27
1.3 Мұстафа Шоқайдың қызметі мен мұрасындағы Түркістан
халықтарының ұлттық тәуелсіздігі мен тұтастығы мәселесі
Түркістан халықтарының XX ғасырда жүріп өткен жолы мен
тарихи тәжірибесін қорыту ісінде Мұстафа Шоқай мұрасының ала-
тын орны ерекше. Сондай-ақ бұл қайраткердің өмірі мен қызметін
Түркістандағы жеке бір халықтың мүддесімен ғана байланысты
қарау мүмкін емес. Мәселен, М. Шоқай өзінің туған елі қазақ
халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері тұрып
келе жатқан туыс өзбек, қырғыз, түрікмен және басқа халықтардың
тәуелсіздігінен бөліп алып қараған емес. М. Шоқай үшін Түркістан
халықтарының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі
бірінсіз бірі жоқ егіз ұғымдар.
М. Шоқай Түркістанда XIX ғасырда әкімшілік басқару жүйесі
ретінде орныққан орыс билігіне сын көзбен қарады. Ол өзінің «Ақ-
қызыл» аталатын мақаласында «...патшалық Ресейдің жарты
ғасырлық үстемдігі кезінде Түркістанға ешқандай бір жаңартқыш
сипаттағы рухани ағым енген жоқ. Тіпті заман талабы тұрғысынан
қарағанда атамекеніміз кері кетті» /3, 152 б./, – деп жазды.
Саяси өмірде бүкіл жергілікті билік отаршыл әкімшіліктің қолына
ауысты. Ресей империализмі мұнда біржола орналасу әрекетіне
көшті, яғни ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аударып келген орыс
және басқа европалықтардан біртіндеп сандық тұрғыдан Түркістан
халқының басым бөлігін құрып орыс билігінің жергілікті тірегіне
айналуға тиіс болды. Ал түркістандықтар әлемдік өркениеттен тыс
қалған «түземдіктер» есебінде өзінің «қарабайыр» өмір салтынан,
тіршілігінен бас тартып, орыстану жолына түсуі керек еді. Бүкіл ақпа-
раттық құралдарды қолына шоғырландырған метрополия еуро-
палық қауымдастықтың көз алдында Түркістанның жергілікті жұрты
жөнінде жаңа техника мен технологияны, қоғамдық қатынастар
мен мәдениетті қабылдауға құлықсыз, оған қарсы «түземдіктердің»
бейнесін жасап, ал өзін тіптен мұнда, яғни Түркістанға еуропалық
өркениетпен өмір салтын әкеліп енгізуші етіп көрсетуге тырысты.
Ежелгі замандардан әлемдік орталықтармен тікелей байланыста
болып келген Түркістан енді басқа батыс және шығыс елдерімен
тек Ресей арқылы ғана қатынаса алатын еді. Енді ғана өнеркәсіптік
даму жолына түскен Ресей болса Түркістанды тек арзан шикізат
көзі және өзі өндірген тауарларды өткізетін рынок деп білді. Міне,
осындай жағдайда Түркістан 1917 жылғы төңкерістерге жетті.
Патшалық биліктің құлауы, оның артын ала 1917 жылдың
соңында орнаған кеңестік билік, оның отаршылдық мазмұндағы
28
алғашқы аяқ алысы «бүтін Түркістан» идеясының осы тарихи ке-
зеңдегі көрінісіне тән мынадай ерекшеліктерін атап айтқан жөн.
XX ғасырдың басы жеке түркі халықтарының өздерінің дер-
бес ұлттық мемлекетін құруға ұмтылушылығымен сипатталады.
Мұндай тенденция, мәселен, қазақ, татар, башқұрт жэне басқа
халықтардың зиялыларының саяси қызметінен анық байқалды.
«Алашорда» мен «Еркін Башқортостан» соның көрінісі болатын.
Жеке түркі халықтарының дербес мемлекеттікке ұмтылуы олар-
дың бірнеше ғасырлық жетілуінің нәтижесі болатын, сондықтан да
табиғи құбылыс есебінде қабылдануға толық құқылы.
Дегенмен бұл жағдай «бүтін Түркістан» идеясының жаңа сапа-
да қайта жаңғыруына кедергі бола алған жоқ. XX ғасырдың алғашқы
ширегінде бұл идея, біріншіден, түркі зиялыларының екі буынының
(патшалық билік тұсында қалыптасқан және кеңестік билікке
тартылған зиялылардың) бірдей қызметіне арқау болса, екіншіден,
сол бұрынғыдай кең географиялық ауқымда көрініп, яғни батысын-
да Еділ мен Жайықтан бастап, шығысында қазақ даласы мен қырғыз
Алатауы аралығындағы түркі жұрттарын түгел қамтыды.
XX ғасырдың басындағы жалпытүркілік азаттық идеясының күш
алуына татар (қырымдық және қазандық) және башқұрт халықта-
рының зиялылары біраз еңбек етті. Бұл табиғи құбылыс болатын.
Өйткені орыстық отарлық езгінің ең алдымен басынан өткерген, сон-
дықтан да онымен күрестің бағасын терең ұғынған және осы жолда
біраз тәжірибе жинаған да осы халықтар еді. Исмаил Гаспирин-скийдің
«Тәржіман», Фатих Каримовтың «Уақыт» газеттері, татар зиялылары
ұйымдастырған баспаханалар, олар бастап берген жаңа әдістік оқыту
жүйесі белгілі дәрежеде жалпытүркілік азаттық идеясының қайта жаң-
ғыруына қызмет жасады. Зеки Велиди Тоған өзінің естеліктерінде
1905-1907 жылдары белгілі ақсүйек сұлтан ұрпақтары Галиасқар
Сыртланов пен Сәлімгерей Жантөриннің ресейлік түркілердің
«территориялық автономия» құқы үшін күресіне қолдау жасап, со-
лардың көмегімен Габдрашид-Қазый Ибрагимовтың «Автономия»
деген кітапша бастырып шығарғандығын айтады /13/. Осы сияқты
әрекеттерге кейіннен бүкіл ресейлік түркі зиялыларының арасында
үлкен беделге ие болған федералистер қозғалысына ұласты.
Дегенмен, XX ғасырдың бас кезіндегі ресейлік түркілік азаттық
қозғалыстың болмысы бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда анағұр-
лым күрделене түскендігін мойындау керек. Басқаша айтқанда, ол
көзқарастық тұрғыдан тек бір бағытқа бет бұрған қолдаушылардан
тұрмайтын. Империя көлемін түгелдей қамтыған түрлі саяси ағымдар
түркі халықтарының азаттық қозғалысына да өз ықпалын тигізуге ты-
рысты. Олардың арасында кадеттер партиясы, социал-демократтар,
29
дін үшін қозғалыс және басқалары бар еді. Осы тарихи кезеңдегі
азаттық үшін күрес тәжірибесін таразылаған Мұстафа Шоқай оның
мынадай үш кемшілігін көлденең тартады. Олар: біріншіден, түркі
елі зиялыларының орыс революцияшыл демократтарына сеніп,
оған арқа сүйеу арқылы бостандық алудан үміттенуі; екіншіден,
ендігі бір топтағылардың «саяси табысқа дұға арқылы жететініне»
сенгендігі; үшіншіден, бұларға қосымша қозғалыс басшыларында са-
яси кемелдіктің жетіспегендігі, жалпы қозғалыстың басын біріктірер
ортақ бағдарламаның болмауы, өзара түсінісе алмаушылықтың етек
алуы еді.
М.Шоқай бұл жасаған тұжырымдарын анықтай түсіп, тарихи
шындықтың терең қатпарына жетелейтін мынадай қорытындыға
келген болатын: «Кейінірек құрылып, аз уақыт өмір сүрген түрлі ұлт-
тық тәуелсіз үкіметтердің (бұл арада алдымен Қоқан автономиясы,
Алашорда, Башқортостан республикасы және басқа үкіметтерді ай-
тып отыр – авт.) тәжірибесі бізге бір жағынан орыстың төңкерісшіл де-
мократиясына деген жалпы сеніміміздің жаңсақтығын дәлелдеді. Ал
екінші жақтан, ашығын айту керек, қандай да бір елде аз халықтың өз
мемлекетін құрып, оны Ресей империализмі шеңгелінен өз күшімен
қорғай алуы секілді пікірдің де жаңсақ екендігін көрсетті» /14/.
Кеңестер билігі біржола салтанат құрғаннан кейінгі уақытта,
анығырақ айтқанда 20-шы жылдары тұтас түркі елінің азаттығын
қамтамасыз ету әрекеті енді кеңестік билік шеңберінде өз жалғасын
тапты. Сондай-ақ, бұл қозғалыстың басында тұрған жаңа саяси
элита көп ұзамай-ақ, яғни XX ғасырдың 20-30-шы жылдары бұл
іргелі мақсатқа жаңа кеңестік билік жағдайында кол жеткізу мүмкін
еместігіне көз жеткізіп үлгірген болатын.
Метрополия да қазан революциясы жеңе салысымен оның
ізінше Ташкенде болып өткен советтердің түркістандық өлкелік III
съезі ұлттық автономия идеясын қабылдай алмайтындығын ашық
көрсетті. Съезд өлкедегі биліктің 14 адамнан тұратын Түркістан Ха-
лық Комиссарлары Кеңесінің құзырына өтетіндігін мәлімдеп, тек
еуропалық халықтардың өкілдерінен тұрған үкімет құрамын бекітті,
ал орталық билік пен В.И. Ленинге жолдаған жеделхатында өзінің
негізгі міндетін орталықтың барлық декреттерін өмірге енгізіп отыру
деп белгіледі.
Міне, осындай жағдайда 1917 жылғы қарашада Қоқан қаласында
болып өткен IV төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін
жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат
тұтқан автономия жариялап, сонымен бірге оның құрамындағы
«тұрып жатқан басқа да халықтардың құқығы толық сақталатындығын
салтанатты түрде мәлімдейді» /15/.
30
Съезд құрған Түркістан Уақытша Кеңесіндегі 54 орынның үш-
тен бірі (18) сол тұстағы Түркістан халқының 7 процентін құраған
еуропалық тұрғындардың үлесіне тиді /16/.
Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі Түркістан
халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке
ұмтылысының көрінісі болатын. Бірақ большевиктер билігі жергілікті
жұрттың мұндай табиғи талабымен есептескен жоқ, Қоқан қаласын
қанға бояп, автономия үкіметін күшпен таратып жіберді. Бұл жолғы
түркістандықтардың еркін білдіруші патшалық билікпен күресте
қалыптасқан ұлт зиялылары еді. Олар қоғамдық мәселелерді шешу-
дің большевиктік бағдарламасын қуаттамады, ал Түркістан жұртына
ұлттық автономия талап етіп, жергілікті мәселелерді халықтың
тікелей қатысуымен құрылған билік арқылы шешуді көздеді. Міне,
осы платформада тұрған түркістандық саяси элитаның басында
Мүннәуәр Қари, Махмут қожа Бехбуди, Мұстафа Шоқай және басқа
көзқарастық тұрғыдан біркелкі емес кісілер тұрды.
Бүтін және азат Түркістан платформасын қолдап, сол үшін
кызмет жасаған кеңестік зиялылардың арасынан ең алдымен,
әрине, Мирсаид Сұлтанғалиев пен Тұрар Рысқұловтың қызметі
бөліп атауға лайық. Бұл арада олардың қарап отырған мәселеге қа-
тысты пікірлеріне толық тоқталу мүмкін емес. Сондықтан аталған
қайраткерлердің мәселеге қатысты негізгі тұжырымдарына ғана
көңіл аударайық. Т. Рысқұлов ол жөнінде өзінің «Түркістанның авто-
номиялығы туралы тезистерінде» мынадай ойды айтады:
«1-бап. Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд және Закаспий
облыстарынан тұратын Түркістан-Қырғыз (қазақ), өзбек, түрікмен,
қарақалпақ, қыпшақ, татар, тараншы (ұйғыр), дұңған және т.б. сон-
дай-ақ түрік тұқымдас емес тәжіктер мен түздік еврейлерді қоса
отырып түркі халықтарының елі (отаны) деп саналсын, ал қалған
орыс, еврей, армян және тағы басқалары келімсек элементтер деп
есептелсін» /17/.
«4-бап. Қазіргі социалистік құрылыс кезінде территориялық қа-
на емес, сондай-ақ ұлттар арасындағы шекаралық белгілер де бірте-
бірте жойылатын уақытта, Түркістанның бес облысының шегінен
тұратын географиялық шекарасы қандай да бір тұйықталған ше-
кара деп саналмай, қайта Түрік Кеңес Республикасының құрамына
мүшелікке өткісі келетін жаңа республикалардың қабылдануына
мүмкіндік бар деп есептелсін...»
«6-бап. Еңбекшілер мен қаналған халықтарды интернационал-
ды жолмен біріктіру мақсаты үшін түркі халықтарының: татар, қырғыз
(қырғыз және қазақ), башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке
ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын коммунистік үгіт жолы-
31
мен жою және біртұтастық мақсаты үшін РСФСР құрамына кіретін
басқа түркі халықтарын Түркі Кеңес Республикасының төңірегіне
топтастыру қажет, ал бұған жету мүмкін болмаған жағдайда жеке
түркі халықтарын белгілеріне қарай өзара біріктіруге ұмтылу ке-
рек» /17, 131-133 бб./.
1920 жылы қаңтар айында Ташкенде болып өткен Мұсбюроның
үшінші төтенше конференциясының талқысына түсіп қабылданған
бұл тезистер бойынша Түркі Республикасы кеңестік негіздегі ұлт-
тық автономия болуы тиіс еді. «Ұлттық» және «мемлекеттік» де-
ген ұғымдардың большевиктік платформаға өзара сиыса алмай-
тындығы түсінікті. Дегенмен, кеңестік биліктің алғашқы жылдары
бұл ұғымдар өзара сиыса алады деп түсінген қайраткерлердің
болғанын жоққа шығара алмаймыз.
Тұрар Рысқұлов пен оның пікірлес серіктері ол кездегі мем-
лекеттік билікті ғана емес, тіптен коммунистік партияны да ұлттық
негізде құруға болады деп сенді. Т.Рыскұловтың аталған тезис-
терінде болашақ Түркі Республикасындағы коммунистік ұйымды
«Түркі халықтарының Коммунистік партиясы» деп атауды ұсынуы
соның көрінісі болатын /17, 136 б./. Тура осындай пікір Түркі Рес-
публикасының әскері туралы да айтылды.
Қорыта айтқанда, Түркі Республикасы болашақта ресейлік
түркілердің басын біріктіретін Ресей Кеңестік Федеративтік Респуб-
ликасы құрамындағы түркілердің өзін-өзі басқаруын қамтамасыз
етуге тиіс автономиялық принципке негізделген мемлекет. Бұл
арада көңіл аударуға лайық мәселе Түркі Республикасы басқа
түркі мемлекеттік құрылымдары үшін үнемі ашық, ал болашақта
олар ұлттық белгілеріне қарай тұтас бір мемлекет шеңберінде
конфедерациялық негізде біріге алады. Кеңестік биліктің кейінгі
жылдардағы бет алысы көрсетіп бергендей Т.Рысқұловтың пікірі
революциялық энтузиазмнен туған сол тарихи кезеңдегі советтік
шындықтың өгей баласындай құбылыс еді. Империяның астана-
сында болсын, оның жергілікті билік орындарында болсын оған
құлақ түріп, жылы шырай танытатын жоғарғы құзырлы мекеме де,
жеке басшылар да жоқ еді. Оны Сұлтанғалиевтің пікірі бойынша,
Ресей Рим империясы, Араб халифаты, Шыңғыс хан, Темір және
Осман империялары жүрген жолмен жүріп, ыдырауға ұшыраған им-
перия. Оның орнына келген КСРО-да мәңгі емес, өткінші құбылыс.
