-әр оқушының дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу; Бес күндік оқу аптасы туралы бірер сөз Жаңартылған білім мазмұнын енгізумен қатар, кезең-кезеңмен бес күндік оқу аптасына көшу жүзеге асырылатын болады. Оқушыларға және мұғалімдерге қосымша 34 демалыс күні берілетін болады. Биылғы оқу жылында бес күндік оқу аптасымен бірінші сынып оқушылары оқитын болады. Келесі жылы – 1, 2, 5, 7 сыныптардың оқушылары, ал, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8, 10 сыныптар және 2019 жылдан бастап барлық сыныптар бескүндікке көшеді. Бірінші сыныптар оқу жылын 2017 жылдың 30 мамырына дейін аяқтайтынын атап өткен жөн. Бес күндік оқу аптасына көшу барысында барлық бастауыш мектептер оқу жылын осы мерзімге қарай, негізгі және орта мектеп оқушылары 10 маусымға қарай аяқтайды деп күтілуде. Он екі жылдық білім беруге мектепалды даярлық енгізілген Қазақстанда он екі жылдық білім беруге көшу туралы көптен бері айтылып келеді, дегенмен, оны енгізудің нақты мерзімі кейінге қалдырылып келді. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшумен бірге 12 жылдық та енгізіледі. Шын мәнінде, енгізілу реті – өте қарапайым. 5 және 6 жастағы балалар үшін нөлдік сынып қосылады немесе оны мектепалды даярлық деп атайды. 12 жылдық білім беру схемасы (сызбасы) 0 сынып — 11 сынып принципі бойынша кіргізіледі. 12 жылдық білім берудің бұл схемасын тек 2019 жылдың қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланып отыр. Ата-аналардың баланы мектепалды даярлыққа 5 жастан немесе 6 жастан бере алатындай таңдау құқы бар. Тиісінше, 1 сыныпта баланың даярлығына және ата-ананың тілегіне қарай 6 жастағылар да, 7 жастағы балалар да оқи алатын болады. Бүгінде ҚР «Білім туралы» Заңында бұл норма қарастырылған. Барлық балалар мектепалды даярлық бағдарламасынан өтуге тиіс. 12 жылдық білім берудің мәнісі 0 сынып (мектепалды) үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасының енгізілуі болып табылады. 0 сыныптан өту мүмкіндігі мектепке дейінгі ұйымдарда да, жағдайы бар мектептерде де жасалады.