1.Лекция тақырыбы: 1-модуль: Тілді оқу мотивтерін қалыптастыру: әдіснамасы
Кіріспе. Пәннің зерттеу объектісі, пәні, мақсаты мен міндеттері, өзектілігі.
2.Лекция жоспары: 2.1. Пәнді оқытудың өзектілігі нысаны.
2.2. Пәннің мақсаты мен міндеттері, күтілетін нәтижелері.
3. Дәрістің күтілетін нәтижесі: Білімгерлер оқытылатын пәннің мақсаты мен міндеттерін түсінеді, теориялық негіздерін есете сақтайды, негізгі бағыттарын біледі.
4.Лекция мазмұны:Білім беруді демократияландыру, ізгілендіру, гуманитарлан -дыру бағытын өрістетудің мәні пәндерді оқыту жүйесін жеке тұлғаның құрылымымен, оның даму заңдылықтарымен сәйкестікте ұйымдастырудан көрінеді. Оқушының өзін-өзі тануына, өзіндік санасының өсуіне, оның дара тұлға ретіндегі қасиеттерінің қалыптасуына мүмкіндік туғызу жаңа педагогикалық парадигманың өзегін құрайды.
Педагогика ғылымы мектеп алдында жеке тұлғаны қалыптастыру міндетін әлдеқашан-ақ қойғанымен, шын мәнінде оның жүзеге асуында әлі де толық шешімін таба алмай отырған мәселелер жеткілікті. Қоғамның даму деңгейі мен әлеуметтік сұраным талаптарына үндес жүйеленген білім көлемі оқыту мен тәрбиелеудің басты ұстанымдарына сәйкес іріктеліп, оны меңгерту педагогикалық психологияның жаңа бағыттарын басшылыққа ала отырып ұйымдастырылған жағдайда көздеген мақсатқа қол жететіні аян. Мектеп қабырғасында оқушыларға белгілі білім негіздері бойынша дайын фактілерді жаттанды түрде оқытып, қажетті іскерлік-дағдыларды үстірт қалыптастырумен шектелмей, сол білімді оқушылардың саналы түрде өздігінен игеруіне жол көрсетіп, шығармашылықпен ізденуіне бағыт берудің, жас ұрпақтың бойында белсенді өмірлік позицияларды, өз ісіне деген биік жауапкершілікті, еңбекке деген саналы қарым-қатынасты, сөз бен істің бірлігіне негізделген адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың жолдарын айқындау педагогика, психология, пәндерді оқыту әдістемесі ғылымдарының тоғысындағы жаңа ізденістерді қажет етіп отыр. Сондықтан мектепте оқытылатын әрбір пәннің әлеуметтік дамудағы рөлін, оқушыны жан-жақты дамыған азамат етіп қалыптастырудағы орнын белгілей отырып, оқытудың негізгі міндеттері мен басты бағыттары, оларды жүзеге асыру тенденциялары ғылыми тұрғыда нақтылай түсуді қажет етеді. Осындай жаңа міндеттерге орай оқыту үрдісінде бұрын шетқақпай күйде қалып келген гуманитарлық пәндерге ерекше көңіл бөлінуде.
«Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам жай зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен шығармашылық пен таным субъектісі, құдіретті мәдениет үлгілерін дүниеге әкелген әрі өзінің шығармашылыққа деген құлшынысымен баурап әкететін тұлға ретінде көрінуімен бедерленеді»[1, 7-б]. Қазіргі таңда еліміздің егемендік алып, еңсе көтерген кезінде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаны, оның қолданылу аясының кеңеюі, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің халықтық педагогикаға қарай бағытталуы, ұлттық салт-саналарымыздың қайта түлеуі, оқушылардың ата-бабалар қалдырған бай мәдени мұраларына деген биік құрмет сезімін жандандыру секілді маңызды мәселелердің барлығы да ана тілін оқыту ісін жетілдіруге келіп саяды.
