1. 19 ғасырдағы халық ағартушылық классиктерін кем дегенде екі негізгі философиялық көзқарастары



бет2/2
Дата03.02.2023
өлшемі19,67 Kb.
#65102
1   2
Байланысты:
1-сұрақ

Абай Құнанбаев (1845-1904 жж.) – ұлы ақын, жазушы, ағартушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы. Оның өмірі мен шығармашылығы руханилықтың жоғары үлгісі болып табылады. Әлі күнге дейін халық Абайды ұлттық ар-ұжданы деп есептейді. Өмірінің соңында ол барлық адамдар секілді өзіндік тоқтамға келеді. Адам қылып жүрген ісінің баянсызын, байлаусызын, қоршылық екеніне күші кетіп, жаны қажыған кезде көзі жететіндігін айтады. Оның шығармашылығының басты ұраны «Адам бол!» қағидасына құрылады.
Адам Құдайға тән барлық қасиет-сапаларға әуел бастан ие болып дүниеге келеді. Бұл қасиет-сапалар өсіп-өнетін қасиетке ие. Оны саналы түрде дамытса, адам Құдайға жақындай алады және – толық адам болу арқылы Құдайға жақындауы тиіс. Толық адам болып өзіңді-өзі жетілдіруде ең бастысы – ешкімге зияныңды тигізбеу. Ол адамның басты міндеті – жақсы көру арқылы іске асқанда ғана мүмкін болады. Абайдың ойынша, адам Құдайдың сүйіктісі болғандықтан да, адам да ең алдымен Құдайды, содан кейін – адамзатты, сосын – әділдікті шексіз сүюге үйренуі тиіс. «Шын мәнісінде Абай үшін Құдай – бәрінен де жоғары тұрған адамгершілік заңы болып саналады». Құдай туралы ойларында Абай исламды және мұсылмандық фатализмді дәріптеуден аулақ. Ол макро және микрокосма, әлем және адамның тұтастығын сопылық-тәңірлік тұрғыдан түсіндіруге жақын.
Абайдың «Адам бол!» деген идеясындағы «адамдық адамгершілікпен, рухпен бірегей ұғым және ол «боқ дүниеден» бөлек нәрсе, бұл ойлары адамның қайшылықты, әрі екі жақты табиғатына меңзейді». «Идеалдылық ұғымын қозғаушы күш ретінде және материалдылықты идеалдылықпен біртұтас» деп түсіндіру арқылы Абай орыстың діншіл философтары Вл.Соловьевтің, П. Флоренскийдің, Н. Бердяевтің көзқарастарына жақындайды.
Абай әлемдік қана емес, ең алдымен көшпенділер мәдениетінің өкілі ретінде сөз қадірін терең түсінеді. Оның өлеңдері «бата» – өсиеттерімен, өнегесімен құдіретті. Бүгінде оның қарасөздері өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ, ол әлі күнге халыққа жақын. Абай онда қазақ халқының мәдениетіне негізін құрайтын сөз құдіреті мен ата-бабалар рухын – даналықтың көзі екенін шебер жеткізе алған. Ол мәдениеттің осы екі қазығын құштар, қайратты, адамгершілікті, әрбір ерікті көшпенді сияқты өзін әлемнің және Аспан мен Жердің арасын байланыстырушысымен деп сезінетін толық адамның образымен байытты. Тағдырдың бұйрығымен ХІХ ғасырдағы өмірге «куә» болған бұл эпикалық кейіпкер Абайдың ойынша, Ақылы мен Қайратына, Жүрегіне бағынып, қазақ мәдениетіндегі ғарыштың орта, жоғары және төменгі деңгейлеріне жетеді, сөйтіп, микро және макрокосмостың үйлесімділігіне ие болады. Өз өлеңдерінде осыны бағдарға алған Абай замандастарына бұл өмірде қайтсе тірі қалып, «толық адам» болудың жолын көрсетеді. Сонымен қатар, ол ескі рулық-таптық қоғамның қалдықтарын, адам болмысының толық жетілмегенін, адам баласының құлдық сезім мен жалқаулықтан, біреулерінің сараңдықтан, ал екіншілерінің уайымсыз, салғырттықтан арыла алмай жатқанын тура айтады. Абай ата-бабаларымыздың жақсы мінездерін дәріптеп, әлем мәдениетіне жетеледі, лайықты өмірге шақырды.
Абайдың ойынша, адам дүниеге келгенде екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деген тәннің құмары, онсыз сәбидің тәні жанға қонақ үй бола алмайды, өзі де өспейді, қуат таппайды дейді. Екіншісі – білсем екен демек. Адам дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайтынын айтады. Адам жанының хайуан жанынан басты айырмашылығы да осында, ақыл мен ерік-жігерге ие болуында. Абайдың сөздеріне жүгінетін болсақ, адам өзге тіршілік иелерінен өзінің ақылымен, ерік-жігерімен және табиғи, әлеуметтік табиғатымен ерекшеленеді.
Абай қарасөздерінде халықты қанап отырған болыстар мен билер туралы жиіркенішпен айтады. Жиырма екінші қарасөзінде «Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ» дейді. Бірақ Абай өзі біраз жыл би болып, халықтың шексіз сенімі мен махаббатына, құрметіне ие болды.
Шоқан Уәлиханов сияқты Абай да болыстар мен билерді сайлаудың өзіндік реформасын ұсынды. Ол болыс билеушісінің қазақша да, орысша да білім алған адам болса екен деп армандады. Оның халықпен ұзақ мерзімге сайланып, халықтың мүддесін қорғағанын, пайдалы еңбекпен, кәсіппен, ағартушылықпен айналысқанын қалады.
Оқу мен білімді, ғылымды Абай ең бірінше орынға қойды. Ғылымсыз екі дүниеде де жетістікке жету мүмкін емес деді. Қырық бесінші мынадай сөздермен аяқталады: «Ғаделет, махаббат, сезім кімде көбірек болса, сол кісі – ғалым, сол – ғақил».
Ал қырық бірінші сөзінде «Ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хатта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып көзден қалғанда түзелсе болар еді» дейді.
Абай өзінің өлеңдерінде патша отаршылдары мен олардың саясатын орыс халқынан және оның демократиялық мәдениетінен ажыратып қарауға үйретті. Абай туған халқына пайда әкеліп, әлем мәдениетімен үндесу үшін орыс тілі мен мәдениетін, ғылымын үйренуге шақырады.
Абайдың философиясы қоғамда сенім, махаббат пен ақыл, адамгершілік, арлылық, жауапкершілік, өзгені құрметтеу, адамды сүю, бірімге талаптану сияқты гуманистік құндылықтарды нығайтуға бағытталады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет