Тәрбие отбасынан басталады Қоғам отбасынан құралады. Ал, отбасы ата-ана мен баладан тұрады. Осы отбасының шайқалмай берік болуы ата-ана мен балаға қатысты. Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуаныш бала болса, перзент үшін де ата-анадан қымбат ешкім жоқ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Баланы жастан» дегендей, баланың өсіп-өркендеп, қанат жаюы, инабатты, ибалы болуы ата-анаға тікелей қатысты. Қазіргі заманымызда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстарын айтып шағымданады. Тіпті, осы тұрғыда психологтардан ақыл-кеңес сұрап та жатады. Алайда, көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі ата-аналардың өздерінен болады. Өйткені, сол ата-аналардың бұрыннан өздері түрлі қателіктерге ұрынған, психологиялық тежелістерге шалдыққан жандар болып шығады. Өздерінің қате-кемшіліктерін түсінбеген сондай ата-аналар сәбилерінің неліктен өзгергеніне қатты таңданып жатады. Сондықтан да бала тәрбиесі ата-ананың өздерін-өздері тәрбиелеуден, өз-өздерін жақсы халге өзгертуден басталады. Бала тәрбиелеудегі басты алғышарттардың бірі де осы. Бұрынғыдан қалған нақыл сөзде «Адам баласы жақсы да, жаман да қасиеттермен туылады, ал, бірақ, өтірікті қоршаған ортадан алады» делінген. Бұл ата-ана баласына өтірік айтпауы қажет дегенді алға тартады. Бүгінде кейбір ата-аналардың баласына бір тілім нан тауып беру үшін күнкөрістің қамымен үй бетін көрмей, тіршілік етіп жүргені ащы да болса шындық. Осылайша отбасының материалдық әл-ауқатын жақсартамын деп жүргенде бала тәрбиесі деген ұғым, тіпті, шет қалып жатады. Сонымен қоса, балаға білім беру тәрбиенің сыңары екендігін есте ұстаған абзал. Бүгінгі техниканың дамыған кезінде өз заманына сай білімді де, білікті баланы жетілдіру тағы да ата-ананың борышы болмақ. Иә, бүгінгі таңда бала тәрбиесі өзекті мәселенің біріне айналып отыр.Баланың алдындағы міндетімізді жақсы атқара білсек, онда қадір-қасиетті түсіне білген баланың сый-құрметпен қайтарымын берері анық. Өскелең ұрпағымызды тәрбиелеп, оған заман талабына сай білім беру-кез келген ата-ана алдындағы міндет. Ал, бұл міндеттерді жақсылап жүзеге асыру – құрметті ата-аналар, сіздердің қолдарыңызда.
Бүгінгі бала – елдің болашағы. Келешегін ойлайтын саналы ел ертеңгі күнін бүгіннен жоспарлап, бүгіннен ойластырары хақ. Сондықтан болса керек, дана халқымыз бала тәрбиесіне ешуақытта бей-жай қарамаған. Тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ өсіру – отбасылық өмірдің негізгі мақсаттарының бірі.