«Ешқашан патриоттық ұрандармен, конституциялық декреттермен тілді сақтап қалуға болмайды. Ол үшін тілдің өмір сүруіне қажетті базаны дамыту керек.» /О.Сүлейменов/. Еліміз егемендікке ие болған бүгінгі күні рухани жұтаңдығымыздың бір себебі осы тілдің өз деңгейінде қызмет ете алмай отырғанына барып тіреледі. Сондықтан елдің болашақ иелерін тәрбиелейтін білім ошағы жалпы білім беретін мектептерден бастау алмаса, тілдің де келешегі көмескі. Себебі, «тілдің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектепте қолданылған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Мектеп пен баспада қолданылған тіл шатасқан тіл болса, ол сорлы ел, бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды»,-деп, Халел Досмұхамедұлы мектептің тілі бола алмаған тілдің ешқашан да сол мемлекеттің де тілі бола алмайтындығын ашық көрсеткен-ді [2, 24-б]. Бұл ана тілін оқудың ең негізгі тұжырымдық бағыты болуы тиіс. Баланың пәнге дұрыс, оң қатынасын қалыптастыратын бір жүйе – оқушыға ана тілін тек қолданушы деңгейінде қалмай, оның болашағы үшін жауапты ұрпақ екенін сезіндіру. Олай болса, кез келген пәннің міндетін анықтайтын факторлардың бірі ретінде қоғамдық-әлеуметтік сұраным үлкен рөл атқаратындықтан, оқушыға ана тілінің бүгінгі жайы туралы мәлімет беріп отырудың тағылымдық әрі білімдік мәні айтпаса да түсінікті. Бүгінгі тілдегі болып жатқан үлкен өзгерістер: орфография саласындағы жаңа бағыттардың жарыса көрінуі, лексика саласындағы жаңа сөздердің тілдік қорға енуі, этнолингвистикалық атаулардың жаңаша мазмұнға ие болуы, болашақта түркі тілдерінің машиналық қорын жасауда жүзеге асырылуы тиіс шаралар т.б. жаңалықтар оқушы назарынан тыс қалмауын қадағалау керек.
Тіл – адамды әлеуметтік ортамен байланыстырушы дәнекер ғана емес, субъектілік көзқарастарын қалыптастыратын танымдық іс-әрекеттің ең маңызды құралы да. Осы тұрғыдан келгенде ана тілін оқыту әдістемесі бүгінгі әлеуметтік дамудағы тілдің ролі туралы, тіл мен сананың ойлау мен сөйлеудің байланысы туралы лингвистикалық, психолингвистикалық және философиялық концепцияларға сүйенеді.
Тілді оқытудың мәні мен әлеуметтік қызметі – ана тілінің адам қатынасының аса маңызды құралы болуымен бірге, танымның негізгі, ойлаудың формасы және оны дамытудың да құралы болатындығына ерекше назар аударту. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы әрқашан да оқушылардың оқу әрекеттерін дұрыс қалыптастырумен тікелей байланысты. Оқыту үрдісіндегі білім мазмұнын жетілдіру,оқыту әдістерін түрлендіру, оқушы мен мұғалімнің өзара қарым-қатынасын жоғары деңгейде ұйымдастыру секілді мәселелер оқу әрекеті категориясына келіп тіреледі. Өйткені оқу әрекеті ұғымы педагогикада да, оның ішінде дидактикада да негізгі методологиялық түпқазық болып теориялық білім деңгейіне ғана болмай, оқушының ойлау әрекетінің барысы мен сапасына да аударылуын, яғни ақыл-ой әрекетін қалыптастырудың жолдарын табуға ұмтылу қажеттігін айтады. Ал, әрекеттің сапалы әрі нәтижелі болуы оған түрткі жасайтын мотивтерге тікелей тәуелді. «Мотив болмаса, әрекет те болмайды» [3]. Сондықтан да бұрын тек психология ғылымының объектісі ретінде қарастырылатын мотив мәселесі қазір адаммен қатысты, оның әрекетімен байланысты барлық ғылымның өзекті арқауына айналды. Адам әрекетінің басты тетігі де, тегершігі де мотив деп мойындалып отыр.