- біріншіден, рухани түрдегі беріктік пен саналы шешім қабылдау; - екіншіден, даналық кеңестерді барынша ұйып тыңдай білу, тереңіне бойлай білу; - үшіншіден, естіген нәрсеңді күнделікті өмірлік тәжірибеңе қосу, “білемін” деңгейінен “пайдаланамын” - ға өту; - төртіншіден, нәпсіңді тәрбиелеу, сізді азғыратын ойлардан аулақ болу. Әрнәрсеге қызыға бермей, рухани жетілуге ұмтылу [6]. Абай айтқандай: “Әрбір жақсы-жаман нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс”. Яғни, ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Шекарадан аспақ жоқ [6]. Ұлы ақынның өмірінің соңғы жылдары жазылған пәлсапалық шығармасын тек философиялық-әлеуметтік негізде емес, сыншылдық, ойшылдық, көбіне адамгершілік мәселелеріне арналған өсиет, толғау деуге болады. Шығарма тек бір халықтың не ұлттың еншісіне қатысты мәселелерді айтумен ғана шектелмеген. Онда ғұламаларды жылдар бойы толғандырып келген мәселелерге талдау жасалған. Абайдың қара сөздері - әлемдік өркениетте өзіндік орны бар қайталанбас мәдени мұралардың бірі. Осы тұрғыда дала философы тек халқына жаны ашып бірге қосылып жылап-жырлауды емес, әр адамның өзін-өзі шыңдаудағы даңғыл жолын анық көрсетіп беру жолын таңдаған.
Сезімтал әрі сергек ақын қарасөздерін дала тіршілігімен, күнделікті өмір тәжірибелерімен сабақтастыра отыра жазған. Сол себептен де болар, Абай шығармашылығында тек сырткы дүниеге ғана назар аударып қоймай, ұлттық болмысты пайымдайтын төл мұраларға да көңіл бөлген. Абай барша ұғымның шын мәнін ашып беретін бірден бір өлшем - еңбекке көзқарас деп санаған. Оған алтыншы қара сөзі дәлел: “Қазақ айтады: “Бірлік болмай тірлік болмайды”, - деп. Сондағы айтып отырғаны қай бірлік?... Бірлік - акылға бірлік, малға бірлік емес. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың...” [5].
Бүгінгі әлемдік саяси аренадағы еліміздің ұстанып отырған позицияларына да жауапты Абай шығармашылығынан табуға әбден болады. Ақын көзқарасындағы достық, бірлік пен ынтымақтастық ұғымдары, еліміздің ішкі-сыртқы саясатының алғышартына айналған десек те болады. Өзге елдің тарихын, білімі мен ғылымын, мәдениетін меңгер дейді Абай. Саясат тілінше интеграциялану. Яғни, өзгеше тарихи жағдайда өмір сүрген қазақ халқына бұдан әрі бұрынғыша тіршілік етуге болмайтынын, заман талабына сай еңбек етіп, кәсіпті, сауданы, ғылымды меңгеру керектігін баса айтқан. Қысқасы, Абайдың армандары мен ойлары тек бір ғана ұлт ұстанатын мақсат-мұраттар емес, күллі адамзат құлақ түрерлік толғаныстар. Абай қара сөздерінің тақырыбы бойынша рухани арнасы біреу-ақ, ол - адам болмысы. Қара сөздердегі әрбір сөз осы тақырыпты кеңірек ашуға мол мүмкіндік береді. Абай айтып кеткен басты мұраттарды мына заманда уақыттың өзі талап етіп отыр. Ақынның ойындағы асқақ армандардың шындыққа ұласуының ауылы алыс емес те шығар. Себебі, біздердің өміріміз жалындаған жігер , жасампаздық пен моральдық мүмкіндіктерге толы.