109.Қоғамның конституциялық құрылысының негіздерін құру. Әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігін көрсететін мемлекеттік құрылымы болады. Мемлекет осындай құрылымы жағынан демократиялық, демократиялық емес сипатта не басқаруы жағынан республика, монархия болуы мүмкін. Демократиялық мемлекетте мемлекеттік құрылыстың негізін төмендегідей үш қағидат құрайды: халықтық билік, биліктің бөлінуі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының артықшылықтары. Мемлекеттік құрылыс сол мемлекеттің негізгі заңы Конституцияда бекітіліп, заңдық күшке ие болады. Конституцияда көрсетіліп, бекітілген мемлекеттік құрылыс конституциялық құрылыс деп аталды.Сондықтан, конституциялық құрылыс мемлекет іс әрекетінің негізгі қағидаларын бекітетін, конституциялық нормалардың жиынтығы. Сонымен, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы қандай бөлшектерден тұрады?
Біріншіден, бұл егемендік. Қазақстан егеменді мемлекет. Конституцияның 2-бабының 2-тармағында «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді»-деп жазылған. Мемлекеттік егемендік дегеніміз мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі секілді тармақтарының өз аумағындағы толықтығы және халықаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік биліктің шет мемлекеттердің билігінен тәуелсіздігін білдіретін мемлекеттік биліктің үстемдігі. Демократиялық мемлекетте биліктің бірден-бір қайнар көзі деп мойындау, халықтық егемендіктің көрінісі. Халықтық егемендік қоғамды және мемлекетті басқару ісіне нақты араласу үшін халықтық әлеуметтік-экономикалық және саяси құралдар мен мүмкіндіктерге ие болуын білдіретін халықтың толық билігі деген сөз. Халық өз билігін республикалық референдум не сайлау арқылы тікелей немесе мемлекеттік билік органдарына өкілеттік беру арқылы іске асырады. Ешкім өз бетінше билікті иемденіп кете алмайды. Халық пен мемлекет атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Президентіне және конституциялық өкілеттігі шегінде Парламентке берілген. Үкімет халықтың емес, өзінің құдыреті шеңберінде тек мемлекеттің атынан ғана сөйлеуге құқы бар. Екіншіден, Қазақстан мемлекеттік басқару түрпішіні жағынан республика. Республикада мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары мен лауазымдары бүкілхалықтық сайлау не парламетте сайлану жолдарымен белгілі бір мерзімге сайланады. Қазақстан президенттік республика. Мемлекеттің басшысы, Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Президенті бүкілхалақтақ сайлау барысында 7 жыл мерзімге сайланады. Сонымен бірге-Қазақстан Республикасының ең жоғары өкілді органы Парламент Мәжілісі бүкілхалықтық , тура, ал Парламент Сенаты қосымша сайлаудың нәтижесінде қалыптасады. Үшіншіден, халықтық билік. Конституцияның 1-бабында көрсетілгендей Қазақстан өзін демократиялық мемлекет ретінде бекітеді. Бұл дегеніміз Қазақстан өзін, Конституцияны қабылдайтын, тікелей мемлекет басшысы Президентті және заң шығарушы орган Парламентті сайлайтын және мерзімі өткен соң оларды ауыстыруға деген халықта құрылтай билігі бар мемлекет ретінде анықтайды. Сөз, ар—ождан, тіл, бірігу, мемлекеттік қызметке араласу сияқты құқықтар мен бостандықтар бере отырып, мемлекет әлеуметтік және ұлттық шыққан тегіне қарамастан азшылық пен жекелеген азаматтардың мүдделерін қорғауға мүмкіншілік туғызады. Төртіншіден, мемлекеттің зайырлы сипаты. Қазақстанда дін, діни мекемелер мемлекеттен ажыратылған, мемлекеттік не жалпы міндетті бір дін жоқ. Діни негіздегі партия құруға тыйым салынған. Әрбір адамның, азаматтың белгілі бір дінді ұстануына не ұстанбауына, дінін ауыстыруға болатын ар-ождан бостандығы, құқығы бар. Бесіншіден, құқықтың үстемдігі. Қазақстан өзін құқықтық мемлекет ретінде бекітетіндіктен қоғамдық өмірдің барлық салаларында құқықтың рөлі мен үстемдігі жоғары болуы қажет. Құқықтық мемлекетте адам мен азаматтың құқығы, бостандығы ең қымбат құндылық, заңның үстемдігі, биліктің тармақталуы, сот билігінің тәуелсіздігі, мемлекет пен әрбір адамның өзара жауапкершілігі мойындалуы тиіс. Алтыншыдан, мемлекеттің әлеуметтік сипаты. Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде бекітетіндіктен, мемлекет ат төбеліндей азғана топқа не адам мемлекетке емес, керісінше мемлекет көпшілікке, халыққа, қоғамға қызмет жасайды. Мемлекет қоғамдағы игіліктер мен байлықты барлық азаматтарға тең бөлуге тырысады. Білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік салаларды, халықтың жағдайы нашар, табысы төмен топтарын қолдап отыруға міндетті. Мемлекет адамдардың өмір сүруге қажетті қоршаған ортаның тазалығы, қауіпсіздік, экономикалық бостандықтарды мемлекеттен талап етуін мойындайды. Жетіншіден, Қазақстан Республикасы бірыңғай мемлекет. Біріңғайлы мемлекет дегеніміз өзінің құрамында автономия не қандай да бір мемлекеттік сипаттағы ұйымдар жоқ, бір Конституциясы, тұтас жүйелі құқығы, бір азаиаттығы, өзінің Парламенті, Үкіметі, атқару, сот билігі, әкімшілік аумақтық бөлігі бар, мемлекеттік басқару нысаны. Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бірлігін мемлекеттің басшысы, ең жоғары лауазымды тұлға Президент қамтамасыз етеді. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Сөйтіп, Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарынан төреші сияқты жоғары тұр және бүкіл атқару билігі жүйесін басқарады. Сегізіншіден, Конституцияның 5-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандылық мойындалады. Саяси әралуандылық-Конституцияның аясында әрекет жасайтын барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге саяси үрдіске тең араласу мүмкіндігін туғызатын, көппартиялықтың өмір сүруі және азаматтардың кез-келген партияның мүшесі болуға ие болмауға еркі бар, саяси пікірмен саяси іс-әрекеттің бостандығы. Саяси әралуандылық Конституциясымен мойындалған белгілі бір саяси партияның мүшесі болуы не болмаумен ғана шектелмейді, керісінше кез келген азамат ешқандай саяси партияға кірмеуге де құқығы барлығын мойындайтын еркіндік. Бұдан саяси әралуандылық бір үлгідегі идеологиямен сәйкес емес, керісінше ол идеологияның көптүрлілігімен сәйкес.Идеологиялық әралуандылық-мемлекеттік не жалпыға ортақ міндетті идеология орнатуға тыйым салынатын, саяси әр-алуандылықтың әрекет етуінің кепілдігі болатын, идеологиялық және рухани құндылықтарды таңдаудың еркіндігі. Конституцияның 6-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстанда мемлекеттік пен жеке меншіктің тең дәрежеде мойындалуы және қорғалуы қоғамдық қатынастардың бір саласы экономикалық әралуандылықты көрсетеді. Тоғызыншыдан, Қазақстан Республикасының Конституциясы адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат құндылық деп мойындайды. Мемлекет пен жеке адам арасындағы өзара қарым-қатынас барысында ең алдымен тұлғаның мүддесінің артықшылығын жариялайды. Тұлғаны бағалау, сыйлау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті болып табылады. Оныншыдан, халықаралық шарттар нормаларының Республика заңдары нормаларының алдында артықшылықтары бар. Конституцияның 4-бабының 4-тармағында «Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысы нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады» деп көрсетілген. 2.1. Азаматтық: ұғымы, алу және айырылу тәртібі. Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен тұрақты саяси-құқылық байланысын айқындайды, бұл байланыс олардың өзара құқылары мен міндеттерінің жиынтығынан көрінеді. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматы болу, азаматтығын алу, азаматтығына қабылдау, азаматтықты тоқтату, азаматтықтан шығу, азаматтықтан айырылудың негіздерін және тәртібін белгілейді. Қазақстан Республикасы азаматтығын алу негіздері. Қазақстан Республикасының азаматтығы: 1) тууы бойынша; 2)Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде; 3)Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша; 4)Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII ҚР Заңында көзделген өзге де негіздері бойынша алынады. Азаматтыққа қабылдау Қазақстан Республикасы Президентінің атына өтініш беру арқылы іске асырылады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары: Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, пайым қабілетін жоғалтқан не Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдардан және олардың отбасы мүшелерінен және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сіңірген адамдардан, сондай –ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бірінші абзацында көзделген шарттардың болуы талап етілмейді; 2) Қазақстан Республикасы азаматтарының ішінде жақын туыстарының бірі –баласы, жұбайы жіне ата-анасының біреуі, апа-қарындасы, ағаінісі, атасы немесе әжесі бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзіміне қарамастан, қабылданатын болады. Міндетті әскери қызмет атқарып жүрген және Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери қызметшілердің азаматтығы мәселелері Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен белгіленеді. Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдаудан бас тарту негіздері. Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш жасаушы адам: 1) азаматқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне әдейі қарсы шықса; 2) Қазақстан Республикасы территориясының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса; 3) мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін құқыққа қарсы іс әрекет жасаса; 4) мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің қолданылуына қарсы әрекет жасаса; 5) терроршылдық әрекеті үшін сотталған болса; 6) сот ерекше қауіпті баукеспе деп таныса; 7) басқа мемлеттің азаматы болса, оның өтініші қабылданбайды. Бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған адамның өтініші бойынша осы Заң талаптарына сәйкес оның Қазақстан Республикасы азаматтығы қалпына келтірілуі мүмкін. Азаматтықты қалпына келтіру азаматтықтан шыққан бес жыл уақыт ішінде Президенттің атына өтініш жазу арқылы қалпына келтірілуі мүмкін. Азаматтықты тоқтату негіздері. Қазақстан Республикасының азаматтығы: 1) Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу; 2) Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылу салдарынан тоқтатылады. Азаматтықтан шығу. Қазақстан Республикасы Приезидентінің атына өтініш жазу арқылы азаматтардың өз еркімен азаматтылығының тоқтатылуы. Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға адамның осы Заңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі. Егер шығу туралы өтініш жасаушы адамның Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары болып, олармен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болса, Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығудан бас тартылуы мүмкін. Азаматтықтан айырылу. Қазақстан Республикасы азаматтығынан: 1) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына орналасуы салдарынан; 2) егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса; 3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша; 4) егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын адам дәлелсіз себептермен үш жыл бойы консулдық есепке тіркелмесе; 5) егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, айырылады. 14 жасқа дейінгі балалардың азаматтығы ата аналарының азаматтығымен анықталады. 14-18 жасқа дейінгі азаматтардың азаматтығы олардың келісімімен өзгертіледі. 2.2 Адам мен азаматтың конституциялық құқықтарының, бостандықтарының және міндеттерінің жүйесі. Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары-мемлекетпен қорғалатын, тұлғаның құқықтық міртебесінің кіндігі болып табылатын, адам туғанда, азаматтық алғанда пайда болатын ажырамас құқықтары мен бостандықтары. «Адамның құқығы» және «азаматтың құқығы» екі түрлі ұғымдар.