58. Мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының қазақтың жайылымдық жерлерінің талан-таражға салынуы туралы пікірлері. І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру. Қазақ депутаттары І және ІІ Думада алдарына екі міндет қойды. Біріншісі – Ресейді түбегейлі реформалап, толыққанды халық билігін, яғнишынайы демократиялық мемлекет құру, екіншісі – жеке меншіктегі жердің бәрін мемлекет меншігі пен патша әулетінің қолындағы жермен бірге жалпыұлттық мемлекеттік қорға күштеп алу. Ал мұндай жер реформасы, Алаш жетекшілерінің ұсынуынша, империя халқының экономикалық өмірін де, отаршыл патшалық мемлекеттің құрылымын да толығымен өзгертеді. Ондай өзгеріс, өз кезегінде, жекеменшікті жер институтын тамырымен жояды, ұсақ жер иелерімен бірге патшалық абсолютизмнің тірегі болып келген ірі дворян-помещиктер тап ретінде тарих сахнасынан біржола кетеді, ал саяси билік – өзінен өзі халықтың қолына өтеді
Қазақ өкілдерінің жер мәселесінен кейінгі екінші көздегені – қазақтың барлық 9 облысы мен Астрахан гүбернесіне қарайтын Бөкей ордасына, сондай-ақ Алтай өңірінің Бийскі және Змеиногорск болыстарына – Дума мақұлдаған заң жүзінде генерал-губернаторлық, ояз және крестьян бастықтары институттарын жауып, оның орнына жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін – земство енгізу болды. Оның себебі: егер Ресейдің ішкі еуропалық бөлігінде земствоға ұқсаған мекемелер болса, Сібір мен Дала облыстарында әлі күнге дейін қоғамдық өзін-өзі басқарудың сағымы да болған жоқ. Ә.Н. Бөкейхан ол туралы: «Қазақтар өзінің жер мүддесін қорғауды талап етеді. Ол мүдде «Ақмола мен Семей облыстарына көшіріп қоныстандыруды уақытша тоқтат» деген қағази нұсқаумен қорғалмайды... Ол тек қана... конституция мен халық билігі болған да ғана мүмкін», – деп мәлімдеді
Бір сөзбен айтқанда, І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – 1847 жылы біржола ыдырап, тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасып, нығайып, алға қойған стратегиялық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруына Ресей Мемлекеттік Думасының қосқан үлесі, алатын орны өте зор болды. Алаш зиялылары мен жалпы қазақ қоғамында «халық билігі» («демократия»), «парламентаризм», «құқықтық мемлекет», «жергілікті өзін-өзі басқару» (земство) сынды демократиялық ұғымдардың берік қалыптасуына ықпал етті. Мемлекеттік Думаның 300 ғасырдан астам билеп-төстеп келген Романовтар әулетін тақтан бас тартуға көндіріп, 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жүзеге асыруға қосқан үлесі тіпті шексіз еді. 1917 жылы саны 6,5 млн-нан асқан қазақ халқының сайлау құқын қайтарып берген Уақытша үкіметті жасақтаған да IV Дума болатын.