3.Эмоционалды-экспрессивті лексика. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы эмоционалды-экспрессивті лексика деп танылады. Эмоция бар жерде экспрессия да болады. Әсіресе сүйіспеншілік, масаттанушылық, еркелік, таңырқаушылық, қошаметшілдік, өшпенділік, үрейлену, сес көрсету т.б. Мұндай сөздер тобы негізінен сөйлеу тілі мен көркем әдебиетке тән. Эмоционалды-экспрессивті мәні бар сөздер әр түрлі жолдармен жасалады. Дегенмен бейнелі сөздердің қайнар көзі еліктеуіш (жалт-жұлт, ырғаң-ырғаң, былқ-сылқ т.б.) болып табылады. Эмоционалды-экспрессивті лексиканы түсіну үшін оны эмоционалды-экспрессивті бояуы жоқ сөздерден ажырата білу керек. Бейтарап сөздер мен эмоционалды-экспрессивті сөздерді алдамшы, суайт, өсекші, өтірікші, көз бояушы сөздерін бір-бірімен салыстырсақ, өтірікші сөзі бейтарап болады да алдамшы, суайт, өсекші сөздеріне сөйлеушінің көзқарасында жек көру, менсінбеу аңғарылатындай бояу бар. Мысалы, тою - милығу, жүзі - бет-әлпеті, ұрлау - жымқыру, сөйлеу - сарнау, бәдігін сапыру; үлкен көз - бадырақ көз, жақсы - тамаша сөздердің біріншісі бейтарап сөз болса, екінші, үшінші қатардағылар экспрессивті боялы сөздер екені аңғарылады.
Сөйлеушінің не жазған кісінің көзқарасы, пікірінің түріне қарай экспрессивті боялы сөздер жағымды және жағымсыз белгілерді аңғартатын сөздер болып екіге бөлінеді. Жағымды экспрессивті-эмоционалды сөздер көңілді, сезім мен қуаныш қалыпты, таңырқау, қызығу, сүйсіну мән-мағыналарын береді. Мысалы: ғаламат (өзгеріс), шырқау (биік), ғажайып (көрініс), керемет (әуен) т.б. Жағымсыз эмоционалды-экспрессивті сөздер төмен санау, менсінбеу, жек көру т.б. мән-мағынаны аңғартады. Мысалы, шүңірек (көз), арбиған (дене), сүмеңдеу, міңгірлеу, болбыр т.б.
4.Тұрмыстық-қарапайым лексикағакүнделікті өмірде, тұрмыстық қарым-қатынаста қолданылатын жалпы халыққа белгілі, сөйлеу тілінің аясындағы сөздер жатады. Тұрмыстық-қарапайым сөздердің ішінде бір нәрсенің бағасын кеміту, құнын төмендету мақсатында қолданылатын, стилистикалық бояуы бар сөздер, дөрекі, тұрпайы сөздер, қарғыс-алғыс мәнді сөздер де көптеп кездеседі. Тұрмыстық-қарапайым лексика ауызекі сөйлеу тілінде ғана қолданысқа ие. Бұлар дәл осы қалпында әдеби тілде кездеспейді. Әдеби тілде бұлардың орнына стильдік мәні жағынан бейтарап деген синонимдер жұмсалады.
5. Варваризмдер тілге етене сіңбеген, бөтен тілдің сөзі деген ұғымды білдіреді. Варваризмдерді қолданудың әр түрлі жолдары бар:
1) Кейде бір халықтың шынайы өмірін, тұрмыс-салтын суреттеп көрсетпек болғанда, сол елдің ұлттық ерекшелігін бейнелеу мақсатымен саналы түрде әдейі қолданылады.
Мысалы: Орта Азия халықтарының өмірін суреттеген кезде чайхана, пәранжа, қышлақ сөздерін қолдану орынды саналады.
2)Тыңдаушыға ерекше әсер етіп, күлдіру үшін халық ақындарының варваризмдерді қолданатын жағдайлары кездеседі. Мысалы:
Қалқатай, кари глаз екі көзің,
Никогда не забуду айтқан сөзің.
(Ақан сері)
3)Өзге тілдегі сөздерді сөзбе-сөз аударуға қиын тиген жағдайда, варваризмдер сол қалпында ешбір өзгертілмей алынады. Мысалы: Абай шығармаларында қазақ тіліне сіңбеген мынадай орыс сөздері кездеседі: визит, закон, виноват және т.б. 4) Варваризмдер кейде қоғамдағы жағымсыз жексұрын типтерді халыққа мазақ етіп келемеждеу үшін де қолданылады. Мысалы:
Сыпыра елірме, сұрқия
Көп пияншік нені ұғар
(Абай)
Мұндағы пияншік сөзі қулық-сұмдықты кәсіп еткен сұрқияларды мысқылдап, жұртқа мазақ етіп көрсету үшін қолданылған.
5) Ана тілін білуге мән бермей, тіл шұбарлаушыларды келемеждеу үшін де жазушылар варваризмдерді қолданады. Мысалы: Осы наметит еткен жұмыстардан реальный ешнәрсені жарыққа шығара алмадық (І.Жансүгіров).
Ауызекі сөйлеу тілінде қолданылып тіл шұбарлайтын варваризмдер де осылармен тектес: конечно, значит, что вы, давай, ну-ка т.б.