265
– Мен құдай!.. Мен патша!.. Аш абақтының есігін, қақпасын! –
деп ақырды ол кілтшіге. – Бердім бостандық, бейшараларға!
Өзгелер де мас болды. Есінен айырылған олар қиян-кескі
төбелесті. Сол апыр-топырда Тоқпан əуелі Балуан Шолақтың
камеріне кірді де, аяқ-қолындағы кісенді алды, содан кейін Бал-
уан екеуі барлық камераның есігін, қақпаны ашып, қамаудағылар
түгел қашты...
Өзара қиян-кескі төбелескендердің басы жарылғаны, көзі
шыққаны, жараланғаны аз болған жоқ. Таяқты ең көп жеген За-
вьялов. Тегін ет пен қымызға мейірімді болғансығанмен, ол өзіне
бағынатындарға аса қатал еді, тілінен қолын бұрын жұмсайтын еді.
Сол кек кеудесінде жүрген абақты қызметкерлері мас боп алғаннан
кейін, Завьяловты жүндей түтті... Өзара да төбелескен олар, айғай-
шумен көшеге шықты...
Абақты Ақмоланың қаласынан оңаша, Есіл жағасында еді.
Жəне бұл кез қала халқының үйді-үйіне орныққан шағы, көше
тастай қараңғы.
Абақты қызметкерлерінің жанжал-шуын естіген адамдар бол-
ды. Сондай төбелес қаланың əр жағында күнде боп жататын, олар-
ды арашалауға жабайы халық түгіл, полицейскийлер де қорқатын.
Мынаны да сондай төбелестің бірі деп ұққан халық, шуды ести
тұра, тырп еткен жоқ.
Ессіз қимылмен бірін-бірі аямай пергілесіп жүрген абақты
қызметкерлерінің біреуі, «осыдан құтылмай жарық жоқ дегендей»,
абақтыға от берді. Ол үй, асты кірпіш, үсті бөрене – екі этажды
болатын. Қурап тұрған тақтай мен бөренеге тұтанған жалын лезде
аспанға шықты.
...Каланча қағылды. Жұрт өртке жүгірді. Есінен адасқан мас-
тар кездескенді сабап, жұрт өртті сөндірерін, я мастарды ұстарын
білмей састы.
Мастардың кім екенін, өрттің қайдан шыққанын біразға шейін
ешкім біле алмады. Өртке Тройцкий де келді. Тұтқындардың
қашқанын көрді.
– Қызметкерлері қайда? – деп іздеді ол, өрт сөнуге айналған
шақта ғана есін жинап. – Завьялов қайда?..
Оны жұрт ессіз құлап жатқан жерінен тапты. Егер өрт
сөндірілмесе, соққыдан ауыр жараланған ол күйіп кетеді екен...
Мастарды көпшілік жабылып əрең ұстаса – бəрі де абақты
қызметкерлері!.. Бірі де есін білмейді!..
Бұл оқиғаның артында зіл жатқанын көрген Троицкий жан-
дармдарға: «бəрін де есі кіргенше бір үйге қамаңдар! Абақтыдан
266
қашқандарды табу үшін, қалаға шетінен тінту жүргізіңдер!» деп
бұйырды.
Сол күні Троицкийдің үйінде Татьяна мен күйеуі келу құрметіне
мəжіліс болып жатыр еді. Мəжілісте күйеу мен қалыңдықтан басқа
Омбыдан келген прокурор, чиновник особых поручений
1
бар да,
жəне ояздық чиновниктер де бар. «Өрт!» деген хабар естілгенде
қорыққан оларға Троицкий: «Сіздер отырыңыздар, мен өзім ғана
барып сөндіру ісін басқарып қайтайын» деген.
Троицкий қайтып келсе, қонақтар үрейлі екен. Ішкі тыныш-
сыздығын олардан бүркеген Троицкий:
– Абақты күйген! – дей салған еді.
– Абақты! – десті қонақтар шу ете ғап. – Ыңғайсыздау хабар
екен! Тұтқындары қайда?..
– Қашыпты!..
– Енді қалай ұсталады олар?! – деп уайымдады прокурор.
– Өзгелері ұсталар ғой, – деді Троицкий, – ұстатпайтын бір
адам қашып отыр!..
– Кім?
– Балуан Шолақ!
«Балуан Шолақ» деген сөз құлағына шалынғанда, былай да
үрейленіп тұрған Татьяна, жайдың оты соққандай, «аһ!» деді де,
талып кетті!..
– Компресс!.. Су!.. – деп шуласты үйдегілер.
Бұл қалада Балуан Шолақ бар деген ой Татьянаның өңі түгіл,
түсіне де кірген жоқ еді.
Міне, сол Балуан Шолақ оның алдынан шықты!..
27. ӨЛІМ ТҰЗАҒЫ
Күнім де сен, Ғалия, айым да сен,
Көзді тартар батсайы, шайым да сен,
Ғашық болып айқасқан құшағымды,
Балтаменен шапса да айырма сен!
(Балуан Шолақтың өлеңінен)
Абақтыдан шыға қараңғы көшенің біреуін бойлай, аяғын ен-
телей басқан Балуан үйіне келсе, Ғалия оны қақпа алдында тосып
тұр екен.
– Біздің елде Сарманның сары қызы деген бар еді, – деді Бал-
уан Ғалияға күле қолдасып, – қай байға берсе де, аз күн отасып,
1
Чиновник особых поручений – губернатордың саяси жəрдемшісі.
267
үйіне қайтып келе беретін еді. Сол сияқты абақты – күйеу, мен –
сол сары қыз, сыйыспай тағы қайтып келдім.
– Келсең кел, сенен безер төркін жоқ! – деді Ғалия.
– Қайдан білейін: «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан
жау жаман», – дегендей боп жүрмесе!..
Осы кезде көшеде шу көбейе қалды.
– Балуан, – деді Ғалия шуға елегізіп, – ренжімесең, сені басқа
бір үйге апарайын.
– Қайда?
– Бара көрерсің, жан таба алмайтын жер.
– Қашқан қоян қайда паналамайды? – деді Балуан күрсініп. –
Қайда бастасаң да барайын, тек, апама ғана амандасып шығайын...
– Ол кісі басқа үйде.
– Жүр, онда!
Ғалия үн-түнсіз, Балуанды қолтықтай, қараңғы көшенің біреуін
бойлап тартты.
Олар бірқыдыру уақыт жүрді. Сол кезде күйген абақтының
аспанға шыққан жалыны сəуле шашып, қаланың абақты жағы
бозамықтанып кетті. Өртке жүгірген жұрттың кейбіреулері Ғалия
мен Балуанға да кездесті, бірақ «Кімсің? Қайда барасың?» дегені
жоқ.
Ғалия Балуанды өзен жағасындағы кішірек, бұрын көрмеген
үйге алып келді. Бұл үйде атам-заманнан семьясыз жалғыз қарт
парикмахер тұратын, Ғалияның əкесі – Тілеумен дос болатын,
Ғалияны қызым деп жақсы көретін.
Парикмахер қолтоқпақтай ғана денелі, бүкіштеу, өзінен мұрны
мен мұрты үлкен, кішірек шүңірек көк көзді, қулықшыл шал екен,
өзі қазақшаға судай.
Амандық-саулықтан кейін, Балуанды парикмахер төргі бөлмеге
кіргізді.
– Маған кең сарай сияқты еді, күйеужан, – деді шал, бөлмеге
кіре қалжыңдап, – саған тарлау екен. Бірақ көңілім кең. Соған разы
боласың да.
Балуан алғыс айтты. Ғалия шалды Қалампыр мен Тілеуді
шақырып келуге жұмсады. Кешікпей олар да келді.
Енді не істеудің жайын ақылдасқанда, Қалампыр баласының
Жетісу жағына кетуін мақұлдады. Оның мəні былай еді: Бал-
уан Шолақтың арғы атасы Үйсін екені бізге өткен тараулардан
мəлім. Ол – Балқаш көлі мен Алатау арасын жайлайтын ел. «Руын
жасырған мүрдет», «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген
мақалдарға сенетін Балуан Шолақ, есін білгелі, елі – Үйсінді табу-
268
ды, ұнаса тұрып қалуды арман еткен еді. Басына таршылық күндер
туғанда: «туған ағайынның арасында тұрсам, бұндай болмас ем,
жанашырдың жоқтығы ғой, бұл» деп ойлайтын еді.
