Тамшылардың аз көлемде босатылуы олардың технологиясына, негізінде нағыз ерітінділердің сүзу сатысына кейбір ерекшіліктер енгізеді. Дәрілік заттың қажетті концентрациясын және көлемін сақтау үшін, дәрілік затты еріткіштің жарты мөлшерінде ерітіп, оны алдын-ала еріткішпен жуылған фильтр арқылы сүзеді, сол фильтр арқылы еріткіштің қалған мөлшерін өткізеді. Тамшылар технологиясында, оның көлеміне байланысты, «қос цилиндрлік»әдіс қолданылады. Бұл тәсіл ерітіндінің көлемін де, концентрациясын да талапқа сай болуын қамтамасыз етеді. Егер тамшылар тұндырмалардан, галендік препараттардан, басқа сұйық және қатты дәрілік заттардан тұрса, онда олардың технологиясы қатты дәрілік заттарды тиісті еріткіште еріту немесе сұйықтықтарды ережелерге сай араластыру болып табылады. Тамшылар құрамындағы улы және күшті әсер ететін заттардың дозаларын тексеру келесі реттілікпен жүргізіледі:
1. Бүкіл сулы ерітінді көлеміндегі тамшылар саны анықталады, ол үшін ерітінді көлемі 20-ға көбейтіледі (сулы ерітіндінің 1 мл стандартты тамызғышқа сәйкес 20 тамшы). Спиртті ерітінділерде тамшылар кестесімен қолданады.
2. Қабылдау саны анықталады. Ол үшін ерітіндінің барлық көлеміндегі тамшылар саны, рецептіде бір рет қабылдау санына берілген тамшы санына бөлінеді.
3. Улы және күшті әсер ететін заттардың реттік дозасын заттардың рецептіде жазылған мөлшерін қабылдау санына бөледі. Реттік және тәуліктік дозалары есептеледі. Есептелген реттік және тәуліктік дозалары нормативті құжаттағы дозалармен салыстырылады.
Тамшылар сапасының негізгі көрсеткіштері:
- енгізу жолдарының анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне дәрілік заттардың физика-химиялық қасиеттерінің сәйкестігі;
- микробтық контаминацияға қауіпсіздік деңгейі;
- дәрілік заттар мен қосымша заттардың сыйымдылығы;
- дәрілік заттар концентрациясының және тамшы көлемінің (салмағының) дәлдігі;
- химиялық және физикалық (суспензиялар, эмульсиялар үшін) тұрақтылығы; - механикалық қоспалардың болмауы