102-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру 1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алынып, отбасына тәрбиеленуге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) немесе патронат шарты бойынша, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде, жетім балаларға немесе ата- аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі (тәрбие, емдеу және басқа да) мекемелерге берілуге тиіс.
Баланың мүддесіне сай оны орналастыру кезінде оның этникалық шығу тегі, белгілі бір дінге және мәдениетке жататындығы, ана тілі, тәрбие мен білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, осы баптың 1-тармағында аталған отбасына немесе мекемеге тәрбиелеуге орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерін атқару қорғаншы және қамқоршы органдарға уақытша жүктеледі.
14-тарау. Қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу
тәртібі
103-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық белгіленетін адамдар 1. Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (осы Заңның 101-бабының 1-тармағы) балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін де белгіленеді.
104-бап. Қорғаншылық 1. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есінің кемдігінен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешімімен өлді немесе хабарошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне тағайындалады.
Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгіленген адамның басқа жерде мүлкі болса, онда осы мүлікті басқару үшін қорғаншы және қамқоршы органдар мүліктің тұрған жерінде қорғаншы тағайындай алады.