2.Сібір жарасы ауруының клиникалық белгілері. Топалаңмен – қой (топалаң), ешкі (шөкшек), ірі қара (қараталақ), жылқы (жамандат), түйе (ақшелек) және шошқа ауырады. Ол тез дамып, негізінен жіті өтетін аса жұқпалы ауру. Топалаңмен жабайы жануарлар да, адам да ауырады (адамда түйнеме, күйдіргі деп аталады). Қоздырғышы жер қыртысында ұзақ уақыт (жылдар) сақталады.Бұл ауруды бациллус антрацис деп аталатын, ұзындығы 5-8, ені 1-1,5 микрон, қозғалу қабілеті жоқ, таяқша тәріздес микроб тудырады. Бациллус антрацис микробы малдың қанында, етінде жақсы өмір сүреді.
Қоздырғыш – микробтың дамуы, сонымен қатар ауру белгілерінің білінуі, малдың күніне, организмінің төзімділігіне және ауру коздырғышының зілділігіне байланысты болады. Осыған орай мал – ауру жұққаннан бастап, оның алғашқы белгілері пайда болу мерзімі (инкубациялық кезең) 2 күннен 14 күн аралағында болады. Малда ауру өте тез және шапшаң түрде дамиды. Індеттің өте жіті түріне шалдыққан мал көбінесе ауру белгілері білінбей тұрып кенеттен өледі.
Топаланмен ауырған қой мен ешкінің дене қызуы 41-42 градусқа дейін көтеріледі, дем алуы нашарлап ентігеді, жайылудан бас тартады жүректің қызметі нашарлайды, мал тынышсызданады, танауынан және ауыздан қанды көбік, ал тік ішектен қанды жылым ағады да, көп ұзамай өледі. Мұндай малға емдеу жұмысы дер кезінде жүргізілмесе бір аптада (7-8 күн) өледі.
Ірі қара мен жылқыда бұл аурудың өзгерген жеңіл түрі кездесуі мүмкін. Мұндай кезде ауырған малдың дене қызуы аздап кетеріледі және терісіне қара шиқан (карбункул) шығады. Алғашқы кезде қара шиқан ыстық және қатты болады, кейіннен ол жұмсарып, оны мал ауырсынбайтын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |