Түркістан үкілеген үмітім Өмірде кездесетін әр қиындықтың бір қайыры бар дейді ғой! «Адам бұл дүниеге келген соң, барлық нәрсеге дайын болуы қажет»



Дата07.01.2022
өлшемі15,1 Kb.
#16880
түріСынақтар

Түркістан - үкілеген үмітім

Өмірде кездесетін әр қиындықтың бір қайыры бар дейді ғой! «Адам бұл дүниеге келген соң, барлық нәрсеге дайын болуы қажет» секілді сөзді көп еститінмін, бірақ мағынасына мән бермеуші едім. Қазір мен оны түсінгендеймін. «Адам» деген атқа лайық болу үшін, өмірде сол нәрсеге лайықты әрекеттер жасайсың, алайда өмір сынақтары бітпейді екен. Сені есейтіп, сынға алып жатқандай...

Мен, Асылжан, 2008 жылы дүние есігін ашқан бүлдіршіндердің бірі едім. Туған жерім - Түркістан қаласы. Осындай киелі мекенде туып- өскеніме қуаныштымын. Білмеймін,Тәңірінің маған берген өткінші сынағы ма, 6 жастан бастап, бауырдан дертті болып, күні бүгінге дейін облыстық балалар ауруханасына жиі жатып, емделіп тұрамын.  Осыған байланысты туған жерден жырақтап, отбасымызбен Шымкент қаласына қоныс аудардық.

  Десек те,  туған жер дегенде толқымайтын сезім, тебіренбейтін жүрек болмайды.  Әрбір адамзат баласының өз туған жері бар. Туған жерінде адамның ең қимас, қайғысыз сәбилік кезі, таза кіршіксіз мөлдір балалық шағы өтеді емес пе?! Мен үшін де сондай, кіндік қаным тамған туған өлке қашан да ыстық және қымбат. 



Туған жерім, Түркістанға араға уақыт салып барған сайын салынып жатқан зәулім ғимараттарды, көз тоймас көркін , өзгеше гүлденген әлемін көргенде, менің оған деген махаббатым, сағынышым арта түседі. Халықтың игілігі үшін салынып жатқан спорт кешені, мәдениет сарайы, биік-биік үйлер, саябақтағы ағаштардың егілуі, халықаралық аэропорттың іске қосылуы мені бір ғажап сезімге бөлейді.Сонымен қатар Түркістан жерінде мен секілді денсаулығы мүшкіл жандарға арналған дертке шипа табатын балалар ауруханасы да бой көтереді деген ойдамын. Ата-анасымен қол ұстасып, қуаныштан шат-шадыман болып, ауруынан айығып кетіп бара жатқан мейірімді жүректер мекені көзіме елестейді. Қасиетті Түркістан ұшы-қиыры шексіз, кең байтақ жерімен, әсем табиғатымен, ерекше сәулет өнерімен талайларды тамсандырып, білім мен ғылымның нұрын шашатын, қиял-ғажайып әлемінің ордасына айналатынына сенемін. Мен «Екі дүние бесігіне» айналған қаламды кешегісімен ғана емес, бүгінгі қарқынды өзгерісімен қоса, ертеңгі жаңаша бейнесімен мақтан тұтқым келеді. Білімді, сан қилы өнер мен дағдыны меңгерген жас қазақ баласы менің өлкеме ағылып, ел мен жерді өркендететіні анық, мен шын үміттенем. Түркістан тек қазақ халқының ғана мақтанышы емес, күллі әлем жұрты таныған шырайлы, көрікті әсем қала атанары сөзсіз.

Өмір керемет, мыңдаған бөлмелері, жарқыраған жарығы, ақылды, мейірімді адамдары бар үлкен ғимарат секілді. Ал осы сарайдың ішінде өмір сүру үшін өмірдің барлық өткелдерінен өтуің керек. Мен сол үшін бойымдағы дертпен мойымай күресіп, жеңуім қажет. «Мемлекет маған не береді деп емес, мен оған не берем?!» деген сөз менің жас жанымды мазалайды.Өйткені туған жерді шат көңілмен, ыстық сезіммен мақтан тұтар жасөспірімнің бірі -менмін. Мен де өз қатарластарым секілді туған жердің гүлденуіне, көркеюіне өз үлесімді қосқым келеді.Сол арман мені алға жетелеп, маған күш-қуат береді.Өмірге деген құштарлығымды арттырып, жігерлендіреді. Туған жерді аялау, құрметтеу- менің азаматтық борышым.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет