Түрік қағанатының құрылуы, құрылымы жəне саяси тарихы.
Жауабы:
Жауабы: Қытай деректері бойынша түркілер алғашында Қытай шегарасының батысында, Алтай тауларының етегінде өмір сүрді. Кейін түрік тайпаларының көсемі Бумынның басшылығымен иеліктерін Хуанхэ жағалауларына дейін кеңейтті. Қытай деректерінде түркілерге қатысты алғашқы мəліметтер 542 жылдан бастап кездеседі. «Түрік» сөзі «мықты, күшті» деген мағынаны білдіріп, билік етуші ашина əулетіне байланысты айтылды. Кейін олардың қарамағындағы барлық тайпалардың ортақ атауына айналды. Бұл тайпалардың біраз бөлігі теле деп аталды. Түркілер Алтайдан Хуанхэ жағалауларына дейін жеткен кезде Бумын ордасына 545 жылы Қытай елшілігі келеді. Осы сəттен бастап түркілер сол замандағы ірі мемлекеттердің бірі ретінде танылып, тарих сахнасына шығады. Түрік қағанаты Маньчжуриядан Босфорға жəне Сібірден Парсыға (Иран) дейінгі жерді алып жатты. Осындай орасан зор аумақты бағындырып қана қоймай, оған иелік ету қажет еді. Қағандар тек қолбасшы ғана емес, аса көрнекті билеушілер болды. Түрік қағанатында егіншілік пен қолөнер дамыды, түрлі діндер бір-бірімен үйлесім тапты. Қытайдан Византияға апарылатын жібектің бір бөлігі қалаларда қалдырылды. Түркілер мемлекетте тəртіп орнатты. Жаулап алынған халықтардың дербестігі сақталды, олар қағандарға алым-салық төлеп отырды.. Қаған мемлекетті басқарды, жоғарғы сот міндетін атқарды, əскерге басшылық етті. Мемлекетті басқаруда тайпаның ақсүйек қауымына сүйенді. Əскери жəне азаматтық қызметтерді басқаратын шенеуніктер аппараты — ябғу, шад т.б. құрылды. Билеуші əулеттің жасы жағынан ең үлкені қаған сайланды. Мұның өзі кəмелетке жетпеген ханзаданы таққа отырғызудан сақтап, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Билік үнемі тəжірибелі адамдардың қолында болды. Түрік мемлекетінде қарапайым халық бұдун аталды. Қаған ашина руынан шыққан түркі еліндегі ақсүйек қауымының ең таңдаулы өкілі саналды. Түркілердің шыққан тегі бір болғандықтан, олардың жерге жəне соғыстан түскен олжаға құқықтары бірдей еді. Қауым ішіндегі бірлік таптық қарама-қайшылықтарды болдырмады. Ғалымдар түркілер тарихын зерттей келе, қатардағы бүдундардың қаған билігіне қарсы көтерілген бірде-бір оқиғасын кездестіре алмаған. Түркі қоғамының бірлігі берік еді. Түркі тайпалары өз мемлекетінің шегарасында бірігіп, жаңа түркі халықтарының қалыптасу ошағына айналды. Түрік қағанатында дала тайпалары мен қала тұрғындары, будда, христиан дінін ұстанғандар жəне Тəңірге табынушылар бейбіт өмір сүрді.