Қызылжар мен Көкшетаудан Алматы, Құлжаға, Құлжа мен Ал-
матыдан Көкшетау, Қызылжарға саудагерлер жыл сайын ағылып
жатады. Сол саудагерлердің біреуінен о бір жылдары Балуан
Шолақ Үйсіннің білікті деген адамдарына сəлем айтып, іздеуге
ойы барлығын хабарлаған еді. Келер жылы саудагерлер Балуанға
Жетісудағы ағайындарынан шақырған хат алып келгенде, Балуан
абақтыда жатып, қолына тимеген еді.
Сол хабар биыл көктемде тағы келді. Бірнеше кісі қол қойған
бұл хат былай жазылыпты:
«Хұрматлу баһадүр Балуан Шолақ есімді Нұрмағамбет Бай-
мыр заұғлина біз Үйсіннің яхшыларынан дұғаһи сəлем. Бағдында
бізден хал-ахуал сұрасаңыз, сағуа сəлəмəтпіз. Емді үшбу хат-хабар
қыламыз ки, бізлəр саған үшбу хат илан екі мəртəбə хат жолдадық.
Сізден бір хат алдық. Шондан кейін бу уахытқа қадар һеш хат
алмадық. Біздің хат сізге барған, я бармағаны би мағлум. Дахи-
да біз сізге хабар айтамыз. Біздің Үйсін: Абақ, Тарақ боп екіге
бөлінеді. Тарақтан Жалайыр. Сізге үшбу хатты жолдап отырған
біз – Абақ балалары. Абақтан: Бəйдібек, Бəйдібектен: Сары Үйсін,
Шапырашты, Жарықшақ. Сізге үшбу хатты жазған Бəйдібек
ішінде Жарықшақ балалары. Жарықшақтан: Дулат, Албан, Суан.
Сізге үшбу хатты жазған Дулат балалары. Дулаттан: Сиқым, Жа-
ныс, Ботпай, Шымыр. Шежіреден қарап, қариялардан сұрағанда
сенің руың Жаныс. «Жаныс көп пе? Қамыс көп пе?» деген бұл
елде мəтел бар. Жаныс көп ел. Өзіңізге мағлым: қазақ үш жүзге
бөлінгенде, жалғыз Үйсіннің өзі бір жүз жəне Ұлы жүз болған.
Жетісу облысының көпшілігі Үйсін. Үйсін Қытайда көп. Халқың
сені көруге бек құштар. Үшбү хатты жазған адамдар сенің келуіңді
бек қатты күтеді».
Бұл хатты алғаннан кейін, бұрын да көргісі келген Үйсінге
баруға елегізді. Ақмола облысындағы ұлықтардың қуғынынан
қажыған оның, үй-ішімен біржола Жетісуға көшіп кеткісі келді.
Осы оймен ақылдасқанда, Балуанды қимаған достары кетпе деп
тура айтпай, басқа сылтау тапты.
– Кетуіңе қарсы емеспіз, – деді олар, – о да ата-бабаң өскен ел.
Руыңды тапқың келсе, қимағанмен, амал қанша, бірақ бізге бата-
тыны: еліңді еркіңмен іздеп бара жатқан жоқсың, қашқын есебінде
кетесің. Ол ел де біздің ел сияқты шығар, ол елде де біздің ел
сияқты, жақсысымен қатар, қазан бұзар тентегі бар шығар. Ертең,
269
іздеп барған еліңде тентек біреу: «Қаңғырған қашқын» десе, сүйе-
гіңе кетпес таңба болады ғой дейміз... Ойлан!.. Өзің біл!..
– «Қара құлақ – қасқырдың шамы», – деп ойлады Балуан. –
«Қашқын» деген сөзді естігеннен өлгенім жақсы. Одан да, келетін
ажалды осы арада күтейін!
Бұл кеңестердің бəрін Қалампыр да, Ғалия да білетін еді.
Тоқпан меңдуананы əкетіп, Балуан абақтыдан шығады деген үміт
күшейген кезде Қалампыр, Тілеу, Ғалия – үшеуі отырып ақылдасты.
– Осыдан аман құтылса, – деді Ғалия, – бас сауғаның ең
қолайлы жолы – Жетісуға кету.
