Қазақ тіліндегі буын түрлерінің, әсіресе, олардың дауысты немесе дауыссыз дыбысқа бітуінің морфологиялық деңгейге тікелей қатысы бар екендігі белгілі. Себебі келесі жалғанар қосымша дауыстыға басталады ма, әлде, дауыссызға басталады ма, ол — алдыңғы буынның соңғы дыбысына тікелей байланысты кездері болады. Сонымен қатар алдыңғы буынның соңғы дыбысы мен соңғы буынның бастапқы дыбысының арасында да дауыс қатысына тікелей байланысты тұстары бар: буынның дауысты, қатаң, ұяң немесе үнді дыбысқа бітуіне қарай қосымшаның бастапқы дыбысы құбылып отырады. Осы зандылықтар қазақ тілі үшін аса актуал болып табылады. Ендеше қазақ тілінің буын жүйесін буын түрлері мен оның дыбыс құрамын дауысты-дауыссыз тұрғысынан ғана жіктеп қойған жеткіліксіз болады екен. Мұндай жіктелім тасымал талабына сай келіп, тасымал ережелерін ғана құрастыруға ғана жарайды. Лексика (сөз) деңгейінде кемістігі жоқ талдау морфология (қосымша) деңгейінде жарамай қалып жатыр. Лексикалық деңгейде буын түрлері мен оның дыбыс құрамы үшін түбір сөздің де, туынды сөздің де мәртебесі бірдей: бақ та бір сөз, бақташы да бір сөз. Екі жағдайда да бақ - бітеу буын, ал та — ашық буын. Осы жіктелім тасымал үшін жеткілікті. Ал морфологиялық деңгей үшін: бақ бірлігінің бітеу буын екендігі жеткіліксіз, оның қатаң дауыссызға аяқталып отырғанын қоса ескеру керек. Ендеше та ашық буыны, біріншіден, дауысты дыбыстан бастала алмайды, егер дауысты дыбыстан басталатын болса, онда бақ бірлігі бітеу буын бола алмайды. Екіншіден, ол тек дауыссыз дыбыстан басталады, оның үстіне бастапқы дыбыс тек қатаң дыбыс болу керек. Бастапқы дыбыс қатаң дауыссыз болмаса, бақ пен та тіркесе алмайды. Сондықтан буын құбылысының өзін екі деңгей түрғысынан қарастырған жөн сықылды. Ол үшін буынның дыбыс құрамын іштей тағы жіктей түсуге тура келеді.