1 дәріс
Аналитикалық химия: пәннің мақсаты мен міндеттері. Аналитикалық химияның негізгі түсініктері. Заттардың аналитикалық белгілері және аналитикалық реакциялар. Аналитикалық реакциялар мен реактивтердің түрлері. Аналитикалық реакцияларға сезімталдық сипаттамасы. Үлгіні талдауға дайындау.
Аналитикалық химия химиялық жүйелердің құрамы мен құрылымын анықтау тәсілдерін зерттейтін ғылым; ол бейорганикалық, физикалық, органикалық химиялармен қатар химия ғылымының тарауы болып есептеледі. Талдаудың химиялық әдістері – аналитикалық химия пәнінің бір бөлімі болып табылады. Аналитикалық химия көптеген ғылымдармен, мысалы: физика, биология, медицина, металлургия, геологиямен тығыз байланыста. Және ол осы ғылымдардың дамуына мүмкіндік туғыза отыра, физикалық, математикалық, биологиялық әдістерді қолдану арқылы өзінің де мүмкіншілігін арттырады.
Аналитикалық химияның теориялық негізін Д.И. Менделеевтің периодтық заңы, зат массасы мен энергияның сақталу заңдары, зат құрамының тұрақтылығы, әрекеттесуші массалар заңдары сияқты жаратылыстанудың негізгі заңдары құрайды. Аналитикалық химия физикамен, бейорганикалық, органикалық, физикалық
және коллоидтық химиямен, электрохимиямен, химиялық термодинамикамен, ерітінділер теориясымен, метрологиямен, ақпарат теориясымен және басқа көптеген ғылымдармен тығыз байланысты. Мысалы, анализдің спектралды әдістері физикалық теориялар негізінде қарқынды дамуда, электроаналитикалық әдістерде теориялық электрохимия мен ерітінділер термодинамикасының ұстанымдары негізге алынады. Заманауи аналитикалық химияны координациялық қосылыстар, кванттық- химиялық әдістер
және зат құрылысы теориясы, реакциялар кинетикасы және т.б. негізгі ілімдерсіз елестету мүмкін емес. Осындай ғылымдардың жетістіктерін қолдану арқылы аналитикалық химияның теориялық негізі байып, оның мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа міндеттерді шешуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар аналитикалық химия да жоғарыда айтылған ғылымдардың және өндірістің тұтас бір салаларының дамуына маңызды әсерін тигізеді, оларға анализдің жетілдірілген әдістерін ұсынып, дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Аналитикалық химияның басқа ғылымдармен, әсіресе өндіріс салаларымен тығыз байланысты болуы оның маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Аналитикалық химиядағы анализ бен синтездің бір-бірімен тығыз байланысты екенінде айта кеткен дұрыс. Анализ түсінігі әдетте заттарды құрамдас бөліктерге бөлумен ассоциацияланады, бірақ химиялық анализ бұл көбінесе өзіне тән бояуы бар, нашар еритін және кристалдарының өзіне тән пішіні бар қосылыстардың синтезіне негізделеді.
Сонымен бірге, синтездің нәтижесі әдетте анализ арқылы бақыланатындығы да анализ бен синтездің бірлігін көрсетеді.