3- дәріс . Педагогикалық технологияларда оқу үдерісінін жобалауда заңдылықтар мен принциптер. Педагогикалық технологияны атқаратын қызметіне қарай әдіскер-ғалымдар төмендегідей топтарға саралайды:
Баланың әрекетін жандандыру және жетілдіру негізіндегі оқыту технологиялары:
Оқу үдерісін ұйымдастыру және басқару тиімділігіне
негізделген технологиялар:
бағдарламалы оқыту;
дифференциалдап оқыту;
даралап оқыту;
ұжымдық және топтық оқыту тәсілдері;
компьютерлік технологиялар арқылы оқыту .
Осы технологияларды қолдана отырып, шығармашылық іс-әрекет талаптары орындау, оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында бағдарламадағы мәтіндерге сәйкес деңгейлік, шығармашылық тапсырмаларды алып қолдануға болады және ол туралы төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:
оқушылардың шығармашылық дербестігін дамыту арқылы оның жеке тұлғасын қалыптастыруға болады;
қызығушылық іс-әрекет түрлері төменнен жоғары қарай, кезекті түрде, белгілі бір ретпен, жүйемен жүргізілуі нәтижесінде шығармашылығы дамиды;
қызығушылық іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру біліктері мен ізденімпаздықтың қалыптасуы оқушыларды шығармашылыққа баулиды;
оқушыларды танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сәйкес жұмыс түрлерін таңдап, жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор;
қызығушылық іс-әрекетте дәстүрлі емес әдіс-амалдар пайдалану интеллектуалдық қабілеттерін дамытып, оқу-танымдық және ғылыми ізденістер жасауға талаптандырады.
Нәтижелі білімді қамтамасыз етуде қазіргі қолданылып жатқан әдіс-амалдар өте мол, оқушылардың қызығушылығын арттыруда жаңа технологиялар да артуда, тек әр мұғалім тиімдісін қолдана білуден ұтады.
Білім беру технологиялары мына негізде ұсынылады:
дамыта оқыту технологиясы;
модульдік оқыту технологиясы;
ірі блогты шоғырландыра оқыту технологиясы;
перспективалық-озық оқыту технологиясы;
ойындық оқыту технологиясы;
оқу материалдарының сызбалық және белгілік модельдерінің негізінде жеделдетіп, оқыту технологиясы;
жекелеген оқытудың технологиясы;
сынып ішіндегі саралап оқыту технологиясы.
Сонымен педагогикалық технологияларды төмендегідей бөліп көрсетуге болады:
Сондай-ақ әрбір педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету. Педагогикалық жүйедегі негізгі өзекті мәселе – оқушылардың, студенттердің ойлау қабілетін дамытып, өздігінен жұмыс істеуге баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру.Педагогикалық технологиялардың ішінде оқытуды демократияландыру мен iзгiлендiру негiзiндегi педагогикалық технологиялардың тұлға дамуындағы педагогикалық-психологиялық маңызы ерекше деп түсіндіріледі. Өйткені қазіргі қоғамға ең алдымен адамгершілік сапалары қалыптасқан мамандар қажет. Ш.А.Амонашвилидің тұлғалық-ізгілендіру технологиясы оқушының
жеке тұлғалық қабілеттерін аша отырып, тәрбиелеу мен дамытуды, оның жүрегіне жол табуды, танымдық күшін дамыту мен қалыптастыруды, білім мен қабілетті тереңдететін және кеңейтетін жағдайлар жасауды, өзін-өзі тәрбиелеуді мақсат етеді. Танымдық оқуды, жазбаша сөйлеу қызметін дамытуды, лингвистикалық сезімді, қызметін жоспарлауды, шетел тілінде сөйлеуді, рухани дүниесін байытуды, әлемнің сұлулығын танытуды көздейтін бұл технология барлық жағдайлар арқылы ізгілендіре оқытуды негізге алады. Ш.А.Амонашвилидің технологиясы оқушының қызметін бағалауды бірінші орынға қояды. Сандық бағалаудан гөрі сапалық бағалауға (білім алушының істеген әрекетіне мінездеме беру, нәтижесін шығару, өзін-өзі бағалау мен сыйлауға үйрету) айрықша мән береді.
