67. Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасының құрылуы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы — 1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында құрылған автономиялы қазақ республикасы.
1920 жылдың маусымында КСРО басшылығымен қырғыз-қайсақтардың (ол кезде қазақтарды қырғыз не қырғыз-қайсақ деп, ал қырғыздарды қырғыз не қара-қырғыз (кара-киргиз) деп атаған) мекен еткен жерлері Орал, Торғай, Семей облыстары, Закаспийский облысының Адай уезі, Бөкей Ордасы және Орынбор облыстары аумағынан қазақтардың ұлттық автономиялық республика құру шешімі қабылданды. Республика астанасы - Орынбор қаласы деп жарияланды.
ВЦИК-тің 1921 жылғы 17 қаңтардағы Жарлығымен Омбы губерниясынан республика құрамына қазақ халқы ертеден шоғырланған Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Қызылжар (Петропавл) уездері Ақмола облысы болып енді.
Сондай-ақ, 1921 жылдың 1 қазанында қазақтар шоғырланған Омбы облысының 15 ауданы да республика құрамына өтті.
ВЦИК-тің 1924 жылғы 21 қазанындағы Жарлығымен бұрын Орынбор облысынан Башқұрт АКСР-ның құрамына өтіп кеткенТоқ-Сұран және Иманғұл аудандары Қазақ АКСР-ы құрамына қайтарылды.
1924 жылы Түркістан КСР-ның таратылуына орай, қазақтар шоғырланған Жетісу, Сырдария, Самарқанд облыстары Қазақ АКСР-ы құрамына кірді. Жетісу облысы аумағынан Қара-қырғыз автономиялы облысы құрылды.
1925 жылы республиканың батысында, Арал теңізінің оңтүстігінде Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АКСР-ы ішінен құрылды.
1925 жылдың сәуірінде республиканын орысша атауы Киргизкая АССР-дан Казакская АССР болып өзгертіліп, ел астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілді.
68. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады.
Етек алған ашаршылыққа байланысты РК(б)П Орталық Комитеті 1921жылғы 17 шілдеде партияның барлық мүшелеріне арнайы үндеу жолдады. «Ашаршылық, — делінді үндеуде, — тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі денгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанынын да салдары».[1]. Партия құжаттарында көрсетілген себептермен бірге, жаппай ашаршылық Кеңес өкіметі қатаң жүргізген, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады.
Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап калды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстар да зардап шекті. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді.