1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



Pdf көрінісі
бет17/29
Дата15.03.2017
өлшемі1,52 Mb.
#9852
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29

193
Манадан  дыбысы  шықпаған  иттің  Шолақты  қайдан  сезгенін 
кім  білсін,  өршелене  үріп,  тартқан  сымды  бойлай  бері  қарай 
жүгірді  де,  төбеде  отырған  Шолақтың  нақ  астына  кеп, «кімсің?» 
дегендей,  ырылдап  қана  қарады.  Шолақ  бұл  үйден  кеткеннен 
кейін  күшіктей  асырап  алған  ит,  үлкендігі  тайыншадай  бірдеме 
екен.  Басын  жоғары  көтере  ырылдаған  оны,  Балуан  шынжыры-
нан  шап  беріп  ұстап,  жоғары  қарай  көтере  қойды  да,  қылқынып 
булыққан  ит  жақындаған  кезде,  өкшемен  тұмсықтан  теуіп-теуіп 
жіберді.  Содан  кейін  үні  өшкен  иттің  шынжырынан  арқалыққа 
асып байлай сап, қарғып төмен түскенде, Ақбоз иесін танығандай 
оқыранды. 
Көзінен  жасы  шығып  кеткен  Балуан  атына  жақындағанда, 
күйсеп  жатқан  көп  өгіздің  арасынан  біреуі  түрегелді  де,  күжіл-
деңкіреп,  бері  қарай  жүрді.  Өзі  кеткеннен  кейін,  Егордың  қора-
сында  сүзеген  бұқа  пайда  болғанын,  жаяу  түгіл,  атты  кісіні  де 
маңайынан жүргізбейтінін, талайлардың атын жарып тастағанын 
Балуан естіген еді. Сол бұқа екен деп ойлап, бірақ сескенбей қарсы 
барып еді, бұқа қаймыққандай тұқырып, көңді алдыңғы аяғымен 
қопарып  шаша  бастады.  Қасына  барғанда  күжірейген  бұқаның 
мүйізінен Балуан шап беріп ұстай алды. Сүзуге тырмысқан бұқаны 
еркіне жібермеген Балуан, беліндегі қамшысын алып, оң бүйірден 
тартып-тартып қалып еді, бақ етіп қаша жөнелді де, енді қайтып 
ұмтылмады. 
Тез кетудің қамын ойлаған Балуан қақпаға барса, тұтқасының 
сомдығы білектей, етегі күректей құлып, қақпаның жуан темірден 
соққан  баспасында  салулы  тұр.  Жерде  жатқан  бір  жіңішкелеу 
темірді  алып,  құлыпты  бұрап  еді,  темірдің  өзі  майысты.  Басқа 
сайман таба алмаған Балуан құлыпты оң қолымен қапсыра ұстап, 
бар  екпінімен  бұрап  кеп  қалып  еді,  етегіне  қабыстырған  жалпақ 
темірдің шегелері шығып кетіп, кілті бос қалды. Қақпаның ашы-
луына көзі жеткен Балуан атына келіп, кісенін сылдырсыз бұзды
да,  қақпаға  кеп  сықырсыз  ашты.  Содан  атын  жетектеп  жүріп, 
ұйқыдан  жалқауланған  өгіздер  мен  ауылының  жылқыларын 
қорадан айдап шықты. 
Қақпа  алдында  дыбыссыз  қуанышпен  қарсы  алған  достары, 
малдарын  үн-түнсіз  айдасып,  село  шетіне  шығарып  берді.  Сол 
арада қоштасқан достарының ішінде Павел Ларионов та бар екен. 
–  Малдарды  осы  бетіңмен  айда  да,  Меңіреудің  қалың  қара-
ғайына  жет! – деді  ол. – Содан  кейін  Егор  түгіл,  шайтан  да 
іздеп  таба  алмауы  анық.  Аржағын  өзің  біле  бер.  Біздің  қолдан 
келгені осы. 

194
Балуан  орыс  достарына  алғыс  айтты  да,  Ларионов  сілтеген 
жөнге жүріп кетті..
Арасынан иттің тұмсығы өтпейтін Меңіреу қарағайының ара-
сынан өзі ғана білетін бір жіңішке жолды тауып, орманның қалың 
ішіне сүңгіп, Балуан таң біліне жайлы жерге бекінді. Өгіздерді ол 
санаса – сексен  екен.  Бəрі  де  сала  құлаш  мүйізді,  атан  түйедей, 
өңкиген жануарлар. 
Ауылмен астыртын хабарласқан ол, Қызылжардағы ет заводы-
на өгіз айдаған Ақмоланың купецтері келе жатқанын естіді. Олар 
Меңіреу тұсына кеп қонғанда, сексен өгізді қырық сомнан сатты 
да, ақшаның көбін ауылдағы тілеулес адамдарына үлестіріп беріп, 
азын ғана қалтасына басып, мəселе бір жайлы болғанша бой таса 
қыла тұру мақсатымен, Ақбозына мінді де, жақын арада Атбасар 
қаласында ашылғалы жатқан жəрмеңкеге суыт жүріп кетті. 
15. ҒАЛИЯ 
Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, 
Сипатыңа, екінші, құрмет айлап. 
Анда-санда көзіме бір көрінсең, 
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап. 
Ойпырым-ай, жан сəулем, Ғалия, 
Бетіңнен... 
Аппақ қардай етіңнен... 
Бір күн ауру, бір күн сау, 
Жазылмадым, 
Ой, ой, ой... дертіңнен!
1
Ақтөбе қаласынан Омбыға тартқан патша өкіметінің əскерлік 
жолының үстіне бекет есебінде түскен қаланың біреуі – Атбасар. 
Оның ең алғаш орнауы 1854 жыл. Бұл қаланың əскерлік бекет бо-
луынан  басқа  қандай  маңызы  барын  оның  аты  көрсетеді. «Атба-
сар» екі сөзден құралған: «ат», «басар». Бұлай деп қойылуына мы-
надай себеп бар: Атбасар қаласы салынған маңайда Арғын руының 
Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қозған, Қақсал дейтін ру-
лары бар. Бұларда мал, əсіресе жылқы малы көп болған. Атақты 
Құлтума  ақын  Аққошқар,  Сайдалы  дейтін  байлардың  байлығын 
айтқан өлеңінде: 
Сұрасаң арғы атамды – Қуандықты, 
Қылыпты өз тұсында жуандықты. 
1
 Өлеңін де, əнін де Балуанның өзі шығарған. 

195
Аққошқар, Сайдалының заманында, 
Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты,–
дейді. 
Атақты ақын Біржан сал: 
Кім жетер Алтайдағы Жанайдарға, 
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар, –
дейді.  Атбасар  қаласында  ең  алғаш  ашылған  базарды  мыңдаған 
жылқы басып кеткен соң, соғыс бекеті орнына салынған қаланың 
аты «Атбасар» боп кете барған... 
Атбасар үш өзеннің түйіскен жерінде: Есіл, Керегетас, Жабай. 
Балуан  Шолақ  базарға  келсе,  осы  үш  өзеннің  арасында  жүз 
мыңдап жиналған малдың ұшы-қиыры жоқ!.. 
Театры,  киносы  жоқ  ерте  замандағы  ауылда,  халық  өзінің 
ойын-тойларынан, əр жерде ашылған базарларды да ойын-сауық-
тың ордасына айналдырған, халықтың: «балалы үй – базар, баласыз 
үй – қу мазар» деп, баланың қылығын базарға теңеуі сондықтан. 
Атбасар  базарының  «базары»  Балуан  Шолақ  болды.  Оның 
ақындығы, əншілігі, қулығы, əзілі, сықағы, атқа ойнауы, дене өнерін 
көрсетуі халықты қайран қалдырды. Өнері осындай болғандықтан, 
көрген  жұрт  та,  көрмеген  жұрт  та  «Балуан  Шолақ  кепті»  деген 
жерге, сауда-саттығын тастап, аттылы, жаяулы шұбыратын болды. 
Балуан Шолақтың қай жерде тоқтағанын, қайда келе жатқанын, 
қайда бара жатқанын базаршылар біліп отырды. Ол – теңіз, өзге-
лер өзен сияқты, қай жерде ол тұрса, сол жерге жан-жақтағы жұрт 
құйыла  қалады,  ол – магнит,  өзгелер  темір  сияқты, – қай  жаққа 
қарай жөнелсе, өзгелер де жапырылып оның артынан шұбайды. 
Осы думанмен жүрген Балуан Шолақ, бір күні, екі өзен: Кере-
гетас пен Жабайдың аралығына тігілген көп ақ үйге кездесті. 
– Бұл не? – деп сұрады ол серіктерінен. 
– Қымызшылар мен қасапшылар тіккен үйлер. 
– Түсейік біреуіне! 
–  Түссек  таңдап  түсейік, – деді  біреуі, – бұлы  өтімді  болсын 
дей ме, немене, қымызды жас келіншектер мен қыздар құяды жəне 
көбі – сұлулар.  Қараөткелден  келген  бір  келіншек  бар  осында. 
Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ мінезі жібектей 
есіледі,  əзілге  судан  жүйрік!  Күйеуі  момын  жігіт  көрінеді.  Биі – 
келіншегі.  Сауық-сайранды  жақсы  көретін  келіншек,  қымызды 
өзгеден тəтті ұстайды. Аты – Ғалия. 
– Үйі қайсы? –деді Балуан. 
– Анау тұрған! 

196
Бастаушы  Балуанды  ақ  үйлердің  орталау  кезінде  тігілген, 
үзігінің сыртқы етегін қызыл шұғамен оюлатқан, баулары, белдеуі 
термелеп тоқылған бір үйге əкеліп түсірді. 
Олар  аттарын  үй  сыртына  матастырып  жатқанда,  төңірегі 
ша шақты  ақ  жібек  шəліні  құлағынан  қыстыра  арқасына  төккен, 
етек-жағасын  алтын  зермен  мəнерлеткен,  қызыл  барқыт  жеңсіз 
қынама  бел  қамзолы,  асығынан  аз-ақ  жоғары,  қос  етек  жібек 
көйлегі  бар,  аяғында  кестелі  биік  өкше  етігі  бар,  екі  құлағында 
салпыншақты алтын сырғасы бар келіншек киіз үйден шыға берді 
де, жолаушыларға аз уақыт қарап тұрып, үйіне қайта кірді. 
– Осы! – деді біреу. 
– Кімді айтасың? – деді Балуан. 
– Жаңағы үйден шыға беріп, қайта кіріп кеткен келіншекті. 
– Неге өйтті ол? 
– Балуанның мысы жеңген болар... 
– «Аттыға – жол, жаяуға сөз бермейді» дейтін келіншек еді ол, 
қаймыға қойды ма екен? Басқа бір себебі болар... 
– Не де болса үйге бара көрейік, – деп жігіттер үйге кірсе, келі-
шек  қымыз  ішіп  отырғандарды  тұрғызып,  төр  алдына  шымқай 
жаңа қызыл ала батсайы көрпе төсеп жатыр екен. 
–  Жұртқа  төсемейтін  көрпеңді  төсерлік,  кімің  еді  ол? – деп 
үйдегілердің  қалжыңдағанына  келіншек  жауап  бермей,  көрпені 
тез төседі де, Балуан Шолаққа көз қырымен ғана қарап, əдеппен 
ығысып, қымыз құйған шараның қасына барды. 
Бірақ келіншек отырмады, сыйлайтын адамынан бұрын отыр-
майтын  ауылдың  əдепті  əйелдерінің  дағдысымен,  Балуанға 
бір  қырындап  түрегеп  тұрды.  Төрге  төселген  батсайы  көрпеге, 
қалжыңбастау  бір  жігіт  «жақсы  болды-ау,  мынау  маған»  деп, 
отыруға жылжып еді: 
– Тəйт, əрі, қалжақтамай, – деді орта жастылау адам оған же-
кіріп, – білмей отырмысың кімге салынған көрпе екенін? 
– Кімге? – деді қылжақбас. 
– Əкеңе! 
«Кім ол – əкем?!» дегендей қараған қылжақбастың көзіне Бал-
уан  Шолақтың  түр-тұлғасы  өзгеден  ерекше  көрініп  кетті: «осы 
екен ғой – əкем! – деп жорамалдады қылжақбас. – Тегі, тегін кісі 
болмас бұл!..» 
Үйдегілер  Балуанға  түрегеп  амандасты.  Төрде  айналасы  кең 
дөңгелек  тапал  үстел  тұр  екен,  үстінде  жиегіне  айнала  қойған 
үлкен  фарфор  кеселер,  ортада  кең  ағаш  табаққа  турап,  бетін  ақ 
сүзгімен  жапқан  жылқының  семіз  сүр  қазы-қарталары,  қыртысы 
қалың майлы сүр ет. 

197
Балуан Шолақ та, өзгелер де отырды, келіншек əлі түрегеп тұр. 
«Сапылдап  сөз  бермейтін  еді,  Балуанның  мысы  жеңуін  қа-
рашы!» – деп күңкілдесті еркектер өзара. 
Балуан келіншекке «апыр-ау, қайда көрдім, мұны?» деген ой-
мен амандасты. 
Амандыққа  ернін  ғана  қозғап  үнсіз  жауап  берген  келіншек, 
шараның қасына отырды да, екі əдемі кесеге қымызды құйып, өз 
қолымен əкеп, біреуін Балуан Шолаққа, біреуін оның қасындағы 
жігіттің біреуіне ұстатты. Келіншектің кім екенін Балуан енді ғана 
таныды:  баяғы  Тоқсанбайдың  асында,  Түйе  балуанмен  күрескен 
жолы, шапан жапқан осы келіншек! 
«Міне, қайда кездесу!.. – деп ойлады Балуан келіншекке əлсін-
əлсін қарап. – Мұның аты Ғалия екен ғой...» 
Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түсті. Ат үстінде ұзағырақ 
жүріп сусаған ол, осы үйге түсерде бір сүйретпе қымызды жалғыз 
ішерліктей болған еді. Қазір, алғашқы екпінмен жұтқан жарты аяқ 
қымыздың өзі əрі өтпей, өңешінде тұрып қалған сияқтанды. 
Үйдегі жігіттер Балуан Шолақпен танысқаннан кейін, өлең айту-
ын өтінген еді. Бұған дейінгі мəжілісте іркілмей суырыла жөнелетін 
ол,  мына  жолы  бойындағы  бар  ақындық,  əншілдік  қуаты  қашып 
кеткендей,  домбыраға  саусағы  жүрмеді,  аузына  сөз  түспеді.  Жү-
регінде жаңа бір ірі əн толқи бастаған сияқтанды оған, бірақ, ол əн 
кеңірдегіне сыймай, кептеліп алқымына тығылып тұрғандай болды. 
– Ат үстінде көп жүріп алқынып ем, – деді ол, қолына берген 
домбыраны  қасына  сүйей  сап, – сөкпеңіздер.  Əнге  қазір  жайым 
жоқ. 
Босағада отырған жігіттер өзара күңкілдесті: 
«Дауылпаз деген бір құс бар, дауысы жер жарады, қасына кел-
се жұдырықтай» дегендей, – деді біреулері, – «Балуан, Балуан», –
деп  жұрттың  дəсердей  ғып  жүргені  осы  ма?!  Қаңқайған  денесі 
болмаса, мынауыңда береке шамалы екен!..» 
– Білмей айтып отырсың, – деді оған қасындағысы, – еркектің 
сиқыры əйел емес пе? Əйелге елтімеген, əйел арбап қуатын да, сабы-
рын да жеңбеген қай еркек көрдің? Жалғыз көз қарасының өзімен-
ақ, Ғалияның оны арбап, қуатын да, қайратын да мұрындықтаған 
түйедей жетегіне алғанын абайламай отырмысың? 
–  Мен  мана  аңғарғам, – деді  үшінші  біреу, – есіктен  кіргелі 
Балуанның екі көзі сонда. 
– Осылар маған көптен əмпей кісілер сияқты, – деді төртінші, –
əйтпесе,  Балуан  Шолақ  сияқты  батыр  бір  көрген  əйелге  бұлай 
құмарта қалмас еді!.. 

198
– Сабыр етіңдер, артын күтейік, – деді біреулер. 
Балуан  Шолақтың  аңсары  ауғанын  Ғалия  ана  жылы  да  көз 
қа расынан аңғарған, бұл жолы да аңғарды. 
Ғалия  Ақмола  қаласында  туып-өскен  Тілеу  дейтін  ке-
дей  жатақтың  қызы  еді.  Əкесінде  бұдан  басқа  бала  болған  жоқ. 
Сондықтан ба, я əйел баланы ерекше сыйлайтын қазақ əдетінен бе, 
əйтеуір Тілеу, өзі бойнада мал союмен күн кешсе де, Ғалияны киер 
киім,  ішер  астан  кенде  қылған  жоқ.  Еркін  өскен  Ғалия  жасынан 
сырнайға, əнге əуес болды, қалада «əнші қыз», «сырнайшы қыз» 
аталады. 
Бұрын тамыр-танысы ғана болмаса, жан жоламайтын Тілеудің 
үйіне,  Ғалия  өскен  соң, «қас  батыр,  қайран  жақсы»  дегендей, 
қаланың  да,  даланың  да  мырза-шоралары  қаптап  кетті.  Қырдан 
қалаға  келетін  мырзалар,  бұрын  Ақмоланың  үйлерін  таңдап, 
қайдағы  тəуір  пəтерге  түссе,  Ғалия  өскен  соң,  Тілеудің  қала 
шетіндегі  сиықсыз  землянкесіне  таласып  түсетін  болды.  Оның 
қорасы атқа, землянкесі адамға сыймады. 
Қаланың да, даланың да мырзаларынан əйелі болсын, болма-
сын Ғалияны саудаламағаны кемде-кем. Қаланың мырзалары мол 
түрде ақшасын, даланың мырзалары мол түрде малын ұсынды. 
Бірақ бұлардың біреуіне де əкесі міз баққан жоқ. Оның жауа-
бы: «Балам ержетсін, кемеліне келсін, ақылы толсын, содан кейін 
кімге барса да еркі. Теңі келсе, тек берем. Ғалияның қалыңынан 
күн көрмей-ақ қоям». 
Ғалия ержетті. Сөйлеушісі көп, əкесінің уəдесі жоқ. Ғалияның 
өзіне  сөйлессе,  əзіл-оспақтың  шытырманына  алып  кетеді  де, 
əурелеп  апарып,  адастырып  жібереді, «шебер-ақ  құрдым»  деген 
тор лардың ешқайсысына оралу түгіл, түспейді. 
Оның бұл қылығына өшіккен жігіттер: «Пəлен болдым, түген 
болдым» деген өсектер таратады. Бұл өсектердің кейбірі əкесі мен 
шешесінің де құлағына шалынады. Оған күйінген шешесі əкесіне: 
«Баланың бағын байладың, міне енді, мынадай атаққа таңылды!» 
деп  талай  рет  шаптығады,  талай  рет  көз  жасын  төгеді,  əкесі  бұл 
өсекке қажығанмен, қызын сүймеген біреуіне бере салуға обалсы-
нады. 
Осы  қаңқу  қажытқан  Ғалияның  əкесі,  бір  күні  қызына  кісі 
арқылы сөз салды: 
– Балама айт, – деді ол, – өзі білетін қымызшы Біржан Ғалияны 
көңіл етеді. Ол əрі момын, əрі ауқатты жігіт екенін балам біледі. 
Мен  болсам  жер  ортасынан  астым,  шешесі  де  сары  кідір  боп 

199
қалды. Күшім бар кезде, момын біреумен елбесіп-селбесейін деп 
ем, Біржан соған дəл кеп тұр. Балам соған көнсін. 
Елші адам Ғалияға əкесінің бұл сөздерін артығымен жеткізді. 
Ғалия жауап бере қоймаған соң: «Ойлан, – деді елші, – ақылың бар 
бала едің, есігіңе келген ырысты маңдайға теппе». 
Мұны  айтпай-ақ,  Ғалия  өзінің  жұбайылық  өмірі  туралы 
көп  ойланатын  еді.  Ол,  қаланың  медресесінен  мұсылманша 
жап-жақсы  білім  алған  қыз.  Кітапты  да  ол  жасынан  көп  оқыды, 
солар дың  ішінде  ерекше  сүйетіні  ғашықтық  қиссалары  болды. 
«Қиссалардағы  қыздар  ғашық  болғандай  жігіттер  кездессе,  мен 
де  ғашық  болар  ем», – деп  ойлайтын  еді  ол.  Сондай  жігітті  ол 
іздеді де, бірақ таба алмады. Ғашық  болуға жарарлық жігіт оған 
қиялдағы ертегі сияқты көрінді. Ол соңғы кезде ғашықтық бола-
ды дегенге сенбеді, сондықтан, бір жағы, жасы жеткен, екіншіден, 
көп есек құлағын сарсытқан ол, кім де болса, тəуекел деп біреуге 
бармақ еді, міне, сондай кезде, əкесінің ұсынысы кездесе кетті. 
Қайту керек? 
«Бармаймын»  десе,  əкесі  ренжиді... «Барайын»  десе,  Біржан 
теңі  емес...  Бұндайда  əйелдің  əлі  келетіні – көз  жасы.  Ойы  тол-
қыған  Ғалия  жатты  да  жылады...  ол  ұзақ  жылады...  Одан  өнер 
ешнəрсе  жоғына  көзі  жеткен  Ғалия: «Бəрібір, – деп  қорытты 
ойын, – тағдырдың көлденең тосып тұрған бақытын көрген жоқ-
пын. Ойдағым табылмауына көзім жетті. Əкемнің көңілі жабыр қа-
масын, барайын!» 
Қызының  көнгенін  естіп  қуанған  əкесінің  Біржанға  жалғыз 
ғана шарты болды: 
– Жалғыз балам болған соң ерке ғып өсіріп ем, – деді ол, – жас 
күнінен сауық-сайранға, əн-күйге əуес боп өсіп еді. Қолыңа барған 
соң,  қазан-ошақтың  ортасына  қамап,  күң  ғып  жіберме.  Қымыз 
сатуды  кəсіп  еткен  жігітсің.  Баламды  сол  таза  жұмысыңа  ғана 
қос: таза жерде, таза киім, таза ыдыспен қымыз сатсын. Ойдағы-
қырдағы  жəрмеңкелер  мен  базарларға  барып  та  қымыз  саудасын 
жасайсың.  Сонда  қасыңнан  тастама.  Қымыз  бар  жерде – сауық 
бар. Одан бетін қақпа. 
Біржан бұл айтқандардың бəрін де істемек болды.
...Кешікпей  той  жасалды.  Біржанның  төрт  бөлмелі  қарағай 
үйіне  Ғалия  келіншек  боп  түсті.  Бұрынғы  Тілеудің  үйінен 
шықпайтын мырзалар енді Біржанның есігін босатпады. Біржанға 
бұл залал да болған жоқ. Бұрын тоқал шешесі сататын қымыздан 
жөнді пайда ала қоймайтын. Ғалия босағасын аттаған соң-ақ, сау-
дасы күсет бола бастады. Қымызды сатып ішушілердің көбі соның 
үйінде болды. 

200
Оның қорасында кең қарағай сарай болатын еді, соған кілемді 
жайып, лық тола жиналған жұртқа, əсіресе қылжақбас бозбалаларға 
қымызды Ғалия өз қолынан құйып берді. Оның қолынан жұтқан 
қымыз бозбалаларға бал татыды. 
Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса, əкесінің 
үйінде, бəлкім, тұйықтау, ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң 
кіммен де болса бет пердесін аша сөйлесті. Бір жағы əзіл, бір жағы 
сықақпен,  қымызға  келген  бозбалаларды  ол  ұршықтай  үйіріп, 
билеп  əкетті.  Ара-тұра  сырнайға  қосыла  əн  шырқап,  думан  да 
жасады... 
Біржанның  «үй  иесі»  деген  аты  ғана  болмаса,  билік  Ғалияда 
болды.  Ғалияға  өшіккен  біреулер  Біржанға: «əйелің  пəленмен, 
түгенмен  жақын»  деп  шағыстырды  да.  Ол  сөзге  сырттан  елегіз-
генмен, Ғалияға қатты сөз айтуға Біржанның батылы жетпеді. 
Расында  да,  тағдырына  мойынсұнған  Ғалия  Біржанды  еркек 
деп емес, ерім деп ұқты, сондықтан азғырушылар көп болғанмен, 
Біржанның  көзіне  ол  шөп  салған  да  жоқ,  салам  деп  ойлаған  да 
жоқ. Оның ойы: «Маған ер боларлық жігітті əлі көргем жоқ. Мен 
көрген ердің бəрі – еркек қана. Біржан да соның бірі. Олай болса, 
басымды бəріне қосақтап қайтем? Бірімен ғана болсам, жетпей ме 
соның?» 
Осы ойға табанын нық басқан Ғалияның өмірден ендігі алмақ 
болған лəззаты – Біржанның қымызын сата отыра, уақытын ойын, 
сауық, əзілмен, əн-күймен өткізу еді. 
Бұрынғы Ақмола, Семей облыстарында жыл сайын жаздыгүні 
үш  жерде  ірі  жəрмеңке  болады:  Қоянды,  Тайынша,  Атбасар. 
Бұлардың Ақмолаға ең жақыны екі жүз елу шақырым. Базарларға 
төңіректен ең кем дегенде мың шақырым жердегі халық жинала-
ды.  Кейде,  бір  шеті  Петербургтен,  бір  шеті  Ташкен – Құлжадан, 
бір шеті Владивостоктан мал жинайтын саудагерлер келеді. 
Біржанға  келгелі  Ғалия  осы  үш  базардың  ешқайсысынан 
қалмады. Базарға Біржан сауын бие айдамайды, барған жерде са-
уын биені үйірімен, тігетін үйді жасауымен уақытша сатып алады 
да, базар тарағанша сайрандап жатады. 
Көлденең  қараған  кісіге  бір  базардағы  табысынан-ақ  байып 
кететін сияқты, себебі қымыз сатып ішетін базаршының көпшілігі 
соның үйінде. Бірақ көлденең жұртқа көмескі нəрсе, – ақша ғып, 
жамбасына  басып  жатса  өзі  біледі  де,  ал  басқа  көзге  көрінетін 
дүние жағынан пəлендей жарқырай қалған ештеңе жоқ, баяғы бір- 
сыдырғы қоңыр дүрсін күйі. 
Ғалияның ең алғаш Ақмоладан ұзап барған базары – Ақмо ла 
мен Қызылжар арасындағы «Тайша» еді. Балуан Шолақты оның ең 

201
алғаш Тоқсанбайдың асында көруі де осы «Тай ша ның» жолында. 
Ол  жолы  Балуан  Шолаққа  апарып  шапан  жапқанда,  атағын 
бұрын  естігендіктен,  я  құмартқандықтан  жаппаған  еді.  Түйе 
бал уан  мен  Балуан  Шолақ  ұстасарда  «анау  жіңішкені  анау  жуан 
езіп тастайды-ау! – дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт. –
Жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» 
Ғалия  да  осы  ойда  болды,  бірақ  оның  тілегі,  танымаса  да, 
жіңішке  жігітке  ауды.  Жуан  жіңішкені  үйіргенде,  Ғалия  өзін 
үйіргеннен кем қынжылған жоқ. Сөйтіп, «жіңішкенің халі не бо-
лар екен» деп қорқа қайғырып тұрғанда, жіңішке жуанды арқалай 
жөнелді... «Ə, құдай бере гөр!» деп айғайлап қалды Ғалия қуанып 
кетіп. Жіңішкенің жуанды үйіре жөнелуіне тіпті сүйсінген Ғалия, 
жерге  алып  соққанда,  қуаныштан  есі  шығып  кетті...  Ол  жүгіре 
басып  арбасына  барды  да,  үлкен  ақ  сандығын  тез  ашып,  Таш-
кенттен  келген  ала  жібек  шапанды  Балуан  Шолаққа  ала  жүгірді. 
Шапанды жабудағы оның мақсаты – жас балуанға сый ғана беру 
емес, аты-жөнін сұрап танысу еді. Оған үлгермей, Балуанды Паң 
Нұрмағамбет  шақырып  əкетті.  Арманда  қалған  Ғалия  арбасына 
қайтып келсе, бұрын қызғанғанын сездірмейтін Біржан, бұл жолы 
бұртаңдаған кескінмен, аттарын арбаға жегіп жатыр екен. 
– Неге асықтық? – деді Ғалия. 
– Жүреміз! – деді Біржан, түйген қабағын жазбай, жегіп болған 
арбаға отыра беріп. – Мін, тез!.. 
– Тойды аяқтамаймыз ба? 
– Оған уақыт жоқ. 
«Қызғанышы  ма,  несі  бұл?! – деп  таңданған  Ғалия,  жылжи 
берген арбаға əрең мініп үлгерді... 
Артынан, жіңішке балуанның аты Нұрмағамбет екенін, елі оны 
Балуан  Шолақ  деп  атағанын  Ғалия  естіді.  Қайтарда  Ғалия  Бал-
уан  Шолақтың  ауылына  соқпақ  боп  еді,  Біржан: «Жолдан  бұрыс 
көрінеді» деп ризаласпады. 
Ғалия Балуан Шолақты со ойлағаннан ойлай беретін еді, оны 
тағы да көруге құмартатын еді, міне енді, сол құмарынан шығудың 
сəті Атбасар базарында, өз үйінде түсті. 
«Атбасарға Балуан Шолақ кепті... Өнерімен елді таңғалдырып 
жүр», – деген сөзді Ғалия естіген еді. Көргісі кеп іздемек болған 
оны  екі  ой  бөгеген  еді,  біреуі – «Əйел  басыммен  іздеп  баруым 
ұят болар»; екіншісі – «Тоқсанбайдың асындағы көз қарасын қата 
ұқпасам, мені өзі іздеп табуға тиіс». 
Осы ойдың тұғырына талпынған көңілдің құсын байлай қон-
дырып, іштен сабырсызданған Ғалия, «келе жатыр ма» деп, үйінен 

202
тысқа əлсін-əлсін шығып қарай беретін болды. Балуан Шолақ пен 
серіктері  түсіп  жатқанда,  Ғалияның  үйінен  шыға  беруі,  осы  көп 
шығудың бірі еді. 
Балуанды Ғалияның тез тануына бұрынғыдан толуы, нұрлануы 
бөгет  болған  жоқ.  Балуанға  қараған  сайын,  жүрегінде  бұрын 
бықсып жанған құмарлық оты қызына түсті... 
16. «БАТЫР – БІР ОҚТЫҚ» 
Бір ат келді базарға құла қасқа, 
Жібек ноқта басында, бауы басқа. 
Ғашық болып көріскен, Ғалияжан, 
Кел, екеуміз мінейік тарантасқа! 
Ойпырым-ай, жан сəулем Ғалия, 
Қабағың... 
Күндей аппақ тамағың. 
Қарақаттай көзіңе құмарлана, 
Ой, ой, ой... қарадым!.. 
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Атбасар  қаласының  күнгей  жағындағы  Есіл  өзенінен  қалаға 
беттеп,  кең  қара  жолмен  жұлдыздай  аққан,  арбаға  жегілген  бір 
жорға көптің көзін сүріндірді. 
– Бұл кім? – десті жұрт шуласып. 
– Балуан Шолақ! 
– Е, онда осы сияқты жорға бар ма еді? 
– Кеше базарға құлақасқа жорға түсіп еді, – деді біреу, – Челяба 
қаласынан келген купецтің жорғасы екен. Талай жасқа келдім, та-
лай сұлу жылқыны көрдім, мұндай сұлу жылқыны көрген емеспін. 
– Онда иесі неге сатады?! 
– Купец салт ат міне ме? Арбадан шыққан жылқы болса керек 
жануар. Сол мінезінен сатса керек. 
– Қаншаға алды? 
– Екі жүз сомға. 
–  Апыр-ай,  мына  Балуан  Шолақ  жынданған  шығар, – десті 
көпшілік шулап, – он шақты аттың құны ғой мынау. 
– Тегін ақшаны аясын ба, – десті əркімдер. – Қайрақты қала-
сының  сексен  өгізін  ұрлап  алып  сатып,  соның  ақшасымен  келді 
деген. 
– Сол купецтің фаэтон жеңіл арбасы бар екен, – деді біреу, – 
Бал уан Шолақ атқа арбаны қоса саудалап, жүз сомға алыпты. Жұрт 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет