Химиялық жолмен үгілгенде тау жыныстарындағы минералдардың құрамы өзгеріп, жаңа минералдар түзіледі. Бұл процесстің негізгі себебі — құрамында көмір қышқылы мен оттегі мол атмосфералық су. Химиялық үгілу процесі тау жыныстарының суда еруінен және одан әрі тотығуынан басталады да, сапасы жағынан жаңа минерал қосылыстары пайда болуымен аяқталады. Сөйтіп, ұсақ бөлшектерге ыдыраған осы минералдар қайтадан өзара қосылысқа түсіп, жаңа жыныс құрайды.