Тілеу: «Мойны алыс жер, қалай барады? Өзі барар, əке мен
шешесін, сені қалай əкетеді? Əкеткенмен, бəрің Жетісуға жете
аласыңдар ма? Ол бұдан атпен айлық жол», – деп уайым жаудыр-
ды. Ондағы ойы – «қызым Балуаннан айырылып, тағы байсыз қала
ма» деп қорыққандық еді.
Ғалия əкесінің түпкі ойын айтпай-ақ ұқты. Сондықтан да
ол: «Балуанның сорына туған адам болдым мен, Атбасарда да,
мұнда да Балуан мені сағалаймын деп қолға түсті. Балуанның қас
дұшпаны – мен болатын болдым. Егер осы тұтқыннан аман шықса,
ендігі обалына қалмаймын», – деп ағыл-тегіл жылады.
Ғалия, Қалампыр, Тілеу – үшеуі: «Ең болмағанда Жетісу
жақта біраз жыл жүріп қайтсын, оған шейін сары кідір тартып,
жастық қызуы бəсеңдер, ұлық та тишығып қузауын қояр», – деген
ұйғарындыға келді. Егер Балуан аман шыға қалса, бұл ұсынысты
Қалампыр айтпақ болды. Бұл кеңесті оның бастаған себебі сол.
– Апа! – деді Балуан.
– Əу, құлыным!
– Өзім өз болып, ес біліп, етек жапқалы мен сізді ренжіткен
жоқ шығармын.
– Жоқ, қарашығым!
– Əлі де ренжіткім келмейді. Бір сөз айтайын десем, сені ренжи
ме деп қаймығам. Қаймықсам да айтам, мені жақсы көруіңе сенім
айтам, жақсы көргендік үшін кешірер деп айтам. Бұл менің саған
ең соңғы өтінішім, апа! Бір тілегімді бер, осыдан кейін, дүниенің
бар азабы үстіме құлап, көтеру тетігі сенде болса да, «апалап» ау-
зымды ашпауға ант берейін.
– Сонша неге сарқылдың, күнім? Айт тілегіңді!
– Берсең ғана айтам, апа!..
Балуан анасының кеудесіне басын сүйеп, жалынышты көзбен
кескініне қарады.
– Қалқам-ай! – деді Қалампыр. – Жеңіл-желпі болмайтын еді
270
тілегің, мен сені балам деп аяп, тілегіңді берейін, сен мені анам
деп аяп, көтеретін салмақ арт.
– Тілегім мынау еді, апа! Өзіңе аян, мен дүниеге күле кірген
бала едім. Сол дүниеден күліп өтпек боп, жақсы ат мінгім келді,
жақсы киім кигім келді, жақсы жар құшқым келді, дүниені
сауық-сайран, ойын-тоймен, əн-күймен базарлағым келді. Осын-
дай кіршіксіз тілекпен іздегенімді тапқым кеп еңбек жолына
шыққанымда, жазықсыз күндеушілер көбейді, жолыма оралғы бол-
ды. Ол оралғыларға бөгелмей, мен талайын таптадым да, үмітіме
қарай ұмтыла бердім... Бірақ оралғылар сиқыршының торы сияқты
екен, бірін үзсем, екіншісі, оны үзсем, үшіншісі кездесті... Өздерің
айтатын едіңдер ғой: «баяғыда Қорқыт деген адам бопты, ол
өлімнен қашыпты, қайда қашса да алдынан көр кездесе беріпті,
содан кейін қашудан қажып, кез келген көрдің біріне өз еркімен
жатыпты да, қашан ажал жеткенше күй тартып өтіпті» деп; сол
Қорқыт – мен болдым!.. Сен маған Жетісуға бар дейсің, апа, сон-
да ол жақта да қазылған көр жоғына көзің жете ме? Көкшетаудан
Ақмолаға көрден құтылам ба деп келген жоқ па ем мен? Кəне
құтылғаным? Не жаздым мен бұл үкіметке, қайда барсам алдым-
нан көр қаза беретін?
– «Тек жүрсең – тоқ жүрерсің» деген, балам, – деді Тілеу, –
көңіліңе келсе де айтайын, өзіңде де бар, тек жүрмейсің.
– Мен не қылдым тек жүрмей?
