Ілеспе аудармада:
Әрине, салық полициясында зейнеткерлер үшін қиындықтар (синонимдері – кедергі, тауқымет, азап) басталады (күтіп тұрады).
Алынған үш сөйлемнің алғашқысы ілеспе аудармашыға жеңіл үлгі болып саналады; бұл ретте әр тілдің құрылымдық- семантикалық ерекшеліктерін білу жеткілікті. Екінші сөйлем де, бір қарағанда оңай тәрізді көрінгенімен, аудармашының төмендегілерге көңіл бөлуі қажет болады:
номенклатуралық атаудың қазақ тіліндегі дәл, ресми баламасын білу (Алматы қаласы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті);
түпнұсқадағы буындық қысқартудың қазақ тілінде толық сөз тіркесі ретінде қолданылатындығын ескеру (соцзащита – әлеуметтік қорғау);
нақтылау тәсілін игеру (мыс., түпнұсқада – документы; қазақ тілінде өз құжаттарын… деп нақтылау қажет болады).
Ал соңғы сөйлемде ілеспе аудармашы өзінің лингвомәдени құзыретін танытуы керек, өйткені ол түпнұсқадағы тілдік компрессияның – ұғым, құбылыс атауларының ықшамдалып, үнемделіп жұмсалуының ерекшеліктерін меңгеруі қажет, яғни ол түпнұсқадағы в налоговой деген ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің орнына салық полициясы деген толыққанды тіркесті қолданған жағдайда және фразалық тіркесті (хождение по мукам) мағынасы сәйкес түсетін сөздермен, сөз тіркестерімен ауыстырғанда, әрі осылардың барлығын шапшаң пайымдап, шектеулі уақыттың ішінде игеріп үлгергенде ғана сауатты ілеспе аударма жасалады.
Жалғас аударма – түпнұсқада сөйлеушінің ақпаратын тыңдап алғаннан кейін жүргізілетін амал. Жалғас аударма, әдетте, мінберден сөйлеп тұрған шешеннің бір абзацты, бір фразаны немесе бір сөйлемді айтып болғаннан соң жүзеге асырылады. Бұл реттегі қиындық – түпнұсқада сөйлеуші өз ойын қай шамада тоқтатамын десе де өз еркінде. Тілдік құрылымы күрделі, ақпараты ауқымды бір абзацтан кейін пауза жасалған жағдайда жалғас аударманы жүргізуші айтылғандарды жадында сақтап, ақпаратты екінші тілде мүмкіндігінше толық қамтуға міндетті. Аударманың бұл түрінде ықшамдау, функционалдық қызметі бәсең ақпаратты түсіру, орнын ауыстыру тәсілдері игеріледі, өйткені айтылған ақпарат адам жадының оперативті мүмкіндігіне сыймауы мүмкін, әрі түпнұсқада сөйлеушінің келесі сөзі басталып та кетуі мүмкін.
Ілеспе аударма және жалғас аударма – баяндамаларды, қоғам қайраткерлерінің сөздерін, мәжілістер мен мәслихаттарда мінберден айтылған, оқылған сөздерді тез арада ауызша жеткізу үшін жүзеге асырылатын қызмет түрі.
Ескерте кетерлік жайт – қазіргі әдеби тілде ілеспе аударма және қосарлас аударма деген атаулар қолданылып жүр; олар синхронный перевод, последовательный перевод деп аталатындардың орнына әрқилы жұмсалады. Ілеспе және қосарласа деген сөз- дердің семантикасы қатар, ілесе жүретін процес дегенді білдіретіндіктен, ал орыс тіліндегі последовательный перевод атауы айқын түрде, түпнұсқа мәтіннен кейін жүзеге асырылатын, түпнұсқа мәтінге жалғастырыла орындалатын тәржіме қызметін нақты ұғындыратынына байланысты біз терминдер ұғымында екіұдайылық болмауын көздеп, соңғысына жалғас аударма деген аталымды ұсынып отырмыз.
Аударманың типтерін саралағанда, қазақ мәдениетіндегі аударма ісіне қатысты пікір-тұжырымдарда сөзбе-сөз аударма, дәл (дәлме-дәл), калька аударма, әріпқойлық деген ұғымдар жиі ұшырасады. Көрсетілгендер кейде нақты терминдік ұғымға ие аталымдар тәрізді болғанымен, ғылымның теориялық бағыттары тұрғысынан олардың анықтамаларын нақтылай түсуге тура келеді. Өйткені проблеманың осындай жақтарын барынша таратып айтқан орыс тілші ғалымдарының тұжырымдары да кейде біркелкі шықпай жатады. Оның да себептері жоқ емес: бір мәтіннің ішінде аударма бірліктерінің бірі сөзбе-cөз тәржімаланғанымен, сөйлемнің өзі тұтастай алғанда, еркін аударма түрінде көрінетін жайттар да болады.
Әріпқойлық – түпнұсқа тіл мен аударма тілдегі формалды немесе семантикалық құрылымды тұп-тура сәйкестендірудің нәтижесінен туатын құбылыс. Бұл – дәлдік емес, бұл – түпнұсқадағы ақпараттың мағынасын бұзатын, кері түсіндіретін және аударылатын тілдің нормасына елеулі нұқсан келтіретін жайт; аудармашының қатесі немесе аудармашының лингвомәдени құзыретінің төмендігін көрсететін белгі. Әріпқойлық жеке сөзден гөрі сөз тіркесінің, фразалық тұтастықтың, сөйлемнің аудармасында айқын көрініс береді. Оның себебі мынада: аудармашы жеке сөзді алғанда оның сөздіктегі сәйкес баламасын игереді немесе контекстуалды, функционалды баламаларын қолданады, бұл аудармадағы заңдылық болып саналады. Ал сөз тіркесінен бастап былай қарай күрделене беретін құрылымдар үшін сөздіктегі сәйкестіктердің алынуы немесе калька баламаның жасалуы әріпқойлыққа ұрындырады. Әріпқойлық әсіресе көркем мәтіннің аудармасына нұқсан келтіреді.
Мысалдарға назар аударалық:
Ракета …. Ол – соңғы бес жыл бойы зымыран құрылысы жүйесін басқаратын Мервин Уорреннің жеке көмекшісі («Із қалмасын» романының аудармасынан).
Бұнда түпнұсқадағы сөз үшін алынған сөздіктегі сәйкестік (зымыран) әріпқойлықтың белгісі емес. Аудармашы осындай баламаны алуға құқылы; ол, керісінше, қазақ әдеби тілінде жаңа қолданыс болып табылатын тілдік бірлікті көркем мәтіннің айналымына түсіріп, тың сөздің жұмсалу өрісіне жол ашқан.
Полуприкрытие глаза ... Оның жартылай жабық көзі көшеден түсіп тұрған жарықта Дузинский бетін бақылауда еді (Сонда).
Не позволим посадить себя в мешок … Өзімізді жаудың қапшық ішінде қалдыруына жол бермейміз («Біз ораламыз» романының аудармасынан).
Берілген мысалдардағы қарамен белгіленген сөз тіркестерін әріпқойлықтың көрінісі деп табамыз; өйткені: а) жартылай жабық көз, қапшық ішінде қалдыру – қазақ ұлтының концептілер жүйесінде жоқ ұғым-түсініктер; ә) олардың контекстуалды, функционалды баламаларын табуға қазақ тілінің әлеуеті толық жетеді; б) аудармашы жасаған баламалар қазақ тілінің стильдік нормаларына сәйкес емес; в) көркем әдебиеттің аударма нұсқасын эстетикалық деңгейде қабылдауға кедергі келтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |