Әдебиеттану саласында сөз өнерінің туындыларының идеялық құндылықтарын, көркемдік ерекшеліктерін, соны жаңалықтарын, қоғамдық сананы дамытудағы қызметін, құрылымын, тілдік ерекшеліктерін және т.с.с. маңызды жақтарын талдаған еңбектердің айрықша құндылыққа ие екені белгілі. Соған орай жоғары оқу орындарында «Әдеби талдау негіздері» атты арнаулы пән оқытылатыны мәлім.
Әдеби мәтінді талдауға әлем көлемінде ертеден бері қарай айрықша көңіл бөлініп келгенін білеміз. Бұндай еңбектердің авторлары ежелгі дәуірдің Аристотель бастаған ғұламаларының еңбектерінен үлгі ала отырып өздерінің көптеген соны көзқарастарын көпшілікке танытқаны – ақиқат. Түркі дүниесі мен мұсылмандар әлеміне әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидың тұжырымдамаларының орны бөлек.
Ал, орыс әдебиетінде орыстың ХІХ ғасырдағы революлионер-демократтарының орны бөлек екені түсінікті. Әсіресе В.Г.Белинскийдің орыс әдебиетінің классиктерінің, оның ішінде А.С.Пушкиннің шығармаларын талдаған еңбектерінің әдістемелік құндылығы зор.
ХІХ ғасырдағы Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсаринді атай отырып, Алаш әдебиетттануының озық тәжірибелеріндегі, яғни, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, С.Сәдуақасов, М.Дулатов, т.б. зерттеулеріндегі негізгі ғылыми тұжырымдамаларға, М.Әуезовтің Абай мұрасын зертттеу тәжірибелеріне, кеңес дәуіріндегі көрнекті әдебиеттанушылардың еңбектеріне тоқталып өткен жөн...
Ғылыми ақпаратар дерекөздерімен танысу барысында қалыптасады. Әдебиеттанушылар үшін негізгі дереккөздері ең алдымен сөз зергерлерінің туындылары, баспадан шыққан жарияланымдары, қолжазба мұралары болып табылады. Қосымша деректер қызметін жазушының хаттары немесе сыни баяндамалары, күнделіктері, өзінің естеліктері және замандастарының ол туралы естеліктері, оған жазылған хаттар, оның кітапханасы, шимай-шатпақ жазбалары, қойын дәптерлері және оның өмірі мен қызметі туралы өзге де мәліметтер атқарады. Құнды деректер қатарына сыни және ғылыми, ғылыми-әдебиетанушылық әдебиет, сыншылардың мақалалары, әдебиет тарихшыларының еңбектері жатады.
Қазақ әдебиеттануындағы ғылыми ақпарат жинау мен оларды қорытудың және пайымдаудың озық тәжірибелеріне сүйену керек. М.Әуезовтің Абайдың шығармашылығы мен жеке өмірбаяны жөніндегі зерттеу еңбектеріне, қазақ сөз өнері үлгілерінің текстологиясы саласында атқарылған жұмыстарға орай жинақталған тәжірибелерге тоқтала отырып, әдебиетіміздің «ақтаңдақ беттерін» толықтыру мақсатында қарастырылған ғылыми ақпараттарды қарастырған жөн.
Әдеби зерттеу әдістемесінің сапасын арттыруға шәкірттердің университет қабырғасында қатысқан әдеби-фольклорлық практикаларға тыңғылықты қатысуы, ғылыми экспедициялар құрамында болуы және ғылыми еңбектерді үзбей оқу арқылы қажетті ақпаратттармен, ғылымның соңғы жетістіктерімен танысып, сол еңбектерде көрсетілген әдіс-тәсілдерді өз ізленісі барысында пайдалануы жақсы әсер етеді.
Қазақ сөз өнері үлгілерін жинап, зерттеу жөніндегі экпедициялық жұмыстардың В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, т.б. көрнекті ғалымдардың еңбектерінен бастау алған озық тәжірибелеріне және нәтижелеріне назар аударған дұрыс. Оқу орындарында ұзақ уақыттан бері қарай жүргізіліп келе жатқан әдеби-фольклорлық практикалардың жас шәкірттердің зертттеушілік жұмыстың әдіс-тәсілдерін меңгеруіне, әдебиеттанушыға қажетті дағдыларға ие болуына ететін әсері мол. Сөз өнері үлгілерін экспедициялық тәсілмен жинаудың, фольклорлық практиканы атқарудың әдістемесі туралы ғылыми еңбектер де бар.
Қазіргі кездегі қазақ әдебиеттанушыларының көркем мәтінді талдау жөнінде атқарған қызметтері орасан. А.Ісімақованың, Т.Есенбековтің, Б.Ыбырайымовтың, Г.Пірәлиеваның, Б.Омарұлының және т.б. зерттеушілердің негізгі тұжырымдамалары басшылыққа алуға болады.
Әдебиеттанудың басты методологиялық қағидаларының қатарына сөз өнерінің туындыларын белгілі бір жүйе есебінде қарастыру да жатады. Күнделікті өмірде, оқып-үйренуде, өнерде жиі кездесетін бұл «жүйе» деген сөздің қолданылу аясы, нақты тіркестегі мән мазмұны әрқалай. Әдебиетші ғалымдар пікірі соңғы кезде мынадай ортақ ойға ойысқандай: жүйе/ система/ – тегі әр түрлі немесе әр сипаттағы элементтердің белгілі бір қарым-қатынастар арқылы орныққан бірлігі мен тұтастығы. Жүйелі зерттеуге структуралық талдау қызмет етеді, өйткені структура – жүйені ұйымдастырудың, оның элементтерінің арасындағы ретті қарым-қатынасты үйлестірудің түрі деп түсіндіріліп келеді. Структуралық талдауды көркем мәтіннің мазмұнын танудың бірден-бір оңтайлы жолы деп қарау кейде ой қолаңдығына апарып соқтыруы мүмкін, сондықтан оны туындыны тұтастыра талдаудың бір түрі ретінде ғана пайдаланудың қисыны бар.
Көркем мәтінді жүйелі қарастыру қағидаларын жеке шығарманы зерттеуде тиімді қолданудың тиімділігі мол, бұл жағдайда пішіндік тұтастықты қамтамасыз етіп тұрған бөлшектердің өзара үндестік тауып, ортақ бір мазмұнды діттеуі үшін автордың суреткерлік таланты мен шығармашылық ізденістерінің қызметіне назар аудару керек.
Жеке мәтін жазушы шығармашылығының жүйелі құрамына кіретін болғандықтан, алдымен оның осы жүйе арасындағы орнын анықтап алу керек. Ал жазушы шығармашылдығы тұтас жүйе ретінде ұлттың әдебиеттің жүйесінің құрамына енетіндіктен, енді әрі қарай әдеби бағыттар жүйесі, ұлттың әдебиеттер жүйесі туралы келелі, жан-жақты ой түюге негіз жасалады.
Әдеби жүйе деген ұғым көркем әдебиеттің ұлттық мәдениеттің басқа салалары дін мен ғылыми, қоғамдық сана мен ауыз әдебиетіне деген қарым-қатынасын да қамтиды. Сонымен қатар, бір ұлттық әдебиетті басқа елдердің мәдениеті мен сөз өнеріне қатысты жүйелеу арқылы да зерттеуге болады. Ең бастысы – әдебиеттің жүйелілігін зерттеуде оның тарихи болмыспен байланысын жан-жақты анықтап алған дұрыс.