Бұлардың сілемінде дербес мемлекеттік құрылымдардың бой
көтерері анық және ол табиғи нәрсе. Міне, осындай тарихи жағдай-
да КСРО құрамындағы түркі халықтарының бүтін бір мемлекеттік ор-
ганизмге бірігері хақ. Оған болашақта іргедегі Шығыс Түркістанның,
Ауғанстан мен Персиядағы түркі аудандарының ыңғай білдіруі
32
толық ықтимал. «Менің пікірімше, – деп жазды М.Сұлтанғалиев,
– әлемде бұл процестің одан әрі тереңдей түсуін тоқтата алатын
күш жоқ, өйткені өзінің ішкі мазмұны жағынан бұл процесс өте
прогрессивті және революцияшыл қозғалыс болып табылады. Оны
сәл соза түсуге, кедергілер қойып «тоқтата» тұруға болар, бірақ
біржола тоқтатып тастау немесе жойып жіберу мүмкін емес» /18/.
Бұл оның 1929 жылы жасаған тұжырымы еді.
М.Сұлтанғалиев Т.Рысқұлов пен М.Шоқай сияқты кеңес
үкіметінің Түркістан халықтарын жеке республикаларға жіктеу сая-
сатын қуаттай алмады және оны ашық білдірді де. «Маған... Кеңестік
билік пен партия...түркі халықтарын тайпалық белгілері бойынша
жікке бөлу саясатын қайта қараулары керек сияқты болып көрінді,
өйткені қатайып келе жатқан реакциялық күштерге түркілік ұлттық
кеңестік республикаларды біртіндеп жұтып қою жеңілірек болмақ,
ал олар бүтін болса оны істей алмайды» /18, 470 б./.
М.Сұлтанғалиев тура осы пікірді басқа бір еңбегінде тағы да
қайталады. Ол: «Москва бүтін Түркістанды экономикалық және сая-
си жағынан әлсіз ету үшін тұран халықтарын жеке ұсақ тайпаларға
жіктеуде, бірақ екі жыл да өтпей-ақ бөлшектеуге ұшыраған тұран
жұрты қайтадан бүтіндігін қалпына келтіру жөнінде айта бастай-
тын болады және бұрынғыдан да қуатты, ұйымдасқан мемлекеттік
тұтастыққа өтері хақ» /19/ – деп жазды.
Қуыршақ республикалар одағын құру сырт көзге ұлттар теңді-
гін қалайтын болып көрінгенімен, ал шын мәнінде ұлтаралық қаты-
наста сырты қызыл, іші ақ (редисочный) мазмұндағы саясатты жүр-
гізуші жаңа ұлыдержавалық бағыттағылардың әрекеті екендігін
Т.Рыскұловтың да, С.Сұлтанғалиевтың да тура түсінгендігін уақыт-
тың өзі көрсетіп берді. Қауқары жоқ, құқықсыз республикалар жасау
барлық жерде великоросстардың үстемдігін қамтамасыз ете алатын
«бүтін, бөлінбейтін Россия» жасауға апаратын төте жол еді. Бірақ
адамзаттық тәжірибе көрсетіп бергендей «бүтін, бөлінбейтін» им-
перия болмайды. Советтік империя да тек тарих шежіресі тізімінде
ғана сақталмақ империялар қатарына косылды.
Қорыта айтқанда, «түркі елі» идеясының өмірге келу мезгілі
түркі халықтарының тарих сахнасына шығып, өзін қоршаған түрлі
этникалық, мемлекеттік құрылымдармен қатынасқа түсе бастаған
біздің эрамызға дейінгі мыңжылдықтың соңы және біздің эрамыздың
алғашқы жүзжылдықтарына тұс келеді. Ал оның өмірге келіп түрлі
електен өтіп, әлеуметтік-саяси және рухани фактор есебінде
халықаралық қатынаста біржола орнығуы Тұран-Қытай, Тұран-Эллин-
дер әлемі, Тұран-Араб халифаты, Тұран-Моңғол, Тұран-Жоңғар,
Тұран-Ресей сияқты өзара сабақтас қатынастар ағымында түркі
33
халықтарының өздерінің ортақ тарихи мүддесін ұғынып, сол үшін
саналы да мақсатты түрде күрес жүргізуімен тікелей байланыс-
ты. Орталық Азия тарихында өшпестей із қалдырған түркі-қытай,
түркі-парсы, түркі-араб, түркі-жоңғар соғыстары «тұтас Түркістан»
идеясының өміршеңдік сипатын нығайта түспесе, әлсіреткен емес.
Ресей империясы Түркістанға біржола және жедел орнығып алмай-
ынша Англия және Қытай сияқты бақталастарымен күресте тарихи
ұтылысқа ұшырайтындығын жақсы түсінді».
Басқаша айтқанда, «тұтас Түркістан» идеясы түркі халықта-
рымен бірге өмірге келіп, заманалар тезінен өтіп, олар үшін түрлі
ауыр тарихи кезеңдерде қорғаныс иммунитеті міндетін атқарған аса
маңызды фактор болып келді. Ал бұл идеяның авторы жоғарыда
аталған тарих сындарынан сабақ алған түркі жұрты. Түрлі тарихи за-
маналарда бұл идеяны білдірушілер қатарында «Күлтегін» жазуының
авторы, Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Мағжан Жұмабай және
осы сияқты заңғар тұлғалар тұрды. Көне Түркістан жеріне түрлі тари-
хи дәуірлерде келіп орын теуіп, бірін-бірі ығыстыруға тырысқан діни,
таптық, этникалық, мәдени және басқа идеологиялық концепциялар-
дан «тұтас Түркістан» идеясының өміршең болғандығын өмірдің өзі
көрсетіп берді. Түркістан жұрты мен жерін ауыр азапқа салған қоғам-
дық катаклизмдерден соң бұл идея ылғи қайта жаңғырып отырды.
Мұстафа Шоқай осы тарих тезінде өмірге келіп, заманнан за-
манға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып отырған «тұтас Түркістан» (басқаша
«Ұлы Түркістан») идеясының тағдыр тартқан жаңа күрделі дәуірдегі
жалғастырушысы болды. «Түркістан» ұғымының тарихи шындық
және өмірлік сұраныстан туған қажеттілік екендігін жалынды наси-
хаттаушы ғана емес, сонымен бірге бұл идеяға өмірін арнаған ұлы
күрескер дәрежесіне көтерілді.
Көне Түркістан тарих көшінде әлденеше рет басынан өткер-
ген өзара өзектес сәттердің бірін, яғни белгілі бір кезеңде пайда
болып, енді ыдырап, тарих сахнасынан кеткен жат жұрттық импе-
рияның құрығынан құтылар жағдайды тағы да басынан кешіріп
отыр. Мұндай тарихи жағдайда туатын табиғи көп сауалдың бірі
«Түркістанның ендігі тағдыры қандай болмақ? Көп бұтақты түркі
жұрты қайткенде тәуелсіздігі мен өзге елдермен теңдігін сақтай
отырып, әлемдік өркениет жолына түспек?». XX ғасырда осындай
сауалдарға жауап іздеп, Түркістан халықтары үшін аса маңызды
болуға тиіс тұжырымдар жасаған оның адал перзенттерінің бірі
Мұстафа Шоқайұлы еді. Сондай-ақ бұл идеяға М.Шоқаймен бір
мезгілде онымен тағдырлас эмигрант отандасымыз, саяси қайрат-
кер және ғалым Зеки Валиди Тоған және басқалардың да қызмет
жасағанын айтпай өту әділетсіздік болар еді.
34
Енді Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық құбылыс ретінде өмірге
әкелген тарихи шындық, тарихи орта жөнінде. Кез-келген этностың
жер үстінде орын теуіп, халықаралық қатынастар жүйесінде өзіне
тиесілі орнын табуы оның мемлекеттік дербестік қажеттілігін
жалпыұлттық көлемде ұғынып, ол үшін мақсатты әрекетке көше
алу деңгейіне көтерілуіне тәуелді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік
дербестік сол этностың ұрпақтан ұрпаққа ұласқан рухани ізденісінің,
жасампаз игілікті еңбегінің, төккен терінің, тәуелсіздік үшін сан ұрпақ
өкілдерінің төгілген қанының логикалық нәтижесі есебінде келмек.
Жер үстінде адамзат пайда болып, саналы ғұмыр кеше бастағаннан
бергі уақытта онымен бірге келе жатқан ақиқаттың бірі осы.
Қазақ топырағында қаншама ғасырлардан бері мемлекеттік
туралы айтылып, ол үшін қаншама қанды арпалыстар болып өтке-
німен, бұл әрекетке мақсаттылық, теориялық негіз беру Алаш зия-
лыларының қызметіне тұс келеді. Тіптен кешегі XIX ғасырдағы
Кеңесары Қасым-ұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс та өзінің мақсат-
тылық, саналылық сипатымен Алаш қозғалысы деңгейіне көтеріле
алған жоқ. Арасында жетпіс жыл мерзім жатқан бұл екі халықтық
қозғалысты салыстыру мүмкін қисынсыз да болар. Өйткені олардың
мүддесі ортақ, рухы бір, бірі екіншісінің басқа мезгіл жағдайдағы
логикалық жалғасы. Дегенмен, Алаш қозғалысы халқымыздың
өз зиялылары арқылы мемлекеттік дербестік, тәуелсіздік туралы
тұңғыш рет саналы түрде мәселе қойып, сол үшін мақсатты әрекетке
көшуі болатын. Мәселені ғылыми тұрғыдан қарағанда оның мұндай
қырын айтпай кету мүмкін емес. Бұл ортағасырлық мешеулік пен
орталық үстемдіктің құрсауында тұншыққан қазақ сияқты халық
үшін жаңа мазмұндағы өркениетке көшу, XX ғасырда жаңа сападағы
мәдениетке бет түзеген адамзаттың көшіне еруді мақсат етіп қойған
табиғи ұмтылыс болатын. Сонымен бірге бұл құлшыныс қазақ
жұртының дұрыс табиғи даму жолында тұрғандығынын айғағы еді.
Өкінішке орай, Алаш зиялылары бастаған қазақ жұртының бұл
табиғи қайта жаңғыруы, рухани түлеуі өзінің логикалық шегіне жете
алмады, империялық, партиялық өктемдіктің жазықсыз құрбаны бо-
лып, тарих қойнауына енді. Халқымыздың тарихында ерекше орын
алатын Алаш қозғалысын еске алғанда өзекті өртейтін жағдай да
осы.
Мұстафа Шоқайұлы осы ХХ-шы ғасыр басындағы ұлт-азаттық
және әлеуметтік қайта жаңғыру үшін басталған қозғалыстың көш
бастаушыларының бірі еді. Сондықтан да ол кейін империялық зор-
лыққа қарсы көтерілгендігі үшін қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткер-
лердің үлесіне тиген тағдыр тақсыретін бөлісті.
35
Кез-келген ірі қоғамдық-саяси қозғалыс басшыларының әр-
қайсысының мүмкіншіліктеріне сай атқарған міндетіне байланыс-
ты қозғалыс тарихында алатын орны болмақ. Мәселен, Әлихан
Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының XX
ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысты, оның жиынтық
көрінісі болған Алаш қозғалысын теориялық және ұйымдық
тұрғыдан даярлаудағы рөлі ерекше және оны бұл қозғалысқа ат
салысқан басқа қайраткерлердің орнымен шатастыру қиын. Сол
сияқты Түркістан халықтарының, қазақ жұртының ХХ-шы ғасырда-
ғы ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа Шоқайұлының да
тек өзіне тиеселі орны бар.
Алаш немесе XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі ұлт-азаттық
қозғалыстың бірден көзге ілінер екі кезеңі болды. Бірі шамамен
1905 жылдан бастап Алашорда өкіметі құрылған 1917 жылдың
желтоқсанына шейінгі аралықты қамтыса, екіншісі Азамат соғысы
және кеңестік билік біржола орнаған уақыттан бастап 20-шы жылдың
соңы 30-шы жылдардың бас кезіндегі Алаш зиялыларын жаза-
лау мақсатында ұйымдастырылған сот процестерімен аяқталды.
Мұстафа Шоқайұлы ұлт-азаттық қозғалыстың бұл екі кезеңінде де
оның жетекші басшыларына лайық жұмыстар атқарды.
Бұл тарихи кезеңдердің алғашқысында ол патшалық соңынан
оның орнына келген кеңестік билікке қарсы ұлттық тәуелсіздік туын
көтерген Түркістан (Қоқан) және Алашорда өкіметтерін құруға тікелей
атсалысса, соңғысында Еуропадағы Түркістандық эмиграцияның
басшысы ретінде батыстық демократияның назарын өзіне аударып
үлгірген сталиндік тоталитарлық жүйенің Түркістандағы саясатының
отарлық мазмұнын ашып көрсетіп, өзінің жариялаған еңбектері мен
үздіксіз шығарып тұрған басылымдары арқылы біздің тарихымыз-
да бұрын болмаған жаңа мазмұндағы саяси қызметті бастап берді.
Төменде әңгіме негізінен осы жөнінде болмақ.
XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өзінің басқару жүйесін
Орталық Азияға жая бастаған Ресей отаршылары татар, башқұрт
және ноғай елдерін бағындыруға қолданған әдіс-айласын енді жаңа
елдерді бағындыруға да қолдана бастады. Негізгі тіршілік көзі – ата-
мекен жерден, ата салт-дәстүрден, мәдениеттен айырылу қаупі енді
осы елдерге де төнді. Міне, осындай жағдайда Ресей отаршылдығы
сияқты мемлекеттік деңгейде ұйымдасқан дүлей күшке қарсы тұра
алу үшін соған деңгейлес ұйымдасқан материалдық және руха-
ни күш қажет еді. Ондай күшті бәрі бірдей Ресей империализмінің
тәуелділігіндегі түркі халықтарын тұтас бір майданға біріктіру арқылы
қалыптастыру мүмкін еді. Түркішілдік міне осы орыс отаршылдығына
қарсы күрес арасында өмірге келді.
36
Ресей империясында XX ғасырдың бас кезінде түркі халықтары
арасында ұлт-азаттық идеологиясы қалыптаса қоймаған жағдайда
олардың отарлық езгіге қарсы қозғалысы алдымен жалпы исламдық
қозғалыс аясында жүрді. Ал оның ұйытқы, бағыт беруші орталығы
Мемлекеттік Дума құрамындағы Мұсылман фракциясы болды.
Міне, осы негізгі мазмұны ұлт-азаттық сипатта болған ислам
қозғалысының ұйытқы ядросы құрамында Исмаил Гаспиринский,
Садри Максудов, Али-Марданбек Топчибаев, Сәлімгерей Жантө-
рин сияқты қайраткерлер тұрды. Қазақ қоғамынан Мұсылман фрак-
циясының қызметіне белсенді түрде атсалысқандардың арасынан,
әрине, ең алдымен Ә.Бөкейхановты және М.Шоқаевты атаған жөн.
Тура осыдан 82 жыл бұрын, яғни 1916 жылы желтоқсанда М. Шо-
қаев Ә.Бөкейхановтың ұсынуы бойынша Мұсылман фракциясы
бюросының хатшысы болып бекітілді.
Ресейдегі мұсылман және түркі халықтарының осы тарихи ке-
зеңдегі ұлт-азаттық қозғалысының баспа органы міндетін атқаруға
тырысқан басылымдар да болды. Олар «Тәржіман» және «Уақыт»
сияқты газеттер еді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының тұңғыш
идеологиялық органы болып, осы міндетті ең соңғы санына шейін
орындаған А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті белгілі дәрежеде осы
басылымдардың күрес тәжірибесіне сүйенді.
Ал осы 1905 жылғы ресейлік төңкерістен соң өрлеу алған жал-
пыресейлік мұсылмандық қозғалыс біріншіден, Мемлекеттік Дума
деңгейінде түркі және басқа мұсылман халықтарының ең өзекті са-
яси және әлеуметтік мәселелерін қойып, оларға отаршыл биліктің
назарын аударуға мәжбүр етсе, екіншіден, татар, қазақ және басқа
мұсылман елдерінің жас, балғын ұлт-азаттық қозғалысының аяғы-
нан тұрып, ержетіп-есеюіне қолдау жасап, дем беріп отырды.
Ғылыми әдебиетте мұсылмандық түркішілдік қозғалыстарды
талдаушылар саналы түрде бұл құбылыстардың негізінен «антире-
сейлік» мазмұнына баса назар аударысты да, ал олардың шы-
найы мазмұны тиесілі теориялық дәрежеде ашылмай келді. Ал
олардың негізгі мақсаты Ресей империясының құрамындағы түркі
және мұсылман халықтары өмірін жаңа заман талабына сай қайта
құру (реформалау), ол үшін бұл халықтарды отарлық езгіден
азат ету еді. Сондықтан да ресейлік мұсылмандық қозғалыстың
бағдарламасында да осы міндеттер көрсетілді /20/.
Студенттік, жастық шағы империяның саяси орталықтарының
бірі Петербургте өткен Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық көзқара-
сының қалыптасуы азаттық қозғалыстың өзі тұтас басқа да қай-
раткерлерінікіне ұқсас. Бәрі де Ресей империясының Оралдан
асып түркі халықтарының тарихи отаны, әлемдік мәдениеттің көне
37
ошақтарының бірі – Орталық Азияға тереңдей еніп, оны өз отарлық
аймағына айналдыру процесіне куә болды. Бәрі де бұл процестің
жергілікті халықтардың аяқ асты болған ұлттық сана-сезіміне тиіп,
оның оянуына түрткі болғандығын, өздерінің сол рухани түлеудің
көрсеткіші және қозғаушы күші болуға тиіс екендіктерін жақсы
ұғынды. Шамамен 1914 жылдан бастап Мұсылман фракциясының
қызметіне тартыла бастап, ал 1916 жылдан оның хатшысы міндеті
атқарған Мұстафа Шоқай, белгілі дәрежеде, бүкілресейлік ұлт-
азаттық, мұсылмандық қозғалыстың эпицентрінен бірақ шықты.
Бұл мекемедегі қызметтің берер негізгі пайдасы – империя көле-
міндегі түркі, мұсылман халықтарының өмірінде болып жаткан ең
елеулі оқиғалар туралы аса құнды ақпарлардың осында жұмыс
жасайтын кісілердің қолынан өтетіндігінде еді.
Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Дума жанындағы фракция
жұмысына 1916 жылғы Түркістандағы қайғылы оқиғаларға бай-
ланысты Дума және үкіметтің тыңдауына арнайы баяндама даяр-
лау барысында белсенді түрде қатысты. Баяндама даярлау А.Ф.
Керенскийге жүктелген болатын. Қажет материалдар жинап қайту
мақсатында А.Ф. Керенский 1916 жылдың күзіне қарай Ташкентке
келіп қайтады. Онымен бірге келген Дума депутаттарының ара-
сында М.Шоқайұлы да болды. Сол жылдың соңына қарай жоғарғы
билік орындарының назарына ұсынылған бұл өткір баяндаманы
даярлауда М.Шоқайұлының да үлесі бар-тын.
Ақпан төңкерісін М.Шоқай Петербургте қарсы алды. 1917
жылы 20 наурызда ол Ә.Бөкейхан және М.Дулатұлымен бірігіп
«Алаш ұлына» атты «Қазақ» газетінде жарық көрген қазақ еліне
үндеуге қол қойды. Бұл үндеуде авторлар қазақ жұртын Уақытша
үкімет шараларын қолдауға шақырды. Осы жылдың жазына қарай
қазақ зиялыларының белсенді тобы майдандағы жұмыстан еліне
қайтқан түркістандықтардың мәселелерін шешуге атсалысады.
Олардың арасында М. Шоқай да болды.
М. Шоқай басқа түркістандық зиялылар сияқты ақпан төңке-
рісі нәтижесін үлкен ынтамен қолдап, уақытша үкімет билігі тұ-
сындағы Түркістанда болып жатқан саяси оқиғаларға қызу арала-
сады. 1917 жылдың сәуірінде бір жеті бойы Ташкентте өткен өлке-
лік мұсылмандар съезі Түркістан Өлкелік Орталық Мұсылман Ке-
ңесін құрып, оның төрағасы етіп Мұстафа Шоқайұлын сайлайды.
Бұл факті оған түркістандық зиялылар тарапынан көрсетілген
ең жоғарғы сенімнің көрінісі болатын. Осы оқиға жөнінде М. Шо-
қайұлы өзінің естеліктерінде былай деп жазды: «Аса маңызды
Ұлттық Кеңестің төрағасы болу қуанышты жәйт болғанымен, Ке-
ңес мүшелері арасында жас жағынан ең кіші болып саналатын
38
менің бұл лауазымды иеленуім маған ауыр әсер етті. Себебі, бұл
жағдай менің жеке қадір-беделімнің нәтижесі емес, біздегі зиялы
қауымның аздығы және оған деген зәруліктің белгісі тұғын. Мен
Түркістан ұлттық қозғалыс ұйымына ең соңғы әскер, қара жұмыс-
шы ретінде қатыссам да өзімді ең бақытты жандардың санатына
жатқызар едім...» /14, 28 б./.
Бұл қызметке қоса М. Шоқай осы жылы Ташкенде Сырдария
губерниялық басқармасының бөлім бастығы, Түркістан Комитеті
жанындағы Өлкелік Кеңес мүшесі және басқа қызметтерді атқа-
рады.
Дегенмен, Уақытша үкімет, әсіресе оның орнына келген Кеңестік
билік Түркістан халықтарының өздерін-өзі билеу құқын мойындау
жолына түскен жоқ. 1917 жылы 22 қарашада өз жұмысын аяқтаған
Түркістан өлкелік Кеңестер съезі Түркістан Халық Комиссарлары
Кеңесі аталатын үкіметтің құрылғанын жариялап, бірақ оның
құрамына жергілікті мұсылман елдерінен бірде-бір өкіл енгізбеді. Бұл
жағдай М. Шоқай төрағалық еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандары
Кеңесіне» нақты жауап әрекеттерге көшуге итермеледі. Осы жылдың
26 қарашасында Қоқан қаласында өз жұмысын бастаған Төтенше
өлкелік мұсылмандар съезі «Түркістан халықтарының өзін-өзі
билеуіне ықылас білдіре отырып, Түркістанды Ресей Федеративтік
Республикасымен ынтымағы бір территориялық автономия» деп
жариялап, Түркістан Уақытша Кеңесі үкіметін құрды. М. Шоқай
әуелде бұл үкімет құрамына Сыртқы істер министрі есебінде еніп,
екі жеті өткен соң оның төрағасы болып сайланды.
Түркістан автономиясын жариялай отырып, М.Шоқай мен
оның серіктері бұл мақсатты іске асырудың қаншалықты азап-
ты, күрделі екендігін жақсы түсінді. Ол съезде сөйлеген сөзінде:
«Сіздер бірден толыққанды мемлекет құрғыларыңыз келеді. Ал ол
үшін бізде адам жоқ, мүмкіндік жетімсіз, әскер құрылмаған. Россия
қаншалықты құлдырау кезеңінде десек те, бізден әлдеқайда қуат-
ты... Жариялай салу оңай, алайда біздің жағдайымызда оны сақ-
тап қалу өте қиын»,- деген ойды айтады.
1917 жылдың ала-сапыранында мұндай ой жалғыз М. Шоқайды
қинаған жоқ еді. Тура осындай пікірді Алашорда автономиясын құ-
руға байланысты Әлихан Бөкейхан да білдірген болатын.
Ал осы 1918 жылдың 11 ақпанында большевиктер күшпен
Қоқан ойранын жасап, таратып жіберген Түркістан (Қоқан) автоно-
миялық үкіметі нені көздеді? Кеңестік тарихнама саналы түрде
мағынасын бұрмалап, клерикал-феодалдық мазмұнда көрсетуге
тырысқан Түркістан халықтарының өзін-өзі билей алу құкығын
мойындамай ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған
39
Ташкендегі Кеңестік билікке балама билік есебінде өмірге кел-
ген жалпытүркістандық құбылыс болатын. Бұл үкімет алдына
ешқандай да сепаратисте мақсат қойған емес. Ал большевиктер
билігі болса Қоқан автономистерін күшпен тарата отырып, жергілікті
халық алдында өздерінің ұлттар теңдігіне қалай қарайтындығын
іс жүзінде көрсеткен еді. Ал Қоқан Үкіметінің мүшелері өздерінің
таудан Түркістан Кеңестері съезіне жолдаған хатында жаңа билік
пен идеологияның халыққа зорлықпен таңылып отырғандығын
айтып: «Никакая власть, возглавляемая даже самой гениальной
личностью, не может, не в силах дать народу идеи, идеала, раз в
нем самом не существует их зародыша» /21/ – деп көрсетеді.
