1.Келтеминармәдениеті– неолит дәуірінен Орталық Азияда сақталған ескерткіштердің ғылымдағы жиынтық атауы. Негізгі ескерткіштері Аралдың оңтүстігінде, Әмударияның ескі сағасы Ақшадария маңында орналасқан. Оларды 1939 жылдан бастап Хорезм археологиялық экспедициясы (жетекшісі С.П. Толстов) зерттеп, б.з.б. 4 – 3 мыңжылдықтармен мерзімдеді. Мәдени-типологиялық белгілері бойынша Келтеминар мәдениеті ауқымына жататын ескерткіштер Арал теңізінің төрт тарапына жапсарлас өлкелерге тараған. Солтүстікте олар Қазақстанның батыс өлкелеріне (Келтеминар мәдениетінің Бат. Қазақстандық нұсқасы деп те атайды), Оңтүстік Оралға дейін жетеді. Әмудария сағасы, Арал мен Каспий аралығындағы ескерткіштердің шешуші маңызы бар. Бастапқыда жеке-жеке ашылып, сипатталған Келтеминар (Ақшадария сағасы), Лявлякан (Қшкі Қызылқұм), төменгі Зеравшан ескерткіштерін А.В. Виноградов Келтеминар мәдениеті этномәдени қауымдастығы деп біріктіреді және оның болған уақытын б.з.б. 6 – 3-мыңжылдықтарға жатқызды. Жанбас-4, Кават-7, Дарбазақыр-1, Лявлякан-26, Үшащы-131, Толстов атындағы тұрақтардан, Түмек-Кичиджик зиратынан құнды деректер алынды. Жер үстінде ағаш сырықтар мен бөренелерден қамыс, ағаш қабығын қолдана отырып тұрғызылған сопақ пішіндес үйлердің орташа ауданы 80 м²-ден 120 – 150 м²-ге жетеді, кейбірі 300 м²-ден асады. Мұндай үлкен үйлерде 50 – 65 адам тұрып, бір қоныста орта есеппен 150 – 200 адам мекендеген. Жер бетіндегі баспаналардан басқа кішірек жеркепелер де бар. Заттық мәдениеттегі ерекшеліктерге, ең алдымен, шақпақтас микролиттері үлгісіндегі құралдардың кең тарауы жатады. Пышақ тәріздес пластиналардан дайындалған жебе ұштары, түрлі қырғыштар, т.б. құралдар табылды. Түбі дөңес немесе үшкіл келген қыш ыдыстарға сызықты және қалыппен түсірілген оюлар тән. Өлген адамдарды кішірек шұңқыр қабірлерге арқасынан жатқызып, бастарын солт.-шығысқа қарата, ұлу қабыршақтарымен және сүйектермен жақсы безендірілген киімдерімен жерлеген. Қыш құмыра қабірде өте сирек, көбінесе, оның сынықтарын салған. Қабір ішіне көп мөлшерде охра ұнтағын себу үрдісі жиі кездеседі. Келтеминар мәдениетін жасаған адамдар матриархатқа негізделген кішірек рулық қауымдармен қоныс-қонысқа бөліне тіршілік еткен. Күнкөріс кәсібі аңшылық, балықшылық және терімшілік болған. Ескерткіштердің сипатында оңт. өлкелерге тән белгілер көзге түседі. Мұндай белгілер оның шығу тегін ғана емес, негізгі байланыстары да осы өлкелермен екі арада қалыптасқанын меңзейді. Осыны ескере отырып, ғалымдар Келтеминар мәдениеті Оңтүстік Түрікменстан мен Шығыс Иранның ерте егіншілік мәдениеттерімен тамырлас деп есептейді.