Дальтон технологиясы оқушының жеке дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Аталған технологияда материалдық-техникалық база негізгі рөл атқарады. Себебі теориялық және практикалық тапсырмаларды орындауға белгілі бір шарттар қойылады. Кез-келген мекеменің материалдық-техникалық базасы аталған талапқа сай келе бермейді. Бұл технологияның кемшілігі болып саналса да, Дальтон технологиясы бойынша оқитын оқушылар уақыттарын жоспарлап үйренеді. Белгілі бір уақыттарға кітапханаға барып, материал жинақтау арқылы білімдерін тереңдете алады. Теориялық білімдерін лабораторияларда іс-тәжірибеден өткізу арқылы практикалық дағдыларын қалыптастырады.
Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы – қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология. Бұл технология тілді сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту көздейді. Әдіскер «сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол – түсіну. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу де жүзеге аспайтынын» айта келіп, тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Бұл технология тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгертуді мақсат етеді.
Оқушының айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы – маңызды факторлардың бірі. Зерттеуші ғалымдар субъект әрекетінің ішкі қозғаушы күштері, яғни уәждері оның қоғамдық қатынастары арқылы да қалыптасатынына айрықша назар аударады. Қарым-қатынас арқылы оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара сыйластық орнайды. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Сөйлеу әрекеті тек қарым-қатынас жүйесінде ерекше мәнге ие болады. Себебі тіл сөйлеу әрекеті арқылы танылып, іске асады, студенттің ойлау дағдысын дамытады. Қатысымның мақсаты мен міндеттерін анықтайтын тілдің әлеуметтік, танымдық қызметтері іске асырылады. Сөйлесім әрекеті ойды дәл, анық, әсерлі беруге септігін тигізетін барлық элементтердің жиынтығынан тұратын дұрыс жазу мен дұрыс айта білу дағдыларының нәтижесі болғандықтан, ол әрі күрделі, әрі айқын құбылыс.
Сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым,) тілдесім) қатысымдық бағытта өзара сабақтастыра оқыту, тілдік материалды жүйемен іріктеп, ыңғайлап меңгерту негізге алынады. Белл-Ланкастерлік жүйе өзара қарым-қатынаста оқыту тәсіліне негізделген. Мұғалімнің басшылығымен ересек оқушылар, оның ішінде жақсы оқитын оқушылар сабақ өткізеді. Бұл әдіс жалпы сауаттылықты ашудың қажеттілігінен туындап, 1791 жылы алғаш рет Белл Индияда, Ланкастер 1801 жылы Ұлибританияда қолданған. Осы әдісті пайдаланып, сабақ жүргізген балалар өз ата-аналарына сабақ берген. Бұл әдіс бойынша негізінен 10 оқушыға сабақ беру тиімдірек болған. Үлкен залдарда 100-500 адамға дейін білім алатын болған. Бірінші үлкен балалар білім алып, алған білімдерін кіші балаларға үйреткен. Одан осы балалардың ішіндегі ересектері таңдалып, олар кішілерді оқытқан. Оларды монитор деп атаған. Мұғалімнен мониторлар бағыт-бағдар, тапсырмалар алып отырған. Басқа жүйелерге қарағанда осы әдісті оқушылар тез қабылдайтын болған.
Қазіргі таңда бұл жүйе қайтадан қаралып, қолданыла бастады. «Монитор» қызметіне ие болған оқушыдан білімінің тереңдігі, топты ұйымдастыра алу қабілеті, сөйлеу мәдениеті, өз ойын еркін жеткізі білуі, т.б. қасиеттер талап етіледі. Кейде оқушыға мұғалімнің түсіндіргенінен гөрі, қатарлас баланың түсіндіргені анағұрлым тиімді болатыны да рас. «Монитор-оқушы» өз бетімен білімін жетілдіруге талпынса, басқалар соның дәрежесіне жетуге тырысады. Ал мұғалім бүкіл топты еркін бақылауға мүмкіндік алады. Бұл мұғалімға өзінің кейбір жіберген қателігін түзетуге мүмкіндік береді. Монитор-студент топ алдында ұятқа қалмау үшін мұғалім берген тапсырмаларды ерекше қызығушылықпен орындауға талпынады.