18. Арқа бұлшық еттерінің атқаратын қызметтері. Арқаның бұлшық еттерінің көбі омыртқа жотасынан басталып, дененің арт жағында орналасқан. Арқаның бұлшық еттеріне жалғаса мойынның бұлшық еттері орналасқан. Арқа еттерін: арқаның беткей (тері астында) жатқан еттері және терең еттері деп екі топқа бөледі. Арқаның беткей жатқан еттеріне трапеция тәрізді ет, арқаның жалпақ еті, жауырын көтеретін ет, ромб тәрізді ет, артқы жоғарғы және артқы төменгі тісті бұлшық еттері жатады. 1. Трапеция тәрізді ет (трапецевидная мышца) – тері астында мойынның және арқаның жоғарғы бөлігін алып жатады. Ол бастың шүйде бөлігінен, мойын және арқа омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, бұғананың сырт жақ бөлігіне, жауырынның иық (акрамион) өсіндісі мен жалына бекиді. Бұл ет тұтасынан жиырылған кезде жауырынды омыртқа жотасына қарай жақындатады. Егер жоғарғы бөлігі жиырылса жауырынды көтереді, ал төменгі бөлігі жиырылса оны төмен түсіреді. 2. Арқаның жалпақ еті (широчайшая мышца спины) – көкірек клеткасы мен арқаның төменгі бөлігін жауып жатады. Бел-арқа шандырынан, көкірек омыртқалары мен бел омыртқаларының арқа өсінділерінен және жамбастың мықын қырынан басталып, қолтық астынан өтіп, тоқпан жіліктің алдыңғы жағындағы кіші бұдырына бекиді. Бұл ет жиырылған кезде иық белдеуін төмен тартып (тоқпан жілікті) ішке қарай бұрайды (пронация). 3. Жауырынды көтеретін ет (подниматель лопатки) – жоғарғы мойын омыртқаларының бүйір өсінділерінен басталып, жауырынның ішкі жоғарғы буынына бекиді. Бұл ет жиырылғанда жауырынды көтереді. 4. Ромб тәрізді ет (ромбовидная мышца) - төменгі мойын жоғарғы көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып жауырынның ішкі қырына бекиді. Бұл бұлшық ет жиырылғанда жауырынды сәл көтеріп омыртқа жотасына қарай тартады. 5. Арқаның жоғарғы иректі еті (верхняя зубчатая мышца спины) – арқаның жоғарғы жағында, ромб тәріздес еттің астында жатады. Бұл ет төменгі (ҮІ-ҮІІ) мойын, жоғарғы (І-ІІ) көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен тіс тәрізденіп басталып, жоғарғы (ІІ-Ү) қабырғаларға бекиді. Жиырылған кезде бекіген қабырғаларды жоғары қарай тартып, көкірек клеткасы көтеріліп, оның кеңеюіне, тыныс алуға қатысады. 6. Арқаның иөменгі иректі еті (нижняя зубчатая мышца спины) – көкірек клеткасының төменгі бөлігінде, арқаның жалпақ етінің астыңғы жағында жатады. Төменгі (ХІ-ХІІ) көкірек, жоғарғы (І-ІІ) бел омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, төменгі қабырғаларға бекиді. Бұл ет жиырылған кезде осы қабырғаларды төмен тартып, көкірек клеткасының көлемін кішірейтіп тынысты шығаруға қатысады. Арқаның терең сүйекке таяу жатқан еттеріне бас-мойын белдеу еті, омыртқа жотасын жазатын немесе сегізкөз-арқа өсінділер еті, көлденең арқа өсінділері еттері жатады. 1.Бас-мойын белдеу еті (ременная мышца головы и шеи) – адамның арқа және мойын бөлігінде трапеция-ромба тәрізді және артқы жоғарғы тісті еттерінің астында орналасқан. Бұл ет мойын омыртқаларының тұсындағы желке сіңірінің және жоғарғы (І-ІҮ) көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, самай сүйегінің емізікше өсіндісі мен жоғарғы (І-ІІІ) мойын омыртқаларының бүйір өсінділеріне бекиді. Екі жағы бірдей жиырылған кезде мойынмен басты артқа қарай тартады, ал жиырылған кезде бас пен мойынды өз жағына қарай бұрады. 2. Жотаны жазатын ет (выпрямитель позвоночника) – омыртқа жотасының екі жағында сегізкөзден шүйдеге дейін созылып жатады. Ол сегізкөз-мықын сүйектерінің сыртқы бетінен басталып, ет талшықтары жоғары қарай жүріп қабырғаларға, көкірек омыртқаларының артқы және көлденең өсінділеріне, ал ең ұзын талшықтары шүйдеге самай сүйегінің өсіндісінен дейін жетеді. Бұл өте күшті ет болып саналады. Оның жиырылуы нәтижесінде омыртқа жотасы жазылып дененің тік ұстау жағдайы қамтамасыз етіледі. Бұл ет төменгі қабырға тұсында мықын-қабырға, ұзынша, арқа өсіндісі салаларына бөлінеді. Мықын-қабырға бөлігі сырт жағында орналасқан, ол мықын сүйегінен басталып қабырғаларға бекиді. Екінші – ұзынша бөлігінің ет талшықтары омыртқаларының көлденең өсінділеріне біртіндеп беки отырып шүйде сүйегіне дейін жетеді. Ал үшінші – арқа өсіндісі бөлігі омыртқа жотасына таяу жатады. Ет талшықтары омыртқалардың арқа өсінділеріне тіркеле жоғары көтеріліп, ІІ мойын (эпистрофей) омыртқасына дейін жетеді. 3. Көлденең арқа өсінді ет (поперечно-остистая мышца) – талшықтары өте қысқа келеді. Олар әрбір төменгі омыртқаның көлденең өсіндісінен басталып, жоғарғы омыртқаның арқа өсіндісіне тіркеліп отырдаы. Жалпы ұзындығы сегізкөзден шүйде сүйекке дейін созылып жатады. Бұл еттер омыртқа жотасын жазуға, оны оңға және солға июге қатысады. Көлденең-арқа өсінді еттердің астында қысқа салалы майда еттер жатады. 4. Арқаның өсіндіаралық еттеріне (межостистые мышцы) – омыртқалардың арқа өсінділерінің аралығында жатқан қысқа салалы ет талшықтары жатады. Бұл еттер омыртқа жотасын тік ұстауға және жазуға қатысады. 5. Көлденең өсіндіаралық еттер (межпоперечные мышцы) – омыртқалардың көлденең өсінділерінің аралығында орналасқан. Ет талшықтары өте қысқа, бұлар жалпы омыртқа жотасын тік ұстауға қатысады. Егер бір жағынан ғана жиырылса, денені сол жағына қарай иеді. 6. Қабырға көтеруші еттер (подниматели ребер)– омыртқа жотасының көкірек бөлімінде ғана жатады. Бұл еттердің ет талшықтары омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, қиғаштана төмен түсіп қабырғаларға бекиді. Жиырылған кезде қабырғаларды көтеріп, көкірек керегесін кеңейтіп, тыныс алуға көмектеседі. 7. Желке еттері (затылочные мышцы) – нәзік, қысқа талшықты еттер, өте терең, сүйекке таяу жатады. Бұлар бастың үлкен, кіші жіне жоғарғы, төменгі қиғаш еттеріне таралады. Бұл еттер шүйде немесе эпистрофей (ІІ мойын) омыртқасына дейін жиырылған кезде басты артқа қарай тартады. Ал егер бір жағына ғана жиырылса, онда өз жағына қарай иіп, артқа тартады. Арқа шандырлы жапқыштардың ең жақсы дамығаны – бел-арқа шандыры. Бұл адамның бел тұсында трапеция тәрізді пішінде келеді. Бұл шандырдың өзі беткей және терең жапырақшалардан түзілген. Терең жапырақшасы өте жұқа келеді. Ол бел омыртқаларының бүйір өсінділерінен, соңғы қабырғадан мықынның жоғарғы жиегіне дейін созылып жатады. Беткей жапырақшасы арқа еттерінен құймышаққа дейін орналасқан. Бұл жапырақшадан арқаның жалпақ еті, артқы төменгі тісті ет, құрсақтың көлденең және ішкі қиғаш еттері басталады. Омыртқа жотасына ұзына бой арқа сайы жатады. Осы сайда жатқан омыртқалардың арқа өсінділерін ҮІІ мойын омыртқадан бастап, қолмен байқауға болады.