Шәкәрім ҚұдайбердіұлыҚазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі — Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан. Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты шарты туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат — ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар. Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея — жанның мәңгілігі. Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи, Абай мен Мағжан жалпы Шығыс ғұламалары бойынша, адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен айқындалады. Әйтпесе өмір мазмұны жануарлық күн көруден алыс кетпек емес. Әлем мен адамға бағыт беретін жол көрсетуші, мәңгілік пен шексіздіктің кепілі — Нұр. Оған адамның жай ақылы жетпейді, оны аңғару, түсіну, жан дүниеңмен қабылдау қажет. Өтпелі өмірден мәңгілікке (фәниден бақиға) көшу, басқа сөзбен айтқанда, бұл дүниеден кету дегеніміз адам жанының Нұрға қосылуы. «Жан, — дейді Шәкәрім, — менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп барлықтың ішінде бар болып жүреді». (Үш анық. — Әлем, 39-бет). Осы негізгі шығармасын Шәкәрім ұзақ дайындықтан соң жазған және ол Жаңа замандағы қазақ кәсіпқой философиясының алғашқы туындысы болып табылады. Бұл шығармада айтылған ойлардың сыры мен астарлы қатпарлары мол. Батыстағы материализм және идеализм тәрізді екі анықпен Шәкәрім шектелмей, өз жолы — үшінші анықты ұсынады:
Еңбекпенен, өрнекпенен Өнер ойға тоқылса, Жайнар көңіл, қайнар өмір Ар ілімі оқылса. Яғни, басты мәселе — ар ілімі, моральдың төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің «ар ілімі» деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі — ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді келтірейік: «Әрине, жаның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек. Ӏзін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе Жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы — ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жардамы үш анық дегенім осы». (Үш анық. — Элем, 44— 45-бет). Шәкәрімнің ұжданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі «каллокагатия», И. Канттың «кесімді императив» ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім.