Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
43. Абайдың реформатор ақын екендігін талдап қорытындылаңыз 10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Бұл торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы.
Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине, сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлытұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым. Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс. Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптаржүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді. Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды. Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық. Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады
Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.