Оқу әрекеті құрылымындағы мотивтердің мәні Оқу әрекеті баланың дамуының басты шарты, жасөспірімдердің кейінгі саналы өміріне қажетті дағдылардың қалануының негізі болғандықтан, оқыту үрдісіндегі маңызды мәселелердің бірі оқушылардың саналы оқу әрекетін қалыптастыру болып есептеледі. Олай болса, оқу үдерісін баланың әрбір даму кезеңдерінде пайда болатын жетекші әрекетіне сәйкестендіріп, ал оқу мотивтерін өзін қоршаған дүниені танытуға ұмтылу, сол танымға септесетін әрекет тәсілдерін меңгеру, өзін жеке тұлға ретінде бағалай алу, өз бойындағы қабілеттерін жетілдіру, өзін-өзі дамыту т.б. тұрғысында қалыптастырудың мәні мектеп алдында тұрған үлкен міндеттің – жеке тұлғаны дамыту міндетінің – жүзеге асуының алғышарты болып табылады. Бұл оқушыны өз әрекетінің субъектісі деп танығанда, оқыту мақсаттарын қоғам талаптарымен ұштастырғанда жүзеге асады.
Оқушының бойындағы қабілеттерін танытуына мүмкіндік туғызуы, білімге деген ынтасын оятып, оқуға саналы көзқарасын қалыптастыру – мұғалімнің тікелей міндеті. Дайын фактілерді информация түрінде шәкірттерге ұсыну, олардан мәтіндерді сөзбе-сөз қайталауды талап ету жемісті нәтиже бере алмайды. Себебі «оқытудың басты мақсаты оқушыларға белгілі бір білім туралы мағлұмат беру емес, ең бастысы, оның бойындағы қабілеттерін дамыту; балаға қандай материал беру емес, оны бақылауға, ойлауға үйрету маңыздырақ; балаға белгілі бір білім жиынтығын меңгертуден гөрі, сол білімді үйрену, алу тәсілін меңгеруге қажетті қабілетін дамыту керек» [3, 79-б].
Оқу әрекетін дұрыс қалыптастыру үшін оның өзіне тән ерекшеліктері мен құрылымын, оқушыны дамытудағы атқаратын қызметін тану керек. Оқу әрекетінің өзге әрекет түрлерінен ең басты өзгешелігі оқушының үнемі «жаңа дүниеге енуімен», әрбір жаңа әрекеттің компоненттерін игеруімен, әрдайым оның бірінен екіншісіне ауысып отыруымен байланысты [4, 245-б]. Бұл баланың психикасының тез дамып жетілуіне, оның рухани дүниесінің де, іскерлік-дағдыларының да қалыптасуына ықпал етеді. Ал өзінің құрылымы жағынан өзге әрекеттер секілді ол да үш кезеңге бөлінеді: мотивациялық-даярлық, оқу-танымдық, бағалау-бақылау кезеңдері. Осы кезеңдерге сай әрекеттің негізгі құрамдық бөліктері де ажыратылады.
Мотив – әрекеттің ішкі қозғаушы күші, оның бағытаушысы. Дидактикада белгілі бір объектіге бағытталған әрекетке түрткі жасайтын тілек, талпыныс, қозғаушылық, ынта, ықылас т.б. – мотив деп аталады [5,34-б]. Мотивтер әрекеттің танымдық, эмоциялық қырларымен қатар жүреді әрі олардың қалыпты дамуына әсер етеді. Баланың ұғым-түсініктерін кеңейтуге тірек бола отырып, бірте-бірте оның ішкі қасиетіне ауысады. Қандай әрекет түрі болсын оның жемісті болуы, оқушының жеке басы қасиеттерін дамытудың мәнді факторына айналуы әрқашан да оған себеп болатын мотивтерге тәуелді.