Білім беру сапасын басқару - қазіргі педагогикалық теория, практика талаптарына сай, келетін, жеке тұлға, қоғам мен мемлекеттің білімге деген қажетін қанағаттандыра алатын білім берудің маңызды белгілерінің жиынтығы
Білім беру сапасын басқару мектеп басшысының басқару қызметіндегі басым бағыты болып табылады. Білім беру сапасын басқару мына бағыттарды қамтиды:
1.Жалпы білім беру сапасы.
2.Білім беру процесін басқару сапасы.
3.Білім процесін іске асыру сапасы.
4.Білім беру процесі нәтижесінің сапасы.
5.Жалпы білім берудің функционалды сапасы.
Жалпы білім беру сапасы: 1)білім процесінің негізгі шарттарының сапасы; 2)ғылыми - әдістемелік жұмыстарының сапасы; 3)материалдық – қаржылық қамтылу сапасы және 4)мектепке дейінгі білім сапасы деген бірнеше бөліктен тұрады.
Білім беру процесін басқару сапасына кадрлық қамтылу сапасы, оқушылардың психосоматикалық денсаулығының сапасы және педагогикалық еңбекті ынталандыру сапасы жатады.
Білім процесін іске асыру сапасына мыналар енеді: 1.Білім мазмұны сапасы; 2.Оқыту сапасы; 3.Оқу сапасы.
Білім беру процесі нәтижесінің сапасы төмендегі бағыттарда анықталады: 1)Оқыту деңгейі; 2)Денсаулық сапасы; 3)Креативтілік сапасы; 4)Тәрбиелілік деңгейі; 5)Тұлғаның дамуы деңгейі; 6)Басты құзырлылықтың қалыптасу сапасы.
Жалпы білім берудің функционалды сапасы:
1.Білім берудің оқушының білім қажетіне сай келуі;
2.Білім берудің қоғамдық институттар қажетіне сай келуі;
3.Білім берудің ата-аналарының сұранысына сай келуі;
4.Білім берудің аймақтық еңбек нарығына сәйкес келуі;
5.Білім берудің кәсіптік білім беру талабына сай келуі.
Білім беру сапасын нәтижелік тұрғыдан басқару
Қазіргі білім беру жүйесінің дамуы оның әр түрлі буындарын басқарудың тиімділігімен анықталады. Жаңарған мектеп алдындағы негізгі міндет басқару жүйесін түсіну мен оны нәтижелік тұрғысынан басқарудан тұрады.
Мектепішілік басқару жүйесінің түпкі нәтижеге бағытталуы оны ақпараттық қамтамасыз етуге, педагогикалық талдауға, жоспарлау мен бақылауға жаңаша көзқарасты қажет етеді.
Қазіргі мектепішілік менеджментте бірінші орында күн санап күрделеніп бара жатқан мәселелердің шешімін табуға және оған жауапты болуға тиісті адам факторы тұр.
Бұл жағдайда тәжірибе иен интуиция қабылданған шешімнің оңтайлылығын қамтамасыз ете алмайды.
Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде процеске бағытталған дәстүрлі басқарудан нәтижеге бағытталған басқаруға көшу жүріп жатыр. Өйткені, мектептегі білім беру сапасының негізгі көрсеткіштеріне ҰБТ қорытындылары алынуда.
Дәстүрлі басқарудан нәтижелік басқарудың айырмасы неде?
Дәстүрлі басқаруда шаруашылық басшы іс-шаралардың маңызын көрсете отырып, қызметтік міндет бөлінісін жасайды, ұзақ мерзімді жоспар жасай отырып, жоспардың орындалу барысы туралы кезеңдік есеп береді.
Нәтижелік басқаруда менеджер басшы нәтиженің алатын орнын көрсете отырып, нәтижелік міндет бөлінісін жасайды, стратегиялық жоспар жасай отырып, нәтиженің анықталу барысы бойынша нәтижелік есеп береді.
Дәстүрлі басқаруда даму қалыпты емес және біржақты жүреді, іске атүсті қарау басым, шаралар науқандық сипатта кемшіліктерді жоюға бағытталған болады.
Нәтижелік басқаруда даму жүйелі және кешенді бағытта жүреді, мақсатты іс-әрекеттер қиындықтың алдын алуға бағытталады.
Дәстүрлі басқаруда нәтиже нақты көрсетілмейді, мектепішілік бақылау жұмысы соңғы нәтижеге ғана бағытталған, іс-шараны талдау жалпылама және жауаптыны жазалау үшін жүргізіледі.
Нәтижелік басқаруда нәтиже деңгейлеп көрсетіледі, педагогикалық мониторинг негізінде аралық нәтижелермен де жұмыс жасалады, үрдіс себеп-салдарлық тұрғыдан талданып, олқылық пен қателіктен сабақ алуға бағытталады.
Нәтижелік басқару екі өзара байланысты процестен тұрады: жүзеге асыру және талдау. Нәтижелік басқаруды жүзеге асыру жағдай жасаудан басталып, білім беру процесін ұйымдастыру арқылы нәтижеге алып келсе, нәтижелік талдау керісінше алынған нәтижені талдаудан басталып, білім беру процесін талдау арқылы жасалған жағдайларды талдауға барып тіреледі: Жағдай – Процесс – Нәтиже.