Заңсыз миграциядан төнетін қауіп-қатерлер Көрші елдердегі саяси-экономикалық жағдай, жұмыссыздықтың белең алуы азаматтарын өзге елдерден баспана, күнкөріс жайын іздеуге мәжбүр етуде. Дүниежүзілік даму банкінің мәліметінше, Қазақстанға Орталық Азия мен ЕЭО құрамындағы мемлекеттерден мигранттар көптеп келеді. Және олардың саны жыл сайын артып отыр. Бір деректерге қарағанда, соңғы бес жылда мигранттар саны он есеге көбейген. Бейресми дерек көздері олардың саны бір миллионнан асатынын айтады. Жалпы, миграция заңды және заңсыз болып екіге бөлінеді. Соның ішінде заңсыз миграция қай елдің болмасын әлеуметтік-экономикалық дамуындағы күрделі мәселенің бірі болып табылады дер едім. Неге олай деймін? Себебі заңсыз миграциядан төнетін қауіп-қатерлер болады. Оған дәлелдерім: біріншіден, елге астыртын, заңсыз келгендердің қатысуымен орын алатын қылмыс саны артуы мүмкін. Олардың арасында өз елінде заңға қайшы әрекет жасап, қашып жүрген қылмыскерлер тіпті, арасынан аса ауыр қылмыс жасағандары да болуы ықтимал. 2013 жылы Алматы қаласында бір үйлі жанды қырып салған, 2014 жылы Ақтауда,Павлодарда болған қылмыс жасаушылар да заңсыз мигранттар екені белгілі.
Екіншіден, заңсыз миграциямен бірге олардың діни ұстанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері келеді. Ал ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілімізге сырттан келген үрдістер енген соң, бұл еліміздегі ұлтаралық қатынастарды шиеленістіретіні анық. Соңғы кездері елімізде діни экстремистік бағыттағы топтар кездеседі. Бұл да шеттен келген мигранттардан туатын тағы бір қауіп деп айта аламын.
Үшіншіден, заңсыз миграциядан арзан жұмыс қолы күші көрініп, өз халқымыздың ішіндегі жұмыссыздықтың азаймауына әкеледі. Бұдан ішкі тұтыну сұранысы өспейді, онымен қоса экономиканың өсуіне кері әсерін тигізеді. Бұл менің өзіндік ойым болғанмен,
Қазақстан Республикасының «Ұлттық Қауіпсіздік туралы» Заңында: Миграция ағымының бақылудан, реттеуден шығып кетуі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екендігі туралы жазылған.
Қорыта келе айтарым, әлем тарихында миграция әсерінен белгілі бір ұлттардың өз мемлекетінде үлес салмағы азайып, орнына өзге ұлттар басып алғаны факт болып табылады. бүгінгі күн мемлекет үшін бұндай қауіп туып тұрмағанның өзінде заңсыз миграция біздің ішкі тұрақтылығымызға кері әсер етіп, әлеуметтік тартыстың себебіне айналуы мүмкін. Осыған байланысты мемлекеттік органдар осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет. (299 сөз)