2.Маханжар мәдениеті — неолит заманындағы ескерткіштердің жиынтық атауы. Торғай иінін қамтиды. 1970 — 90 ж. аралығында Қостанай және Торғай ар-хеол. экспед. (жетек В.Н. Логвин) зерттеу жұмыстарының барысында ашылды. Негізгі мәліметтер Маханжар, Соленое Озеро-2, Екідің-24 қоныстары бойынша алынған. Маханжар мәдениетіне жататын ескерткіштер саны 16, олардың 13-нде (Алқау-2, Амангелді, Бестамақ, Түрлі-2, Дүзбай-1-3, Екідің-24, Қарамырза-6, Надеждинка-2, Саз-2, Соленое озеро-2, Сұлукөл-1) қазба жұмыстары жүргізілген. Ескерткіштердің көпшілігі өзен жағалауларында орналасқан. Құрылыс іздері сақталмаған. Тек Дүзбай-1-ден тік бұрышты тұрғын үй орнының бір бөлігі ғана анықталған. М. м-не жататын ыдыстар жұқа, ұзынша етіп жасалынған. Ыдыс сыртына өрнектер тарақ сияқты өткір затпен тігінен не көлденеңінен толқын тәріздес етіп түсірілген. Тас құралдары сұр түсті кварцит, кварцитті құмтастардан дайындалған. Сүмбі (конус), кеспел (призма) тәрізді өзектастар басқаларына қарағанда басымырақ. Құралдары екінші рет өңдеу, егеу арқылы жетілдірілген. Екідің-24-тен 3 балта, Соленое озеро-2-ден ұршықтың тастан жасалған басы табылған. Олардан басқа тас тіліктері, үшкіртастар, бүйірлі кескіштер,қырғыштар, дәнүккіштер, шапқы құралдар, сүйектен жасалған бұйымдар аршып алынған. М.м. тұсындағы адамдар құлан, бөкен, жылқы, т.б. түз аңдарын аулаған. Сондай-ақ қоныстардан (Бестамақ, Екідің-24) балық сүйектерінің табылуы ежелгі маханжарлықтардың балық аулаумен күнелткенін айғақтайды. Мамандар табылған еңбек құралдары мен басқа да материалдарға қарап, мұнда адамдары б.з.б. 7 — 6-мыңжылдықтар мен б.з.б. 4-мыңжылдықтар аралығында өмір сүрген деп топшылайды. Д. Талеев, Д. Сүлейменұлы.