Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
55.Абай ақындығының алғашқы кезеңдеріндегі өлеңдерін көрсетіңіз.
Ұлы ақын өлеңдері Абайдың көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралып, ауыз әдебиетінің жауһарына айналып үлгерді. М.Әуезовтің «қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз», – деген сөздері ақын шығармаларының қолжазба түрінде де көшіріліп таралғанын айғақтайды.
Ақынның көзі тірісінде баспа арқылы жарияланған бірнеше өлеңдерін білеміз. Солардың бірі «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат деген» өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам Абайдың атын көрсетпестен бастырған. Ол жайында М.Әуезов «Ол адам баспахана иесі байға сәлем хат жазғанда:
Бізләргә ойын арзан, күлкі қымбат,
Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат, –
деп тұрып, Абайдың ұзақ көркем өлеңін түгелімен көпе-көрнеу, әдебиет ұрысы ретінде жазып жіберген. Өз сөзі етіп бастырып та шығарған», – деп жазады.
Мұнан өзге 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбайдың атынан «Жаз», «Болыс болдым мінеки» өлеңдері басылып шығады. Ал осы газеттің 1889 жылғы 7-санында «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай аулының Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылады.
Абай шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін ғана жарыққа шығады. Ақын өлеңдерін, қарасөздерін жинақтап бастыру сынды күрделі де маңызды іспен інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысады. Бұл бастаманың күрделігі сонда, ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кітап түрінде жинақтамаған, көпшілік өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазба ретінде жазылған нұсқалары толық сақталмаған еді. Сондықтан кітап етіп баспадан шығару келер ұрпаққа Абай мұрасын аманат ретінде қастерлеп жеткізумен маңызды болды.
Абай өлеңдері баспадан жариялау жұмыстары қалай жүргізілгені жайында Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», – деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағына ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйе әкетті. Петербург, Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз сом ақша перевот ет», – деген. Айтқанындай екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты, Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітай өзі жазды», – деп баяндайды.
Кәкітайдың осы алғашқы жинақты шығарудағы еңбегін «Абайдың баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбек етуші – Кәкітай дейміз», - деп заңғар жазушы М.Әуезов өз бағасын береді. Осылайша, Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспаханасында басылып шықты. Ол Петербургте бірінші мұсылман баспаханасын ұйымдастырушы, хұсни хат өнерінің шебері. 1882 жылы Петербургте мұсылман баспаханасын ашуға рұқсат алып, орыс, араб, парсы, түрік тілдерінде кітап басу жұмыстарымен айналысқан. Аталмыш жинақта «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы», «Насихат туралы», «Замандастар туралы», «Сегіз аяқ», «Сұлу ұрғашы туралы», «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Аңшылық туралы» деген атаулармен өлеңдері, «Переводтар» атауымен 41 аударма өлеңі, «Әңгіме Масғұт», «Ескендір әңгімесі» дастандары және кітап соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны мен фотосуреті берілген. Жалпы жинақта 145 өлең, 2 дастан басылған.
Қазіргі уақытта Абай музейі қорында Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдері жазылған дәптердің фото-көшірмесі, 1909 жылы жарық көрген кітап және оның фото-көшірмесі сақталған. Сонымен бірге Абай шығармаларының 1909 жылғы араб әрпімен басылған баспасының аудармасын жасаған Ахат Шәкәрімұлының және Тауфиқ Досаевтың (Шәкәрімнің жиені) қолжазбалары, жинақтың факсимильді басылымы бар.