1917 жылдың желтоқсан айында М.Шоқай Орынборда өткен
екінші жалпықазақ съезіне қатынасып, съезд сайлаған Алашорда
үкіметінің құрамына енді. Сөйтіп ол жаңа құрылған екі үкіметтің
де мүшесі болды. Оның себептері туралы не айтуға болады?
Біріншіден, Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланып, үкіметінің
құрамына енуге келісім беруі орынсыз деп айту қиын. Өйткені
Алашорда үкіметін сайлаған желтоқсан съезі «бір айдың ішінде
Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып ала
алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді» /22/ – деген шешім
қабылдады.
Оқырманға мәселе толығырақ түсінікті болу үшін қосымша мына
жағдайды айта кету қажет. 1917 жылғы дүрбелең тұсында қазақ зия-
лылары арасында қазақ елінің мемлекеттік тұтастығы жөнінде ортақ
пікір болған жоқ. М.Дулатұлы бұл мәселеге байланысты мынадай
түсінік берді: «Ол кезде Түркістан мен қазақ бірігуі керек деушілердің
дәлелі» орыстың отаршылдығынан құтылу үшін, күшті болып ұлт
тілегімізді жүзеге асыру үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек
дейтін. Бөкейханұлы Әлихан пікірі: Орта Азия болып (өзбек және
басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік (консерватизм),
діншілдік, дін жолында ұстанғанынан айырмаушылық (религиоз-
ный фанатизм) күшті, оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан
халық, шариғат жолынан тез арада арылмайтын халық, шаруа түрі
бізден басқа, мәдениет жолында бізден де төмен, сондықтан екі
соқыр қол ұстасып күн көре алмаймыз деген пікірде болатын.
Бөкейханұлының бұл пікіріне біз де қосылатынбыз» /23/. Тура
осы автор М.Шоқайұлының бұл мәселеге қатысты пікірі жөнінде:
«Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шо-
қайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы
болды. Түркістанмен қосылуды жақтады» /23/ – деп көрсетті.
Оқиғалар ағымы бұл екі автономияның да ғұмырын ұзақ
еткен жоқ. Құрамындағы халықтардың өзін-өзі басқару кұқығын
40
маңсұқ еткен түрлі саяси топтардың өзара арпалысты күресі
жағдайында мәселенің басқаша шешілуін күту қисынсыз еді.
Бірақ бізге мәлім басы ашық жағдай сол, М.Шоқайұлы өмірінің
соңғы сәтіне шейін Түркістан халықтарының тәуелсіздігі олардың
мемлекеттік тұтастығына байланысты деген ойда болды. Осы
ойдың жалынды насихатшысы болып өмірден өтті. Өз уағында
айтылған бұл пікірдің XX ғасырдың соңына қарай іске асу мүм-
кіндігінің қаншалықты қиын екендігін түсіне отырып, сонымен
бірге оның стратегиялық тұрғыдан қаншалықты терең және дәл
айтылғандығын уақыттың өзі әлі талай рет көрсетіп беретіндігіне
біздің ешқандай да күмәніміз жоқ.
Сонымен Ресей империясы көлеміндегі азаматтық қарсылық-
тың шиеленісуі барысында М. Шоқайұлы алдымен 1920 жылы
Маңғыстау арқылы Грузия асады да, соңынан, яғни 1921 жылдың
ақпанында Стамбулға аттанады. Осы арада мынадай бір кішкене
детальды айта кету артық емес. М. Шоқай Грузияда журнал
шығарып тұрған шағында Ташкендегі Сұлтанбек Қожанұлынан
телефонограмма алады. Онда алдымен ұстап алып, артынан
кешірім сұрайтын Кеңес үкіметінің Қоқан автономистеріне ам-
нистия жариялағандығы, соған байланысты Мұстафаның кейін
Ташкенте қайта орала беруіне болатындығы жөнінде айтылған еді.
Бір ғажабы сол, Мұстафа Шоқай бұл арада да өте тиімді шешімге
келе білді. Ол кейін оралған жоқ. Сөйтіп оның ғұмырының соңына
шейін ұласқан эмиграциялық қызметі басталды.
Ал енді Мұстафаның шетелдік эмиграцияға кетуі қаншалықты
негізді еді? Өмірдің өзі көрсетіп бергеніндей ешқандай да эмиграция-
лық жолға бармай, отанында қалған Алаштың зиялыларының
тағдырында мынадай екі бағыт байқалды. Бірі – кеңестік билікті
ішкі дүниесімен қабылдай алмады, бірақ мойындауға мәжбүр бол-
ды. Ә. Бөкейхан ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: «Мен
кеңес үкіметін сүймеймін, бірақ мойындаймын», – деп көрсетсе, А.
Байтұрсынұлы: «Мен елімнің мәдени өркендеуін қамтамасыз ете
алатын билікті ғана қолдаймын», – деп кеңестік биліктің бұл міндетті
толық атқара алатындығына күмән келтіреді. Бұл багыттағылар ал-
дымен қуғын-сүргінге түсіп, артын ала түгелдей дерлік атылды.
Екінші бағыттағылар – Алаштық идеологиядан (яғни ұлт-азат-
тық) бас тартқандықтарын ресми түрде ашық мойындап, кеңестік тәр-
тіппен ымыраға келу жолына түсті. Бұл бағыттағылардың бәрі бірдей
атылған жоқ. Сонымен бірге олар кеңестік билікпен іштей толық жара-
сымдылықта өмір сүрді деп айту да тым үстүрт болар еді.
Өз отанында қалған Алаш зиялыларына тиесілі басқа үлес
жоқ-тын. Мұны Мұстафа Шоқайұлы жақсы түсінді. Түсінгендіктен
41
де саналы түрде эмигрант тағдырын таңдап алды. Оның мұндай
қадамға баруы, белгілі дәрежеде, азаматтық ерлікпен бірдей бола-
тын. Өйткені қазақ баласының өз елінен жырақта жүріп саяси күресті
кәсіпке айналдыруы қалыптаспаған құбылыс еді. Бізге Мұстафа
Шоқайұлының шетелдік эмиграцияға кетуінің егжей-тегжейі беймә-
лім. Оның мұндай шешімге келуіне жалпы империядағы жағдайдан
өзге нақты қандай оқиғалар түрткі болғаны, оған мұндай шешімге
Россия империясы көлемінде бүтіндей большевиктер билігі орна-
ғаннан соң-ақ келді де, ешқандай мүдірместен сүйікті жары және
өмірлік серігі Мария Яковлевна Шоқаймен бірге Ыстамбулдан
бірақ шықты. Бірақ Мұстафа Шоқай басқа отандастары сияқты
Ыстамбулда ұзақ кідірместен Ресейлік саяси эмиграцияның аста-
насы Парижге тартты. Оған Түркістандағы большевиктік диктатура-
мен күресу үшін европалық күрес құралы, тәжірибе және әдіс қажет
еді. Керенскийдің «Дни» және Милюковтың «Последние новости»
газеттеріне қызметке тұрғанда оның осы мақсаттарды көздегені
анық. Бірақ Мұстафаның тұтас және еркін Түркістан идеясы больше-
виктерге қалай ұнамаса, париждік орыс демократиясына солай ұнай
қойған жоқ-тын. Эмиграциядағы Ресейдің бұл пікірімен нәзік жан-
ды Мұстафаның ымыраға келуі, әрине мүмкін емес еді. Сондықтан
да ол көп ұзамай-ақ (1923) орыс баспасөзімен байланысын үзіп,
Керенский және Милюковтардан іргесін алыс сала бастайды. «Егер
мен күн өткен сайын сепаратист болып бара жатсам, - дейтін ол
Мария Яковлевнаға, – оған кінәлі орыстардың өздері. Түркістан тек
қағаз жүзіндегі федеративтік Республика» /14, 107 б./.
Мұстафа Шоқайдың Парижге келудегі түпкі мақсаты, әрине
отаны Түркістанның азаттығы үшін күреске атсалысу еді. Түркістанда
болып жатқан большевиктік экспериментті жан-жақты терең ғылыми
талдауға алып, оны еркін баспасөзге жариялау арқылы ғана іске
асыра алатын еді. Мұндай міндетті қажет деңгейде орындауға оның
тәжірибесі де жеткілікті болатын. Мемлекеттік Думадағы хатшылық
қызмет, Ташкенде жарық көрген «Бірлік туы» газетіндегі редакторлық
жұмыс, Грузиядағы «Вольный горец», «Борьба» газеттеріндегі тір-
шілік, «На рубеже» журналындағы бас редакторлық міндет оған бі-
раз тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергені анық.
Мұстафа Шоқайға баспасөз арқылы сыншылық іспен айналысуға
итермелеген негізгі жағдайлардың бірі – ол Кеңестер Одағында,
соның ішінде өзінің отаны Түркістанда еркін ой-өрісінің күн өткен
сайын тарыла түсуі болатын. Ол жаңа большевиктер өкіметінің ру-
хани өмірде де шексіз билікке ұмтылып, ешқандай да оппозицияға
жол бермейтінін қатесіз, жақсы айыра білді. Сондықтан да оның
түсінігі бойынша Түркістандағы Кеңестік билікті сынау өзінің тікелей
42
ұйымдастыруымен 1927 жылдан бастап Ыстамбулда шыға бастаған,
белгілі қайраткер және ғалым Зеки Валидидің редакторлығымен,
«Жаңа Түркістан» журналы атқаруға тиіс еді. Кейіннен бұл басы-
лымды 1929-1939 жылдар аралығында үзіліссіз шығып тұрған «Жас
Түркістан» журналы ауыстырды. Оған өзі бас редакторлық жасады.
Журналдың алдына қойған міндетін түсіндіруге арналған «Біздің
жол» атты кіріспе сөзінде М.Шоқай «егер біз халқымыздың ұлттық
тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде
күшін әлсіретпей «Яш Түркістан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз
үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір
бөлігін өтеген болар едік.
Бұл жаңа бастаған ісімізге елімізде тікелей көрсетілетін көмек
жоқ дерлік. Алайда біз отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылған
жігерінен, жерлестеріміздің рухани тілектестігінен нәр аламыз.
Сондықтан да біз барлық ауыртпалықтарға қарамастан осы басы-
лымды шығаруға бел байладық» /24/.
М.Шоқай Түркістанда орнаған кеңестік биліктің халыктық си-
патына сенбеді, сондықтан да оны ымырасыз сынға алуды өзінің
міндеті санады. «...пролетариатсыз» және «пролетариат» деген тап-
ты ешкім естімеген Түркістанда Мәскеу «Пролетариат диктатурасын»
жария етті. Ал, енді бұл өзі қандай «пролетариат диктатурасы» деген
сұрауға, әрине, «орыс прслетариатының диктатурасы» деген жауап
сәйкес келеді» /24/, – деп жазды ол аталған кіріспе мақаласында.
20-30 жылдары, яғни бұл екі онжылдықта Түркістанда кеңестік
билік іске асырған жер-су реформасы, мемлекеттік аппаратты жер-
гіліктендіру, байлар меншігін конфискелеу, көшпенділерді отырықшы
тұрмысқа көшіру, оларды ұжымдастыру (коллективизация) сияқты
ауқымды әлеуметтік-экономикалық эксперименттерді сыни тұрғыдан
талдауда Мұстафа Шоқай мен оның басылымдарының ең белсенді
рөл атқарғандығын мойындау тарихи шындыққа сәйкес келмек. Оның
«Кеңестер билігіндегі Түркістан» атты еңбегі мәселемен тек сырт-
тай ғана таныс батыстық интеллигенттің еңбегі емес, Түркістанда
атқарылып жатқан істердің түп-төркінінен, терең астарынан, мұндағы
түрлі мүдделер қақтығысынан жан-жақты хабардар, мәселенің тари-
хын жақсы білетін осы өлкеден шыққан зерттеушінің талдауы бола-
тын. Міне, сондықтан да жаңа күш ала бастаған тоталитарлық режим
мен Сталинге Мұстафа Шоқайдың сыны өте жайсыз тиді, олар бұл
сын батыста және Кеңестер Одағының өзінде социалистік құрылыс
туралы өздеріне тиімсіз пікір туғызуы мүмкін деген қауіпте болды.
Сондықтан да Сталиндік насихат машинасы 20-шы жылдардың орта
тұсынан бастап-ақ шоқаевтық сынға қарсы мақсатты түрде жұмыс
істей бастады, ал бұл істің басында И. Сталиннің өзі тұрды.
43
Мұстафа Шоқай сынының ұтымдылығы оның аргументтілігінде,
пайдаланған фактілерінің бұлтартпас дәлдігінде еді. Ал ол фактілерді
М.Шоқай негізінен Түркістандық орыс және казақ тіліндегі басылым-
дардан алып отырды. Сол басылымдардың бірі Ташкентте 1920-
1925 жылдары шығып тұрған ресми басылым «Ақ жол» газеті бо-
латын. Қазақстандағы болып жатқан әлеуметтік өзгерістерді сыни
тұрғыдан талдап отыруды міндетіне алған бұл басылым сол тұстағы
түркістандық кеңістіктегі жалғыз оппозициялық мазмұндағы басылым
еді. 1920-1925 жылдар аралығында бұл газеттің төңірегіне алаштық,
ұлт-азаттық рухтағы интеллигенцияның шоғырлануы оның сыни
бағытын күшейте түскен болатын. «Ақ жолдың» идеялық мазмұны
мен бағытын Кеңестік құрылысқа қарсы пиғыл есебінде қабылдаған
И.Сталин 1925 жылы 29 мамырда «Ақ жол» газетінің позициясына
байланысты партияның Қазақ өлкелік комитетінің бюросына арнайы
хатпен қайырылды. Онда ол: «Я имел возможность на днях позна-
комиться с журналом «Ак жол». Я вспомнил в связи с этим некото-
рые статьи небезизвестного Чокаева в белогвардейской печати и к
ужасу своему открыл некоторое, так сказать духовное «единство»
между этими статьями и журналом «Ак жол». Невероятно, но факт,
«Ак жол», конечно, помимо своей воли дает громадный материал
Чокаеву» /25/, – деп жазды.
И.Сталин «Ақ жол» сыны жай сын емес, совет шындығының
М.Шоқай сияқты оппоненттеріне көмектесетін зілді сын екендігін
баса айтып, «мұндай сынға Кеңестер елінде орын болуға тиіс
емес», – деп көрсетті. Хатының соңында Алаштық интеллигенция-
ны идеологиялық іске тартуға үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп:
«Ондай етпейінше Шоқаевтардың Қазақстанда жеңуі ақиқатқа ай-
налуы мүмкін» /25/, – деп қорытты.
Шамамен осы кезден бастап М. Шоқай Түркістандағы әлеу-
меттік өзгерістердің Батыс Европадағы негізгі оппонентіне айналды,
өз ретінде Сталиндік насихат машинасы Шоқайұлының жариялаған
мақалаларымен үзбей танысып отырды. Олардың бұл өзара «ықы-
ласы» Мұстафа Шоқай бақилық болған 1941 жылдың желтоқсанына
дейінгі мерзімге созылды. 20-шы жылдардың орта тұсынан бастап
Еуропадағы Мұстафа Шоқайға бұрынғы Башқұрт Республикасының
басшысы Зеки Валиди қосылды. Одан сәл ертеректе мұнда татар
қайраткерлері Юсуф Акчура, Садри Максуди және Гаяз Исхаки
келіп орналасқан болатын. Біз бүгінгі саяси азаттық алған заманда
халқымыз үшін өте ауыр болған сол 20-шы жылдары еркін саяси
қызметпен айналысу мақсатында баспана іздеп батысқа барған зия-
лыларымызды түсінушілікпен қабылдап, қол ұшын берген еуропалық
демократияға ризашылық білдіруіміз керек.
44
Еуропаға ығысқан түркістандық (татар зиялыларын да қос-
қанда) эмигранттардың өмірі мен қызметі, әрине, өз алдына зерт-
теуге лайық тақырып. Бұл арада Мұстафа Шоқай қатынасқан
бірер фактіге ғана тоқталып өтуге болады. Кеңестер Одағынан
Еуропаға кеткен түрлі ұлт зиялылары 20-шы жылдары Варшавада
«Сіздің және біздің азаттығымыз үшін» деген ортақ ұраны болған
Сталиндік режимге қарсы бағыттағы «Прометей» ұйымын құрады.
