Геодезияның ҚР даму тарихы. Геодезия (грек. Geо- жер және dazy-бөлемін)- Жердің пішіні мен мөлшерін, қабылданған координаттар жүйесіндегі нүктелер орнын анықтаудың әдістері мен тәсілдерін зерттейтін, жер бетінің планы мен картасын салу, жер бетіндегі өлшеулерді жүргізумен айналысатын Жер туралы ғылымдардың бір саласы. Жердің физикалық бетін зерттеу үшін картографиялық және топографиялық әдістер мен пландық және биіктік координаталар құрылады. Геодезия ғылымы астрономиялық және гравиметриямен тығыз байланысты, сондықтан Жердің пішіні мен мөлшері градустық өлшеу әдісімен анықталады. Оның шамасы-географиялық координаттар арқылы доғалардың сызықтық және бұрыштық мәндерін анықтаудан тұрады. Геодезиядағы координаттық негіздер триангуляция, полигонометрия, геометриялық және тригонометриялық нивелирлеу әдістерімен геодезиялық торлар құру арқылы жасалынады. Өндірістік, гидротехникалық және т.б. құрылыс объектілерінің пландық пен биіктік негізін салуды және инжинерлік түсірімдерді орындау мәселелерін инжинерлік геодезия шешеді. Қазіргі уақытта мұхит, теңіздердің және көлдердің байлықтарын меңгеру үшін олардың жағаларын, түбін зерттеу жұмыстары жүргізіліп, гидрографиясы толықтырылды, бұл су асты геодезиясын дамытты. Үлкен территорияларда топографиялық жұмыстар тез және тиімді жасалу үшін әуеден жер бетінің фотографиялық бейнесі алынды, осыған байланысты геодезияның аэрогеодезия мен ғарыштық геодезия саласы қалыптасты. Жер асты байлықтарын (кен қазбаларын, мұнай мен газ өнімдерін, т.б.) меңгеруде инжинерлік-техникалық жобалар мен сызбаларды қамтамасыз ету үшін жер асты геодезиясының маркшейдерияның) тәсілдері қажетті геодезияның ғылыми және практикалық шешу әдістері математика мен физика заңдарына негізделген. Республикада ғылыми және практикалық мәні зор көптеген геодезиялық және топографиялық жұмыстар жүргізіліп келеді. Егер 1917 жылға дейін Қазақстан аумағының тек 13,5%-іне 1:126000 масштабты аспаптық түсіру жұмыстары орындалса, 1945 жылы ол 86,6%-ке жеткізілді және масштабы 1:100 000, 1:200 000 топографиялық карталар жасалды. 1920-1945 жылы 22800-ден астам пункттің триангуляциясы анықталды. 1950 жылдары Қазақстан аумағы толығымен түсіріліп бітті. 1954 жылы масштабы 1:25000 картографиялық түсірілу басталды. Дәлдігі жоғары 1-2 және 3- классты мемлекеттік триангуляция торы құрылды. Бұрынғы шығарылған масштабы 1:100 000 карталар жаңартылды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық институтытының Қазақстан филиалы Геодезия және картография бас басқармасының картография материалдарын пайдаланып Қазақстан аумағының фотокартасын түсірді және а.ш-ғының картасын жасады (1960жылы). Геодезиялық тәсілдермен жер сілкінудің алдын ала болжау мүмкіндігін анықтау мақсатында, жер қыртысының жылжуын зерттеу үшін Тянь-Шань аймағында геодинамикалық болжау полигоны құрылды. Полигонда қазіргі кездегі жер қыртысының жылжуының вертикаль және горизонталь құраушылары зерттеледі.