9. Басқарудағы стресс мәселесін талдаңыз «Стресс» (ағылш. Stress – зорлану, күштену, қиналу, күйзеліс) – психологияда, физиологияда, медицинада – түрлі ситуацияларға (жағдайларға) байланысты оқыс әсерленушілік. Стресс – ортаның күші мен қасиеті әртүрлі түрткілеріне жауап ретінде туатын организмнің бейарнамалы әсерленісінің жиынтығы. «Стресс» атауын медицинаға Канада ғалымы Ганс Селье алғаш XX ғасырдың 60-жылдары енгізді. Күйзеліс туындауының себептері алуан түрлі. Өмірге қатысы бар кез келген нәрсе себеп болу мүмкін. Мысалы, сыртқы себептерге жұмысты ауыстыру, туысқанның қайтыс болуын, т.б. жатқызуға болады. Ішкі себептерге өмірлік ұстанымдар мен құндылықтарды жатқызамыз. Өзін-өзін бағалау да осыған кіреді. Клиникалық бақылаулар ұсақ күйзелістердің ағзаға пайдалы екендігін дәлелдеді. Олар адамды «өзін оятуға», күш жігерін арттыруға итермелейді.
«Стресс» (ағылш. stress – қысым, кернеу) ұғымы әртүрлі экстремалдық әсерлерге – стрессорларға жауап ретінде туындайтын жоғары кернеу күйлерінің кең ауқымын білдіреді.
Басқару ісәрекетіндегі стрессорлар саны өте үлкен, олар өз мазмұны бойынша өзінше ерекше. Ақпараттық жүктелу факторы. Басқару іс-әрекетінде ақпарат көлемі мен оны өңдеуге қойылатын талаптар адамның психикалық мүмкіндіктерімен қарама-қайшылыққа кіреді. Сондықтан ақпараттың осындай көлемімен шартталатын когнитивтік жүктеме күйзеліске соқтыратын негативтік фактор ретінде болады. Ақпараттық айқынсыздық факторы. Жетекші ақпараттың тым артықтығына қарамастан, жетпейтін ақпаратты іздеуге немесе айқынсыздық, тәуекел жағдайларында қимылдауға мәжбүр. Ал бұл болса – күшті стрессогендік фактор.
Жауапкершілік факторы – жетекші іс-әрекеті үшін барынша байқалатын негізгі және шешуші фактор. Уақыт тапшылығы факторы, тұлғааралық және тұлғаішілік кикілжіңдер факторы, басқару іс-әрекетінің полифокустылық факторы, сыртқы орта факторлары жүйесі (бәсекелестік, криминалдық орта, макроәлеуметтік және макроэкономикалық серпіліс тұрақсыздығы) – осылардың барлығы басқару іс-әрекетінің стрессорлары болып табылады. Стрестік күйлер іс-әрекетке тұтастай және оның жекелеген процестеріне біртекті ықпал етеді.
Стресс дамуының негізгі үш кезеңі бар:
1. Жұмылдыру кезеңі. Стресс дамуының бастапқы кезеңдерінде жалпы эмоционалдық кернелу әлі максимумға жетпейді. Сондықтан психикалық процестерге және іс-әрекеттің жалпы ұйымдастырылуына стеникалық әсер көрсетеді. Бұл кезеңді «өнімді стресс» немесе «эвстресс» (эвристикалық стресс) ұғымымен белгілейді. Оны психика мен ағзаның сыртқы жағдайының күрделенуіне әсері ретінде қарастырады.
2. Ренжу кезеңі. Стрестік әсерлердің (адамның психикалық және физиологиялық ұйымдасуына объективті түрде тән шектелулерге байланысты) қарқындылығына қарсыласудың әлде бір шегі бар. Бар мүмкіндікті жұмылдыру осы шекке жеткенге дейін жүреді. Содан кейін психика «беріле» бастайды.
3. Деструкция кезеңі үшін максималды дистрестілік іс-әрекетті ұйымдастырудың толық жойылуы және оны қамтамасыз ететін психикалық процестердің бұзылуы тән. Қабылдаудың, сақтаудың, ойлаудың құрсаулану құбылысы туындауы мүмкін. Іс-әрекетті ұйымдастырудың бұл кезеңінде мінез-құлықта негізгі екі форманың біреуін, яғни гиперқозу (импульсивтік әсерлер, бей-берекет мінез) типі бойынша деструкцияны немесе гипертежелу (іс-әрекеттің және мінездік белсенділіктің құрсаулануы, мелшию) типі бойынша деструкцияны қабылдайды. Бұл кезең – іс-әрекеттің толық бұзылуы. Үш кезеңнің барлығы жалпы сипатқа ие. Осымен қатар стрестік әсерлерге жауап қатудың жеке айырмашылықтары барынша айқын көрінеді. Олар серпілісте және көрсетілген кезеңдердің салыстырмалы ұзындығында беріледі.