Көркем әдебиет– ерекше күрделі жанр. Бұл жанрдың жазушы шеберлігі, әр жазушының өзіндік стилі, даралығы, дарыны, мазмұн мен форманы берудегі жазушының қабілеті сияқты алуан түрлі мәселелері бар. Көркем әдебиет тілінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Біріншіден, көркем шығармаларда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразелогизмдер некен-саяқ. Екіншіден, қай жанрда жазылған шығарма болса да, онда тіл арқылы қарым- қатынас құралдарының барлық түрінің қолданылуында, яғни ауызекі сөйлеу тіліне қоса, публицистикалық, ғылыми және ресми стильдердің элементтері осы стильде әртүрлі формада ұшырасып отырады. Үшіншіден, көркем шығармалардың басты міндеті – эстетикалық тәрбие беретіндігінде, яғни көркем шығармада сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі маңызды мәнге ие.
Жоғарыда сараланып берілген көркем әдебиет стилінің белгілері аударма әдебиетке де тән.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі. Аудармашы өзінің дүниетанымына, көркемдік-эстетикалық талғамына сай аударуға таңдап алған шығармадағы көркемдік шындықты форма мен мазмұн бірлігін сақтау арқылы жеткізеді. Көркем аудармада түпнұсқаның эстетикалық құндылығы зор. Көркем аударма – психологиялық процеспен жүзеге асатын шығармашылық өнер. Мұнда психологиялық процес шығармашылық процеспен тікелей ұштастырыла жүргізіледі.
Көркем аударма –көркем әдебиет шығармаларын, яғни негізгі қызметі оқырманға көркемдік-эстетикалық әсер ету болып табылатын мәтіндерді аудару.
Көркем әдебиет аудармашысының алдында екіжақты міндет тұрады:
1) түпнұсқа мазмұнын, сюжетін, түпнұсқа авторының негізгі идеясын барынша толық сақтау;
2) аударылатын тілдің табиғи заңдылықтарын, нормаларын қадағалау.
Ғалым А.Алдашева көркем аударманың төмендегідей айырым- белгілерін ұсынады:
а) көркем аударма – ойлаудың образдылық типінің жемісі; демек, мұнда индивидуалдық даралық, шығармашылық ізденіс бар; бірақ
ә) ізденістің шеңберіне шек қойылады, өйткені аудармашының алдында жатқан мазмұны-құрылымы дайын мәтін шығармашылық еркіндікке жібермейді;
б) көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы керек;
в) көркем аударма да төл әдебиет сияқты тұшымды, кедір- бұдырсыз оқылуы қажет;
г) сондықтан аудармада қазақ тілінің табиғи күйі, сөз қолдану, емлелік нормалары сақталуы тиіс [10, 26-б.].
Көркем аударма мен басқа да аударма түрлерінің арасында айырмашылықтар бар. Мысалы, көркем аударма мен ғылыми- техникалық әдебиет аудармасының айырмашылығы мынада: техникалық әдебиеттерді аударушының басты міндеті, фактілерді, қажетті мәліметтерді дәл жеткізу болса, көркем әдебиет аудармашысының міндеті – шығарма идеясы мен композициясын, көркемдік-эстетикалық элементтерін дәл, бейнелі бере білуі.
Жазбаша аударманың келесі бір түрі – ақпараттық аударма. Ақпараттық аударманың негізгі қызметі әдеби-эстетикалық әсер ету емес, қандай да болмасын, ақпаратты мәліметтерді беру болып табылады. Түпнұсқаның белгілі бір қызметтік стильге, тілдік ерекшеліктерге және оның жанрлық жүзеге асуына қатысты болуына байланысты ақпараттық аударма мынадай түрлерге бөлінеді: ғылыми-техникалық, ресми-іскерлік, саяси-публицистикалық материалдарды, газеттік-ақпараттық материалдарды, патенттік әдебиеттерді, экономика және коммерциялық қызмет бойынша материалдарды, сонымен қатар өндірістік-сауда фирмалар қызметінің материалдарын аудару.
Жазбаша аударма процесіндегі ең басты құрал – сөздік. Қазіргі «ақпараттар легі» ғасырында аудармашының жұмысын сөздіктерсіз елестету мүмкін емес.
Аудармашы арнайы терминдерді жылдам табуы үшін, алдымен, ақпараттың қандай дереккөздері бар екенін және оларды қандай ретпен, әрі қалай пайдалану керектігін білуі қажет.
Ақпараттың барлық дереккөздерін жалпы және арнайы деп бөлуге болады.