Оған арасында маршал Пильсуцкий бар поляк демократиясы
қолдау жасайды. Осы ұйымның ықпалымен 1929 жылғы маусым
айында Варшавадағы Шығыстану институты Кеңестер Одағының
ішкі және сыртқы саясатына арналған ғылыми-теориялық конфе-
ренция өткізеді. Бұл конференцияда Мұстафа Кеңес үкіметінің
Түркістандағы отаршыл саясатын талдауға арналған баянда-
ма жасайды. М.Шоқай және басқа түркістандық эмигранттарды
тыңдауға мұнда Москвадан арнайы құрамында КСРО Сыртқы
істер министрлігінің Шығыс бөлімінің басшысы генерал Глушко
және ресми әскери адамдар бар делегация келеді /26/.
Осы және басқа фактілер ОГПУ-ға Мұстафа Шоқай мен Алаш
лидерлері арасында болуы мүмкін байланыстың ізіне түсуге түрткі
болады. 1927-1930 және 1930-1932 жылдары екі дүркін Алаш
қозғалысының жетекші тобын тұтқынға алу және соттау процесі бо-
лып өткен-ді. Міне, осы екі сот процесінде де тергеуге тартылған
қазақ зиялыларына қойылған негізгі сауалдардың бірі олардың
Мұстафа Шоқайұлы және Зеки Валидимен қатынастары жөнінде
болды. Бұл арада берілген жауаптарға арнайы тоқталу мүмкін
болмағандықтан, тек қорыта айтарымыз: тергеу барысында Алаш
зиялылары Мұстафа Шоқайұлы жөнінде ешқандай да ғайбат пікірге
бармады, оның ұлт-азаттық қозғалыс арнасында алатын орнын
өзара тура түсініп, жоғары бағалады. Әсіресе тергеу қыспағына
алынғандар 1922-1924 жылдары Германияда оқуда болып қайтқан
Ғ. Бірімжанов, А. Мұңайтпасов, Қазыбеков және Битілеуовтар еді
/27/. Мәселен, М.Шоқайұлы жөнінде қаттырақ айтуға мәжбүр бол-
ған Ғ.Бірімжановтың тергеуде берген жауабы мынадай сипатта
болды: «В Берлин приезжал Чокаев. Я его распрашивал о его жиз-
ни, раньше я его видел, но знаком не был. На мой взгляд это ти-
пичный эмигрант, вероятно, имеющий связь с белогвардейцами.
Он говорил, что работает в газете, жаловался на плохое житье,
распрашивал о положении в СССР. Ругал Советскую власть» /28/
– деген пікірді оқимыз.
Енді М.Шоқайдың сыны жөнінде. Ол қаншалықты дәлелді, ал оның
Кеңестік биліктің Түркістандағы болашағы туралы жасаған болжамы
қаншалықты шындыққа сәйкес еді? Соған қысқаша тоқталайық.
45
Кеңестік идеологиялық ақпараттың М. Шоқайұлы сынына ыза-
лана қарауы әбден негізді болатын. Өйткені жоғарыда келтірілген И.
Сталин хатында дәл айтылғандай «Ақ жол» газетінде жарияланған
материалдар мен М. Шоқай сынының арасында тікелей
байланыстың бар екені даусыз еді. Сондай-ақ бұл байланыс үшін
тартуға тиіс екі жақтың да айыбы жоқ-тын, «айып» олардың сыны-
на материал берген Түркістандық советтік шындықта болатын.
Осы арада М. Шоқайұлының сынын талдауға өтерден бұрын
мынадай жағдайды ескерген жөн. М. Шоқайұлының сыны рухы
бойынша «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасқан алашордалық
зиялылардың сынымен ғана сабақтас емес, сондай-ақ 20-30 жыл-
дары кеңестік жетекші билікте қызметте жүрген Т. Рысқұлов, С.
Асфендияров, С. Садуақасов т.б. қазақ зиялыларының да сы-
нымен өзектес болатын. Басқаша айтқанда М. Шоқай мен елдегі
зиялылардың кеңестік билікті талдауға арналған сыни еңбектері
жолдың екі жағында тұрып күнделікті ортақ тіршіліктері жөнінде
пікір алысқан көршілердің диалогын еске салатын еді.
Мұстафа Шоқай өз заманында Түркістанда орнаған Кеңестік
биліктің отаршыл сипатын қатесіз тани білген және онымен ымы-
расыз күреске ғұмырын арнаған, сондай-ақ бұл күреске бұрын
Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн беріп, жа-
ңа интеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер еді. Оның
өмір жолы Ұлы Отаны – Түркістан үшін от кешкен Ұлы Азаматтың
жолы болатын.
Әдебиеттер
1. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. ІІ том. – Алматы, «Қайнар». 1999.
2. М.Шоқай. 207-б. Алматы, «Қайнар», 1999.
3. Қараңыз: Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. 1 Т., А. 1998, 174-179,
198-202, 426-429, 429-431 66.
4. Мустафа Чокаев. Отрывки из воспоминаний о 1917 г. Токио-
Москва, 2001, С. 53.
5. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. А., 1979, 4 Т. 394 б.
6. Ю. Левода. Интеллигенция // 50/50. Опыт словаря нового мыш-
ления. М., 1989. 1296.
7. Ч. Валиханов. Собр. соч. в пяти томах. А., 1985. Т. 5. С. 152.
8. Шоқан өмірін жақыннан білген А.К. Гейнс өз естелігінде «Начал-
ся ряд оскорблений и придирок, уложивших Чокана в настоящем году в
гроб» деп жазды // Қараңыз: А.К. Гейнс. Из дневника 1865 г. В кн. Ч. Вали-
ханов. Собр. соч. в пяти томах. Т. 5. С. 257.
46
9. Дж. Неру «Индияны ашу» атты еңбегінде осы тарихи мезгілге
байланысты «Ұлтшылдық Азияда нағыз үстем күшке айналган еді» деп жаз-
ды // Қараңыз: Дж. Нepy. Открытие Индии. Книга вторая. М., 1989. С.111.
10. Қараңыз: Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы.
1 Т. А., 2004, 86-91 бб.
11. М. Дулатұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 Т. А., 2003,
56-57 бб.
12. ҚР ҰҚК мұрағаты, 2370 іс, 4 Т. 975 б.
13. Зеки Велиди Тоган. Воспоминания. Кн.1. – Уфа, 1994, с. 160.
14. Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. – Истанбул, 1997,
55-56 бб.
15. «Туркестанский вестник» газеті. 1917 ж. 9 желтоқсан.
16. Климов С. Военно-организаторская деятельность Коммунистиче-
ской партии в Средней Азии в 1917-1924 гг. – Ташкент, с. 17.
17. Т. Рысқұловтың тезистері мен олардың мазмұнын О.Қоңырат-
баевтың «Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі»
(А., 1994, 129-135 бб.) атты монографиясы бойынша беріп отырмыз.
18. Мирсаид Султангалиев. Статьи. Выступления. Документы. – Ка-
зань,1992, с. 469.
19. Султангалиев М. Некоторые наши соображения об основах
социально-экономического и культурного развития тюркских народов
Азии и Европы. // Журнал «Ғасырлар авазы. Эхо веков». – Казань. 1995,
май. С. 130.
20. Политическая жизнь русских мусульман до февральской рево-
люции. Оксфорд. 1987, с.67-84.
21. ҚР ҰҚК мұрағаты, арх, № 04693, 14 т., 308 б.
22. «Қазақ», 1917 ж., № 256.
23. ҚР ҰҚК мұрағаты, № 04693, 6 т., 41-42 б.
24. Шоқайұлы М. Біздің жол – «Яш Түркістан», 1929, №1.
25. ҚР Президенті мұрағаты. 141 қ., 479 «А» іс, 1-2 б.
26. «Правда» газеті, 1929 ж, 6 маусым, №127.
27. Бұлардан басқа өз қаржысына Сабыр Таначев барған.
28. ҚРҰҚК мұрағаты. 78754 іс, арх. 124, 1 т., 146 б.
Достарыңызбен бөлісу: |