57. Еуропалық саяхатшылар Қазақ даласы туралы. Еуропалық саяхатшы және суретші Джон Кэстль 1734 жылы Ресей патшалығы ұйымдастырған Орынбор экспедициясының құрамында Орталық Азияға сапар шегіп, екі жыл сонда болды. Осы сапары барысында ол 1736 жылы Кіші жүз қазақтарының ханы Әбілқайыр ханның ордасында болып, ресейліктердің атынан онымен келіссөздер жүргізді.
Кэстль күнделігін басқа саяхат кітаптарынан құнды ететін тағы бір ерекшелігі — сызған суреттері. Хан ордасы, табиғат және портреттер бар. Кэстль күнделігінде бес адамның портретін сызғанын айтады. Олар: Әбілқайыр хан, Әбілқайыр ханның Орынборда ол кезде Ресейдің қолында аманат тұтқында болған ұлы Ералы сұлтан, Алдар атты өте танымал башқұрт соғыс көшбасшысы, оның қызы, бесіншісі — қасында аудармашы болып жүрген татар Мұса. Бірақ кітапқа Ералы сұлтанның портреті кірмеген. Өйткені оны хан ордасында қонақ болып отырғанда Ералы сұлтанның анасы Бопайға ұсынып, қуантады.
Хан ордасынан кетер алдында оны Әбілқайыр хан кешке жеке үйіне шақырады. Сонда ханның әйелдерін көреді. Оның хан ордасын сипаттауынша, киіз үйдің іші парсы кілемдерімен жақсы жабдықталған. Жерде отырған ханның екі жағында Бұқар барқыттан жастықтар болған. Оның жоғарысында қызыл, ақ және алтын үш түсті жібек шымылдық ілулі. Ханның сол жағында төрт бұрышты жібек шымылдық ішінде оның үш әйелі отырады. Бәйбішесінің басында оюмен өрнектелген бас киімі, алтын түсті гүлдермен әшекейленген қызыл жібек киімі болған. Өзге екі әйелінің Бұқар барқыт киімі және ақ матадан бас киімі болған.
Қазақтардың діни сенім-нанымдарына да тоқталған Кэстль: «Қазақтар өте ырымшыл бола отырып, құдіреті шексіз Құдайды құрметтейді. Күніне бес уақыт беті-қолын жуып, дәрет алып, бастарын жауып, тізе бүгіп намаз оқиды, мұсылманша ер балаларын сүндетке отырғызады. Оларда оқи алатын, жаза алатын молда өте аз. Олардың жазуы үнді сиясына батырып, қамыспен оңнан солға қарай жазылады», — дейді.
«Қазақтардың заңдары әдеттегі тұрақты жазбаша заңдарға ұқсамайды. Ахун немесе ең құрметті молда Құраннан алынып қаралған мәселеге қатысты заңдарды ақсақалдарға оқиды, бірақ ақырғы шешім ханға тасталады. Хан шешімі дереу орындалады. Олардың үкімдері өлімге бұйырмайды, көбінде дүреге жығу жазасы болады.