялар берді. Нәтижесінде конгресті шақыру мәселесі Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен отырыстарында егжей-тегжейлі талқыланып, оны Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында Астана қаласында өткізу нақтыланды. Бұл конгресті өткізуге Білім және ғылым министрлігі мұрындық болды. Конгресс жұмысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық тарихшылар жиналды. «Елбасының бастамасымен 1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы», 1998 жылдың «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» жариялануы, ал 2004 жылы «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы туралы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ғылымды дамытудың бүгінгі жай-күйіне кеңінен тоқталып өтті. Кеңестік дәуірде қалыптасқан қазақстандық тарих ғылымы коммунистік идеологияның ықпалымен бұрмаланып, қазақ тарихы ақиқаттан алыс кеткені белгілі. Дегенмен, кеңестік тарих ғылымы Е.Бекмаханов, Г. Дахшлейгер, А.Нүсіпбеков, К.Нұрпейіс, М.Қозыбаев, Х.Арғынбаев сияқты кәсіби тарихшылар мектебін қалыптастырды. Оларды патшалық және кеңестік жүйеде біржақты жазылған қазақ тарихы қызықтырды. Ұстанымына берік тарихшылар Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай мен Халел Досмұхамедұлы бастаған қазақ ұлт-азаттық қозғалысын, басқаша айтқанда, елдік пен ерлік тарихын жазуға тырысты. Сөйтіп, кеңестік дәуірде-ақ ұлт-азаттық қозғалысының отаршылдық сипаты туралы концептуалды тұжырымдар жасады. Тыйым салынған тақырыптар бойынша тарихи деректерді үзік-үзік болса да, ғылыми айналымға енгізе білді. Осылайша, қазақ халқының тарихи санасына сілкіністер әкелді. Тәуелсіздік жылдарында көне дәуірден бүгінге дейінгі оқиғаларды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттеуде ілгерілеушілік байқалады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылдан басталған «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», 1998 жылы «Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих» жыл атаулары, «Тарих толқынында», т.б. еңбектерінің шығуы, Абылай хан мен Бөгенбай батыр, Абай мен Жамбыл, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев мерейтойлары, Түркістан қаласының 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту, тарихи фильмдер көрсетілімі және «Бабалар сөзін» қайта жаңғыртқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы дәлел. Мұның бәрі – тарихты әр қырынан жазатын зиялы қауым өкілдеріне үлкен шабыт пен көтеріңкі көңіл-күй бергені рас. Қазақ тарихының қай кезеңін алсақ та, оны жергілікті ұлт пен мемлекет анықтаған. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына орай өткен Ұлттық кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев нақты көрсеткендей: «Тілдегі, әдебиеттегі, ғылымдағы шектеулердің бәрі алынып, еркін ойлау мен шындықты жазуға мол мүмкіндіктер берілгеніне қарамастан, тарихшыларымыз сол ата тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға келгенде әлі күнге дейін шабандық танытып отырғаны» жасырын емес. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан тарихшыларының І конгресін өткізу өте маңызды. Конгресте негізгі 3 мәселе: Отан тарихы методологиясы; дәуірлеу проблемасы; тарихты оқыту мен зерттеу төңірегінде әңгімелер қозғалды. Қазіргі кезде ғылыми айналымға түскен зерттеулер санының еселенгені сонша, қағаз бетіне түсіруге мүмкіндіктеріміз уақытша шектеліп отыр. Бұл міндетті шешу үшін тарихты желілік жүйемен зерттеуге үлкен мән беріп, оның дерекнамалық негіздерін жасаған жөн. Ол үшін инновациялық технологияны жетік меңгерген, бірнеше тілдерді білетін, ғылымға бейім кадрларды дайындау міндеті тағы бар. Жалпы, қазақ тарихын жергілікті халық өкілдерінен артық зерттеушілер болмайды. Бұны кеңестік билік заманында Отан тарихын жазу тәжірибесі көрсетіп отыр. Қазір отандық ғалымдардың алдында қолданыс аясына енген тарихи-мәдени мұраларды кешенді түрде зерттеп-сараптау міндеті тұр. Ресми деректер бойынша «Шетелдерден қазақ тарихына қатысты 5000-ға жуық көшірмелер әкелінген екен». Мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржыға сатып алынған осы құжаттарды сол қалпында, «өлі күйінде» қалдырсақ, елдігімізге сын болмақ. Тәуелсіздік жылдары отандық тарихнамада ізденістер мен зерттеулер мазмұны түбегейлі өзгерді. Осылайша, мемлекет саясаты елдің негізі болған қазақ халқының тарихы мен билік дәстүрін сақтаған мемлекеттілік тарихын жазуға зор мүмкіндіктер ашты. Осы жылдар ішінде елімізде Қазақстан тарихшылары қауымдастығы, Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы т.б. құрылды. Отан тарихына қатысты шетелдермен ғылыми байланыстар орнатылды. Іргелі және қолданбалы жобалар бар. Бірақ, әлемдік тәжірибеде жұмыс істейтін Тарихшылардың ұлттық комитеттері Тарих ғылымдарының халықаралық комитетімен тікелей жұмыс жасайды. Әлем тарихшыларымен бірлікте, ынтымақтаса жұмыс істеу үшін бізге мемлекеттік маңызы бар, Отан тарихының барлық саласын қамтитын тарихшылар одағын немесе қоғамын құру қажет. Осы мәселе төңірегінде баспасөз беттерінде әртүрлі деңгейдегі ой-пікірлер мен көзқарастар көрініс берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан тарихшыларының І конгресінде тарих білімі мен ғылымы жүйесінде қордаланған проблемалардың негізгілері анықталып, мақсатміндеттер айқындалды деуге болады. «Жұмыла кіріскен жүк жеңіл» демекші, тарихшылар қауымы Отан тарихын жазуға ынтымақтастықта күш біріктіру қажет. Айталық, Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу тарихында әлі де зерттеушісін күткен тақырыптар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының шекарасын белгілеу мәселесі, Қарулы күштер тарихы, оралмандар мәселесі, экономика тарихы, құқық органдарының қалыптасуы, т.б. Сөз соңында, Отан тарихының соңғы тарауы саналатын – Тәуелсіз Қазақстан тарихына байланысты мынадай ұсыныc-пікірлер білдіреміз: Бірінші, Тәуелсіз Қазақстан тарихын – «Қазақстанның қазіргі тарихы» атауымен өзгертіп, білім және ғылым жүйесіне міндетті пән ретінде енгізу; екінші, «Отан тарихы методологиясы», «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәндері бойынша арнаулы оқулықтар дайындау; үшінші, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында айналымға түскен тарихи мұраларды оқулықтарға енгізу; төртінші, Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы, саяси, әлеуметтік өмірі, діні мен мәдениеті және тұлғатанудан көптомдық кітаптар дайындау; бесінші, Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің ұзақ мерзімге арналған перспективалық жоспарын жасап, бекіту; алтыншы, Қазақстан аймақтарының жаңа тарихын (өлкетану) зерттеу, облыстық мемлекеттік мұрағат материалдарын игеру; жетінші, Қазақстан тарихшыларының Конгресін 2 жылда бір рет шақыру. Кеңес дәуірінде Қазақ елінің тарихына қатысты мұрағат қорлары жабық болды, іштегі ойды сыртқа шығара алмайтын күйде едік. Ал, қазіргі кезде жағдай мүлдем басқаша. Төл тарихымызды жазуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қажетті қаржы көздері қарастырылып отыр. Оған білім және ғылым жүйесіндегі соңғы жаңалықтар «Ғылым туралы» заң мен «Ғылыми қазына» бағдарламасының қабылдануы айқын дәлел. Бұл құжаттардың заңдық негізделуі – отандық ғалымдардың шығармашылық, зерттеу жұмыстарымен айналысуына зор мүмкіндіктер жасап отыр деген сөз.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет