1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет3/53
Дата18.10.2022
өлшемі0,62 Mb.
#43816
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Аманжолов С. Вопросы диалектологи и истории казахского языка. –Алма-Ата, 1959.
2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы, 2003.
3. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –Алматы, 1987.


Тақырып бойынша орындалатын тапсырмалар:
1.Қазақ тілінің генеологиялық жіктемесі.
2. Қазақ тілі – ұлт тілі, ұлттық әдеби тіл және мемлекеттік тіл.
3. Қазақ тіл білімінің зерттелу тарихына шолу. Конспект.
4. Лексикологияның мақсаты, міндеті және зерттеу нысаны.
5. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары.

Дәріс тақырыбы: Сөздің лексика-семантикалық табиғаты


Дәріс жоспары:
1. Ұғым, мағына және сөз.
2. Сөз семантикасы, сөз теориясы.
3. Сөз мағынасының семантикалық құрылымы.


Дәріс мазмұны

Ұғым – логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, тіл – тілдік категория ретінде бір-бірімен тығыз байланысты. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Адам санасында сезім мүшелері арқылы (есту, көру, сезу, дәм, иіс) қабылдауға болатын нақты, деректі заттар мен құбылыстардың бейнесі қалыптасқан. Сонымен қатар тек түйсік сезімі арқылы қабылданатын нақты заттық дерегі жоқ ойтанымдық құбылыстар (қуану, ренжу, қайғы, адамгершілік) бейнеленіп берілетін болған. Демек, заттар мен құбылыстар жайындағы осы күнгі ұғымдар адамның сезім мүшелері мен түйсігі арқылы қоршаған ортаны танып білуінің нәтижесінде туған. Сезімдік танымның бірінші сатысы – түйсік. Заттардың, құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткенде - бүкіл белгілерінің бейнеленуі түйсік деп аталады. Ұғымның тек негізгі белгілері ғана адам жадында сақталып, зат пен құбылыстың негізгі белгілерін салыстыру арқылы бір-біріне ұқсас, тектес заттардың ортақ белгілері анықталған. Қоршаған орта туралы білімді біз тек түйсік арқылы ғана емес, қабылдау арқылы да аламыз. Заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткенде бүкіл белгілерінің біртұтас бейнеленуі қабылдау деп аталады. Мәселен, құрылысына, салыну ерекшеліктеріне, түрлеріне қарамастан жалпы үй атаулыға ортақ белгі – олардың баспана болатындығы.


Сезімдік танымның үшінші сатысы – елестету. Заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етпеген кезде көрнекі, тұрақты, жалпы белгілерінің санамызда бейнеленуі елестету деп аталады (1, 5-8 бб.).
Танымның жоғары сатысы – ойлау. Ойлау дегеніміз – шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы қасиеттерін, мәнді белгілерін бейнелендіретін, олардың арасындағы нақты байланыстар мен қатынастарды ашатын психикалық процесс. Дүниедегі заттар мен құбылыстар жоғарыда көрсетілген сезімдік бейнелеулер арқылы адам санасында сәулеленеді. Сөйтіп олар туралы ұғым пайда болады. Ұғым дегеніміз – зат, құбылыс, іс-әрекетке тән мәнді және жалпы белгілердің адам санасында жинақталып берілген бейнесі. Заттар мен құбылыстардың бір-бірінен айырмашылығын көрсететін қасиеттері мәнді белгілер, ұқсастығын көрсететін қасиеттері жалпы белгілер ретінде танылады. Санадағы ұғымның адамдардың қоғамдық тәжірибесі арқылы сөздік қабыққа бекітілген бөлегі ұғымдық мағына деп аталады. Ғылыми әдебиеттерде ұғымдық мағынаны заттық-логикалық мағына деп те атайды. Сөзбен бірге өмір сүретін ұғымдық мағынада материалдық дүниенің белгілі бір дәрежедегі бейнесі болады да, біртұтас толық бейнесі көбіне көрініс таппайды (2,81-82 бб.).
Сөздің негізгі қызметі – атау, зат, құбылыс, іс-әрекетті олардың белгілерін атап білдіру. Дегенмен, мынадай жайттарды ескеру керек: біріншіден, ұғым сияқты сөзде де зат, құбылыстың жалпы белгілері жинақталып беріледі. Үй, ат, құм, өзен, Ахмет – бір затты сол тектес заттардан айыру үшін қолданылған белгі. Неғұрлым кейін пайда болған ұғым атаулары бұрыннан белгілі ұғымдарға ұқсастық негізінде жасалып отырады. Мәселен, күнбағар, итмұрын, түйетабан т.б. Етістік ұғымды білдіретін сөздердің жалпылығы күшті (тамақ, ас, өлексе, жем, шөп т.б.) жеу, ішу етістіктерімен беріледі. Екіншіден, сөз бен өзі білдіріп тұрған зат, құбылыс арасында табиғи байланыс болмайды. Үшіншіден, тілдегі сөздердің бәрі бірдей қалыптасқан логикалық ұғымды білдіре бермейді (шылау, одағай, көмекші, модаль сөздер).
Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымның арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Егер бір зат жайында ұғымымыз болмаса, оның мағынасын біле алмаймыз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы – сөз мағынасының маңызды шарты болып табылады.
Сөз мағынасы ұғымдық мазмұнға қоса, айтушының көзқарасын, көңіл-күйін, сезімін, сөздің грамматикалық сипатын білдіре алады. Бұған қарап, сөз мағынасының ұғымнан кең екенін көреміз. Сөз мағынасы ойды ғана білдірмейді, сезім мен әртүрлі көңіл-күйді білдіру үшін де жұмсалады. Мағынаның лексикалық және грамматикалық болып бөлінетіндігі белгілі. В.В.Виноградовтың анықтамасы бойынша, сөздің лексикалық мағынасы – тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тән жалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық мазмұны. Демек, сөздің лексикалық мағынасы зат, құбылыс, іс-әрекеттің санада бейнеленіп тұрақталған ұғымның мазмұнын қамтиды. Сөздің лексикалық мағынасын түсіну үшін, сөздің заттық-логикалық мәнін, лексикалық мағынаны соған ұқсас басқа лексикалық мағыналардан ерекшелеп көрсететін белгілерін анықтау қажет. Мысалы, сиыр сөзі мынадай ұғымдық белгілерден тұрады:
1) заттық мазмұны жағынан төрт түлік малдың бірі екендігі;
2) сырт көрінісі жағынан ірі қара малға жататындығы;
3) табиғаты жағынан мүйізді ірі қара мал; айыр тұяқты мал; күйіс қайыратын мал.
Сиыр сөзінің осы белгілері оның басқа мал түрлерінен ерекшелігін білдіреді.
Профессор Б.Сағындықұлы: «Сөздің өзге сөздермен қарым-қатынасқа, байланысқа түспей, жеке-дара тұрғанда тікелей түсінілетін халық таныған логикалық-заттық ұғымы, лексика-семантикалық түсінігі лексикалық мағына деп аталады», - деп жазады (1, 9 б.). Осы қасиеті арқылы сөздерді бір-бірінен ажыратып танудағы негізгі мағына ретінде танылып, сөздің басқа мағыналарының тууына негіз болады. Сөз мағынасынан әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы айқын көрінетіндіктен, мағынаны таным категориясы ретінде сипаттаймыз. Мысалы, ми – бас миды білдірсе, орыс тілінде бас миымен қатар, жілік майын да (костный мозг) білдіреді. Малай сөзі қызметші, жалшы мағынасында қолданылса, башқұрт пен татар тілінде бала мағынасында қолданылады.
Сөз мағынасы әрқашан бірқалыпта тұрмайды. Сөз семантикасының дамуына тіл жүйеісінің ішкі заңдылықтары мен ақиқат өмірдегі мәдени-тарихи, әлеуметтік өзгерістер әсер етіп отырады. Сөз мағынасының дамуында мағына не кеңейіп, не тарылып отырады. Мысалы, қыз-қырқын қос сөзінің құрамындағы қырқын сөзі о баста «күңнен туған қыз» мағынасында қолданылса, қазіргі тілімізде мағынасы ұмыт қалып, жалпылама ұғымды білдіруде қолданылады. Сол сияқты кіндік сөзі де ертеректе 1920 жылдары «белгілі бір ел, мемлекет не ұйымға тән орталық» деген мағынада қолданылған. Омбы – мәдениет кіндігі. 1930 жылдардың ортасынан бастап бұл сөз ауыс мағынада қолданылмайтын болды.
Сөздің грамматикалық мағынасы деп грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағынаны айтамыз. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасының негізінде туады, бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет