Өсімдіктің өсімді (вегетативтік) мүшелері
Вегетативтік органдар – өсімдіктердің қоректену және өсу мүшелері.
Жоғары сатыдағы өсімдіктерде В. о-мен қатар генеративтік органдар (лат. genero – ұрпақ беремін) да болады. Олар өсімдіктің жыныстық жолмен көбеюін қамтамасыз етеді. Генеративтік органдарға гүлді өсімдіктердің гүлі, жемісі, тұқымы жатады.
Жапырақ (лат.folіum, гр.phyllon) — жоғары сатыдағы өсімдіктердің фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, көбею қызметтерін атқаратын өсу мүшесі. Ол негізгі өркеннің жанама бұтақтарының қысқаруынан пайда болады.
Жапырақтың мөлшері әр түрлі болады. Мысалы, шөптесін өсімдіктерде 3 — 10 см-дей, банан жапырағының ұзындығы 1 — 5 м, ені 40 — 50 см, цейлон пальмасы жапырағының ұзындығы 10 — 20 м, ені 12 м-ге дейін. Жапырақтың сыртқы құрылысы — Жапырақ тақтасынан (алақанынан) және сағақтан тұрады.
Жапыраққа беріктілік, серпімділік қасиет беретін, оның “қаңқасын” құрайтын талшықтар жапырақ жүйкесін құрайды. Жапырақ жүйкесінің құрамында әр түрлі клеткалардан құралған негізгі өткізгіш ұлпа — ксилема; өсімдікте органикалық заттарды таситын және өсімдіктің арнайы мүшелерінде (жер асты тамырында, өсу нүктесінде, жемісі мен дәнінде, т.б.) қор жинауға қатысатын түтікті-талшықты күрделі ұлпа — флоэма болады. Жапырақ сағағынан тақтасына қарай жалғасып жатқан өткізгіш шоқтар — орталық жүйке деп аталады, ал одан жан-жаққа таралған жанама жүйкелердің орналасуына қарай жүйкелену бірнеше типке бөлінеді: қауырсын тәрізді торлы жүйкелену — орталық жүйкенің жан-жағын жанамалап жатуы (тал, терек, алма, алмұрт, шие, т.б.); саусақ салалы жүйкелену — негізгі орталық жүйке бір жерден басталып, жапырақ жиегіне дейін саусақ тәрізді салаланып таралуы (үйеңкі, бегония, т.б.); параллель (қатарласа) жүйкелену — талшықтар жапырақтың ұшына қарай қатарласа созылуы (барлық астық тұқымдастары), доғалы жүйкелену — жүйкелер жапырақ тақтасының түбінен шығып, жапырақтың ұшына жеткен кезде доға тәрізді бір-бірімен соқтығысады (інжугүл, жолжелкен.)
Жапырақтың құрылысы
Жүйкелену - деп өткізгіш шоқтардың жапырақ тақтасына орналасуын айтады .
Олардың қызметі:
Жапырақ қабаттарына су мен онда еріген минералды тұздар жеткізіледі ;
Органикалық заттар басқа мүшелеріне таратылады;
Жапыраққа беріктік қасиет береді.
Жүйкеленудің типтері:
Қауырсын тәрізді торлы жүйкелену негізгі орталық жүйкенің жан-жағынан жанама жүйкелер теңдей таралады. Майда жүйкелері торлап жатады.
Саусақ салалы жүйкелену орталық жүйке бір жерден басталып жапырақ жиегіне дейін саусақ тәрізді саланып таралады.
Параллель жүйкеленуде жүйкелер жапырақтың ұшына дейін қатарласа созылады .
Доғалы жүйкелену жапырақ тақтасының түбінен қатарласа шыққан жүйкелер , жапырақ ұшына жеткенде доға тәрізді бір -бірімен түйіседі .
Жапырақтың сабақта орналасуы 3 түрлі болады:
Кезектесе орналасу. Сабақтың әр буынында 1 жапырақ болса - кезектесе орналасу деп аталады.
Қарама қарсы орналасу. Бір буында екі жапырақ қарама-қарсы болса- қарама қарсы орналасу деп аталады
Топтаса орналасу. Бір буында үш-төрт жапырақ болса - топтаса орналасу деп аталады
Тамыр — тұқымды және жоғары сатыдағы споралы өсімдіктердің (мүктен басқасы) топыраққа бекіп, одан су, қоректік зат сіңірген, оларды бірқатар бастапқы өзгеріске түсіретін, зат алмасуда пайда болған кейбір заттарды бөліп шығаратын негізгі вегетативті орган.