3. Қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдер үлкен екі топқа бөлінеді: а) ғылыми-техникалық әдебиет; ә) көркем әдебиет. Қазіргі қазақ тілінде Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде, негізінде, орыс тілінің әсері арқылы көптеген неологизмдер пайда болған. Мысалы: базальт, боксит, кидлит, плутон сияқты терминдер орыс тілі арқылы алынды. Бұл – геология терминдері – сол ғылымның жергілікті мамандары үшін де неологизм болады. Бұл сөздер қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамында аударылмай, тікелей келіп кірсе, терминдер қазақтың байырғы сөздерінен де жасалады. Бірақ бұлардың өзі де неологизм түрінде болады. Мысалы: алтын шаю (золотопромывание), атпа (извержение), желі (жила), керегетас (горсть), шөктіру (осаждение), шөгінделер (осадки). Мысалы: желі деп – бұрын тек бие байлау уақытында құлындарды тізіп байлап қою үшін қазыққа керілген арқанда атаса, қазір тау жынысын білдіретін атау. Берілген мысалдар геология мен тау өнері терминдеріне қатысты. Бірақ ғылымның бұл саласына қатысы бар заттар мен ұғымдар жөнінде сөз болса, олар көркем әдебиетте немесе басқа әдебиеттерде қолданылуы мүмкін. Бұл сөздер қазақ тілі сөздік құрамына, бір жағынан неологизм болып енсе, екінші жағынан термин сөз болып енеді (1, 192).
Неологизмдердің бір түрі ретінде қаралып жүрген жеке авторлық қолданыстағы жаңа сөздерді айтып өтуге болады. Автордың стильдік мақсатта қолданған өзіндік жаңалығы сол күйінде неологизм болып қала беруі, актив лексика қатарына енбеуі де мүмкін. Ал жеке автордың қолданысында пайда болатын жаңа сөздер – стильдік мақсатпен туындайтын, әдеби тілімізге кіру қабілеті шектеулі, мағынасы жағынан контекстке байлаулы, жасалуы жағынан тіл заңдылықтарына үйлесе де, үйлеспей де келетін, үнемі жаңашылдығымен ерекшеленетін сөздер. Мысалы, Қ.Мырзалиевтің мынандай қолданыстарын атауға болады: дертхана, ұшарман, Азалыстан. Кейде көркем әдеби тіл нормасына ғана тән окказионализмдер тілдік нормамен үйлесімділік тауып, оған еніп те жататын кездері болады. Мәселен, Ш.Ш.Сарыбаев «Казахская региональная лексикография» деген еңбегінде балмұздақ, аялдама, теледидар сөздерінің алғашқы кезде окказионализмдердің қатарында болғанын, кейіннен әдеби тілімізге қабылданғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде І.Жарылғаповтың көрермен, оқырман деген өзіндік жаңа сөздері берілді. Бұл қолданыстар бүгінгі күні әдеби тілімізге қабылданып, одан орнықты орын алып отырған сөздердің бірі болып табылады. Әрине, берілген сөздер алғаш қолданылған кезден әдеби тілімізге енген жоқ. Бірақ кейіннен көпшіліктің қолдауы негізінде тілімізде тұрақталды.