30.Қазақ хандығының құрылуы, оның барысы және негізгі оқиғалары. Қазақ хандығының құрылуы «жаңа мемлекеттік жүйенің» бастауы болды.
1457жылы Әбілқайыр хан Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан Түркістан өңірінде жеңіліп қалып, өз ұлысында қатал тәртіп орнатуға кіріседі.
Оған қарсы күресті Жәнібек пен Керей басқарды. Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Алғашында Қазақ хандығының территориясы Батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, тұрмыстарын түзей бастады. Жетісу рулар мен тайпалар және мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Жетісуға қоныс аударушылардың саны 200 мың адамға жетті. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды: 1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру. 2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолдары өтетін Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. 3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру. Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Ал Сырдария жағасындағы Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады.
Батыс Жетісудағы иеліктеріне, оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.
Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыды. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархия болды. Мемлекет басшысы – хандар саяси билік жүргізді. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланып отырды.