– Мəті, Дəуленге, Нұрланға соқтыққан өзің емеспісің? «Ау,
жарқыным, олар дүмді адамдар, соқтықпа, мерт боларсың» деген-
де тіл алдың ба?
– Балуанды табалауың ба, əке? – деді Ғалия кейіп.
– Осалды мықты шыңғыртып жеп жатқанда, қасында қарап
тұрсам, мен кім болам? – деді Балуан.
– Біз саған қас кісі емес, – деді Тілеу, – жан ашығаннан айтылған
сөз ғой. Сонымен, сөзді қысқасынан қайырғанда, не демексің?
– Дейтінім сол, – деді Балуан, – қашатын қоян емеспін. Мен
өлгеннен дүние иесіз қалмайды. «Қашқан жауға – қатын ер»...
– Сонда?!.
– Менің табан тіреген ойым: бір күн туыппын, бір күн өліппін.
Қашан өзім өлгенше, жауласқан адамды бауыздаймын да жүрем.
Апа! Егер тілегімді бергенің шын болса, осы бетіме қарсы шықпа!
Баласынан мұндай ой күтпеген Қалампыр, төбесінен темір
тоқпақпен ұрғандай мелшиді де қалды.
– Анаңның алдын орап қойдың, Балуан, – деді Ғалия, – ол кісі
енді не айтады саған? Уəдесін күн бұрын алып қойдың. Анаң үшін
мен өтінейін, таста бұл ойды!
271
– Анамнан алған тілекті қалай қиып қайтарам? Менің бір іске
екі тоқтам жасаған күнімді көріп пе ең? Екі сөйлегенім – өлгенім
емес пе?
– Өтінем, сонда да!.. Көз жасыммен өтінем!..
Ғалия солқылдап жылады да, аздан кейін тағы жалынды.
Балуанның құрыштай құйылған қаталдығы иілмеді, «сөзім – сөз»-
ден таймады.
– Ықтиярың онда! – деді Ғалия кенет ширап қарсы алдына
тізерлей отыра қап. – Азат басыңа бұғалық боп, жауыңа ұстап
беруім жетер енді... Онда ең алдымен менің көзімді жой!.. Өлтір
мені!..
Балуанның тізесін құшақтаған Ғалия, бір кезде орнынан
ақырын тұрып, тысқа шығып кетті. Сонда ғана Балуан басын
көтерді:
– Бар, Нұржан! – деді Қалампыр, бұйрықты дауыспен. – Алып
кел, келінді.
Балуан тысқа шықты. Парикмахер үйі өзеннің жағасында. Сол
арадан, өзеннің аржағындағы тоғайға өтетін жіңішке тақтай көпір
бар. Сол көпірдегі адамды Ғалияға ұйғарған Балуан, соңынан
жүгіре ұмтылды. «Суға құлай ма!»деген қауіп кірді оның ойына.
Аяғын көпірге еппен жылдам басқан Балуан Ғалияға жете алма-
ды: ол көпірдің оқтасына жеткенше Ғалия өзеннің арғы жағасына
шығып кетті. «Қайда барады, бұл? – деп ойлады Балуан. – Мені
біліп бара ма? Білмей бара ма?»
Ғалия тоғайға кірді. Балуан құрғаққа шыға, аяғын адымдай, тез
басып Ғалияға жақындады, бірақ «қайтер екен?» деген оймен ды-
быс бермей, жүрісін сездірмеуге тырысып, із өкшесімен басты да
отырды.
Тоғай ішінде жуан, тапал, қисық, бұтақты ақ терек тұратын
еді, Ғалия соған барды да, жеңсіз қамзолының сыртынан буына-
тын жібек белбеуін шешті. Балуан терек қасындағы бір түп талда
жасырынып қарап тұр жəне ойлап тұр: «Соңынан келгенімді сезіп,
мені қорқытпақ болғаны ғой», – деп ойлап қалды ол.
Ғалия теректің бүкір беліне өрмелеп шықты. Ұзындығы үш кез-
дей қызыл жібек белбеуден бір кездейін жыртып aп, қалғанының
бір ұшын терекке байлады, бір ұшын тұзақтап мойнына кигізді.
Содан кейін екі қолын белбеудің тұқылымен арқасына матастыра
байлады да, төмен қарғыды. Айтқан сөзі:
– Қош, Балуан!..
Ағашқа қалай ырғып шығып белбеуді үзіп жібергенін Бал-
уанның өзі де білген жоқ. Ол жерге қарғып түскенше Ғалия сылқ
272
етіп құлады да, басын көтермей қырылдап жатты. Балуан Ғалияның
кеңірдегін сипаса, жібек белбеудің буындырған тұзағы мойнынан
жазылған жоқ екен. Балуан оны бармағын тығып əрең ағытты.
Ғалия қылқынудан рас талықсыған еді. Балуан оның был-
қылдаған денесін алдына алып:
– Ғалия, жаным! Дыбыс берші! – деді жалынышты дауыс-
пен. – Айтқаныңды істейін, берші дыбыс!
– Балуан!.. – деді Ғалия əлсіз үнмен.
– Иə, мен!.. Балуан!..
Ғалия Балуанды қаусыра құшақтап, солқылдап жылады.
– Жылама, Ғалия! – деді Балуан, бетіне бетін тақап. – Бердім
тілегіңді!..
– Солай ма, балам? – деген дауысқа Балуан мен Ғалия қараса,
Қалампыр екен.
– Солай болды, апа! – деді Балуан.
– Сөкпеймін, қалқам. Тек тілегімді берсең болады, – деді ана.
***
Олар кейін қайтты. Жетісу жолына жиналып болғанша жасыры-
на тұрмақ боп, Балуан парикмахердің үйінде қалды. Қалампырды
Ғалия мен Тілеу үйіне əкетті.
Оларды қақпа ішінде жандармдар тосып тұр екен. Ұрып-
соқса да шынын айтпаған үш бейбақты, полиция күйген түрменің
қасындағы тас сарайға қамады...
28. АМАЛСЫЗ АЙЫРЫЛУ
Балуан Шолақ сол күні көп ұйықтады. Ол оянса, терезе жабық,
үй іші қаракөлеңке екен. Қатты ұйқыдан долырған бетін ол уқа лап,
терезе қақпағының азырақ ашылыңқырап тұрған жерінен сыға-
ласа, аспанда қалың бұлт, азырақ ұсақ жаңбыр сіркіреп тұр.
– Оянғаннан кейін есікті ептеп шертерсің, – деген еді парик-
махер.
Балуан «кісі бар ма екен?» деп есікке кеп, құлағын тосып еді,
шықылдаған сағат даусынан басқа дыбыс білінбеді. Сонда да
сақтанған ол есікті шертіп еді, – үн жоқ. Ол қаттырақ шертті, – үн
жоқ.
«Бұ несі?!» деп ойлаған ол, жарма есікті ақырын ашса, ауыз
бөлмеде адам жоқ. Сыртқы есікті ашайын десе, бекітіп кеткен.
Ауыз бөлменің терезе қақпалары ашық екен. Балуан содан қарай
бергенде, сыртта тықыр естілді. Жүрегі шайлыққан Балуан, төргі
273
бөлмеге кірді де, есігін жапты. Сырттан біреу ауыз бөлмеге кірді.
Балуанның бойына қорқыныш желі жүгірді.
– Балуан! – деген дыбыс естілді ауыз бөлмеден, парикмахердің
дауысы.
Балуан есік ашса, парикмахер суланған пальтосын шешпестен
тұр екен, өңі сынық!
– Иə, не хабар бар? – деді Балуан.
Парикмахер сыр білдірмейін дегендей ол-пұл қалжың айтқан
болды, бірақ бұнысы кешегідей жарқын көңілден шыққан қалжың
емес сияқты, артында зілі бар қалжың сияқты.
Парикмахер Балуанға болған оқиғаны жайлап айтты.
«Анаң, Ғалия ұсталды» дегенде тұла бойы мұздана қалған
Балуанның қаны лезде қайнап кетіп, екі көзі қанталай қалды. Аз-
дан кейін ашуы сабасына құйылғандай болған ол:
– Маған енді не істе дейсіз? – деді парикмахерге. – Анаңды,
сүйген жарыңды, қайын атаңды қаматып қойып, өзің қашып жүр
дейсіз бе, болмаса қарсылас дейсіз бе?
– Оны салқын қанмен ақылдасу керек, – деді парикмахер,
– қаладағы күдікті деген жерден сені іздеп тінтімегені жоқ көрі-
неді жауларыңның, «ұсталса, атып тастаңдар» деп бұйрық беріпті
Троицкий.
Бұл сөздерді тұнжыраумен тыңдаған Балуан Шолақ, бір кез-
де жадырағандай, басын көтерді де, Троицкий үйінің, қора-
қопсысының қалай жасалғанын сұрады.
– Оны қайтесің? – деді парикмахер.
– Керегі бар.
– Мен білмеймін. Білетін кісі бар.
– Кім?
– Ояздың үйін күзететін полицейский урядник осы маңайда
тұрады. Өзі маскүнем. Екі рюмка арақ ішсе, бар сырын айтады.
– Қазақ па, орыс па?
– Қазақ.
– Онда шақыр соны! Бер арағын! Сұра ояздың үй құрылысын!
– Мақсатыңды айтшы!
– Ояздың үйіне барам да, жазықсыз тұтқындарды шығартам, я
өлтірем.
– Қатер жұмыс қой бұл.
– Қорықпа, қарт! Осы бетім дұрыс. Бір алтыатар мылтық та-
былса болғаны.
– Ол менде бар.
Парикмахер шкафтан сырты жарқырауық, алты оқты «смит-
вильсонын» алып көрсетті.
274
– Жолым болады екен! – деді Балуан, мылтықты ұстап көріп. –
Өтінем, кешке шақыр əлгі урядникті!
– Қаңғалақтап ара-тұра өзі де келетін еді, арақты қатынынан
жасырып осында ішетін еді. Жаңа үйінде жүрген, келіп қалмас
па екен. Келмесе шақырайын! Егер келе қалса, сен төргі бөлмеде
тыңдап отыр, оған кіріп дағдыланбаған адам.
Парикмахер далаға шығып кетті де, аз уақытта қайтып келді:
– Жасырын!.. Келе жатыр!
Урядник үйге былдырлап сөйлей кірді.
– Қатыннан жарты бөтелкелік ақшаны тағы ұрладым, – деді
ол, – міне, бутылкам! – деп, қойнынан жарты литрлік ақ арақты
суырып алды да, столға қойды.
Закускасын да ол қалтасына сап ала келген екен. Парикмахер
қарсы алған боп, орындық қойып, чашке беріп күте бастады. Аузы-
на арақ тие былшылдап, сандырақтады. Дүниедегі батыр да, мырза
да өзі боп шықты. Сөз арасында Балуан Шолақты да атап: «Егер
көзіме көрінсе, бір тарының қауызына сыйғызам» деп қойды.
Парикмахер оның астына көпшік қоя, мақтай сөйлеп,
ояздың қора-қопсысының, үйінің жол-жобасын түгел айтқызды.
Урядниктің баяндауынша: қораны айнала биік тас қорған, қорған
үстінде аран-сым, кірер қақпадан басқа жол жоқ, қақпада күзет
қатты; Балуан Шолақ қашқалы, үйдің сыртқа шығар есіктері тас
бекітіледі, қораның ішінде үйдің шатырына шығатын басқыш бар,
шатырдың ішінде үйдің коридорына түсетін қақпақ бар, қақпақ
астында басқыш.
– Үйінде қонақ жатыр, – деді урядник, – қора-қопсының, үйдің
жол-жобасын сандырақтап айтып боп. – Троицкийдің балдызы...
қатын əкелген. Білемісің ол қатын кім екенін?
– Кім?
– Балуан Шолақ Көкшетаудан алып қашқан қыз! Ox, и, сұлу!..
Ох, и, қорқады Балуаннан!..Троицкийде бүгін той – балдызының
құрметіне!..
Арағын ішіп, қылжалаңдаған урядник біраздан кейін кетті.
Ойындағысы орындалғандай болған Балуан қуанды. Енді ол Та-
тьянаны көруге құмартты.
Балуанның Троицкийдің үйіне баруға бел байлағанын көрген
парикмахер ақыл айтты:
– Мылтығым – жан сақтарым, көптенгі жолдасым еді, Ғалия
үшін, Тілеу үшін, өзіңнің жігіттігің үшін қидым... Жəне бір ақыл
айтайын: əйтеуір ояздың үйіне кіруге бекінсең жəне жолың боп
кіре алсаң, сен оларды есінен кетпестей ғып қорқыт!
|