Байланысты: 1 билет Отанды тарихты о уды т жырымдамалы негіздері
61. Денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыруды дамыту. Халықтың денсаулығы, медицинаны қолдау және саламатты өмір салтына ынталандыру – Қазақстан үшін қашанда аса маңызды басымдықтардың қатарына кіреді. 1998 жылы «Халықтың денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы жасалды: алайда тек 2001 жылдан бастап қана едәуір түзеле түскен қаржылық ахуал денсаулық сақтау саласының шығындарын көбейтуді бастауға мүмкіндік берді. Республикамызда президент Назарбаев 2002 жылды Денсаулық жылы деп жариялады. Бұл Қазақстан медицинасындағы сапалы оң өзгерістердің басы болды. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау төрт бағыт бойынша жүргізілді. Біріншісі – сырқаттың алдын алу және халықтың денсаулығын жақсарту. 2002 жылы елімізде бірінші рет азаматтар жаппай скринингтік тексеруден өткізілді, соның нәтижесінде бізде әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелеріне айрықша көңіл аудару қажет екені анықталды. Қазақстан ТМД елдері арасында жаңа туған сәбилерге гепатитке қарсы вакциналауды бірінші болып ендірді. 2005 жылдан бастап дәрігерлер 18 жасқа дейінгі балалардың және әйелдердің денсаулығын жоспарлы түрде тексереді. Реформалаудың екінші бағыты – денсаулық сақтау саласын басқарудың жаңа үлгісін жасау болды. Сонымен қатар әр азаматқа тегін көрсетілетін медициналық қызметтердің жеткілікті жиынтығы ұсынылды. Мемлекеттік емес секторды дамытуға назар аударылды. Үшінші бағыт – инновациялық әдістемелерді енгізу және алдыңғы қатарлы емдеу орталықтарын құру. Қазақстанда бірінші рет бүйрек алмастырып салуға, жұлынды трансплантациялауға, эндопротез жасауға мүмкіндік туды. Төртінші бағыт халықты фармацевтикалық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жүйесін қамтыды. Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Облыстарда 50-ден астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары құрылды.2009 жылдың желтоқсанында «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс қабылданды.2010 жылдан бастап Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізіле бастады. Ол емделушінің ауруханаға жатар кезде дәрігер мен медициналық ұйымды өзі таңдай алуын, сондай-ақ қаржыландыруды емдеу нәтижелеріне қарай айқындауын көздейтін еді.
Дене шынықтыру мен спорттың дамуы ұлт капиталын қалыптастыруда рөлі зор . Дене шынықтыру мен спорттың дамуына экономика мен әлеуметтік-тұрмыстық деңгейдің жоғарылауы айтарлықтай әсер етті. 2001 жылы Дене шынықтыру мен спорттың 2005 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы ерекше ұмтылысын мемлекет екі бағытқа шоғырландырды. Біріншісі – дене шынықтыруды дамыту, бұқаралық спорт шараларының санын арттыру және спорттық нысандарды көбейту. Екіншісі – шылымқорлық, ішімдік пен есірткіні шектен тыс қолдану сияқты қатерлі мінез-құлық факторларымен күрес. Дене шынықтырумен, спортпен тұрақты айналысатын қазақстандықтардың саны көбейе түсті. 2001 жылы 1,4 миллион адам спортты серік етсе, 2005 жылы 2 миллионға жетті. Астана, Атырау, Қарағанды, Орал, Қостанай, Шымкент, Павлодар, Өскемен қалаларында жаңа спорт сарайлары мен спорт кешендері пайдалануға берілді. Облыс орталықтарындағы футбол стадиондары күрделі жөндеуден өтті. 2000-шы жылдардың орта шенінен бастап салалық спартакиадаларды, оқушылар спартакиадасы мен студенттер жарысын өткізу дәстүрі қайта жаңғырды. Балалар мен жасөспірімдер, дене шынықтыру-сауықтыру және кәсіпқой клубтар мыңдап жұмыс істей бастады. Мектеп бағдарламасына дене шынықтыру сабағының үшінші сағаты, жоғары оқу орындары мен колледждерде аптасына төрт сағаттық сабақтар енгізілді. Спорт мектептері қалпына келтірілді. Дене шынықтыру және спорт инфрақұрылымдарының жай-күйі ұдайы мемлекет назарында. 2006 жылы Туризм және спорт министрлігі құрылып, 2007 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі Дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге аса бастады. 2010 жылы бірінші рет ауыл спорты ойындары өткізілді.Осы жылы 23 мамырда бүкіл Қазақстан бойынша «Олимпиялық жүгіру күні» бастау алды. Әр жас деңгейі үшін жеке қашықтықтар белгіленді. Ең негізгісі – 2400 метрлік «Президент милі». ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстан спорты өрлеу кезеңін басынан кешірді. 2000 жылы Сиднейде (Австралия) Олимпиялық ойындар өтті. Қазақстан құрама командасы үлкен табысқа жетіп, командалық есепте 199 елдің ішінен 22-орынды иеленді. Қазақстандық үш спортшы – боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы атанды. Күміс медальды Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов (бокс), Ислам Бай рамуков (еркін күрес), Александр Винокуров (велоспорт) жеңіп алды. Қазақстанның үздік спортшылары 2004 жылы Афинада өткен Олимпиялық ойындарға қатысты. Бақтияр Артаев Олимпиада алтынын алып, дәстүр бойынша ең шебер боксшыға берілетін Баркер кубогын да иеленді. Күміс жүлдені Геннадий Головкин (бокс), СергейФилимонов (ауыр атлетика) алды. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиялық ойындар үлкен спорт әлеміндегі маңызды оқиғаға айналды. Қазақстандық спортшылар бұл сында да елімізді жақсы қырынан танытып, 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында биатлоншы Елена Хрусталева олимпиада күмісін жеңіп алды.Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматыда өткізілген VII Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар өте жақсы өнер көрсетіп, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлде жеңіп алды. Қазақстан құрамасы алтын жүлде саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын жасады. Алексей Полторанин (шаңғымен жүгіру), Ольга Новикова, Михаил Сорокин (шаңғымен бағдарлау) және тағы басқалар көзге түсті.