Жасушалық инженерия негіздері. Жасушалық инженерияның пайда болуы. Жасушалық инженерия деп – тірі ағзалардың ұрықтық емес жасушаларын, яғни денелік (сомалық) жасушаларын бөліп алып, жасанды жолмен біріктіріп, əртүрлі манипуляциялар жасауды айтады.
Тірі жануарлар жасушаларын ағзадан бөліп алып оны in vitro жағдайында қажетті жағдайлар жасау арқылы өсіру идеясын алғаш рет Клод Бернар деген ғалым айтқан болатын. Осы ғалымның пікірі бойынша бөлініп алынған жасушалар ағзадан тыс жерде де өзінің ішкі орта жағдайын сақтап қалуға тырысады жəне неғұрлым жаңа орта жағдайы табиғи ортаға ұқсас болған сайын, бұл жасушаның өсіп-өну мүмкіншілігі де арта түседі. Бұл өз кезегінде, жасушалардың өсіп-өнуіне қажетті жағдай қалыптастырылған жасанды орта жасап шығару қажеттігін тудырады.
Сəл кейінірек (1885 ж.), У. Ру ағзадан тыс жерде жасушалардың сақталу мүмкіндігін іс жүзінде дəлелдеп берді. Ол тауық эмбрионын қабықшасыз тірі күйінде физиологиялық ертіндіде бірнеше күн сақтай алған. Мұнан кейін (1897 ж.) Леб (Loeb) қан сары суы мен плазмасы құйылған пробиркада қан жасушалары мен ұлпа бөліктерін сақтауға қол жеткізді.
Льюнгрен (1898 ж.) қышқыл ортада адам терісін сақтап, оның қайтадан реимплантацияға жарамды болатынын көрсетіп берген.
Р.Гаррисон (1907 ж.) алғаш рет зерттеу жұмыстарына «тамшы» əдісін ендірді. Ол, тұңғыш рет, жабынды əйнекке тамызылған лимфалық тромб сұйықтығына салынған жүйке жасушаларын, заттық əйнектің ойындысына (шұңқырына) беттетіп қойып, осы камерадағы жүйке жасушаларының өсу үдерістерін бірнеше апта бойына бақылаған.
Осы əдісті пайдалануды Барроуз (1910 ж.) басқа хайуандардың ұлпалық жасушаларын өсіруде қолданды. Бұл ғалым лимфалық тромбтың орнына тауық плазмасының тромбасын пайдаланған.
Алексис Каррель (1913 ж.) жасанды орта ретінде эмбрион сүзіндісімен байытылған қан плазмасын пайдаланды. Мұндай қосындымен байытылған жасанды ортада ұлпалардың анағұрлым тез өсетінін байқаған.
Кейінірек, зерттеулер көрсеткендей, өздігінен пайда болған бір жасуша ядросында екі ата-анасының да хромосомасы бар гибридтік жасушалар өте сирек болса да кездесетіні белгілі болған. Сондықтан осындай жасушаларды бөліп алып, арнайы орта жасау арқылы оларды өсіру мүмкіндігі бар екендігі анықталған.
Денелік (сомалық) жасушалардың бірігуі бірнеше кезеңде өтеді. Бастапқыда, жасушалар бір-біріне жабысады да, олардың қабықтары еріп, цитоплазмалық көпірше пайда болады. Жасушалардың толықтай бірігуі тұтас бір қабықшаның пайда болуымен аяқталады. Сөйтіп, бір немесе бірнеше ядролы жасушалар түзіледі.
1960 жылы арнайы қоректік ортада өсіріліп жатқан тышқанның денелік ісік жасушалары бір-бірімен жабысып, тіршілікке қабілетті гибридтер түзе алатындығы ашылды. Мұны ары қарай зерттеген ғалымдар, ядросында қоректік ортада бірге өсірілген екі ата-аналық жасушаларының да хромосомалары кездесетін гибиридті 25 жасушалар, барлық типтердегі жасушалар арасында сирек те болса кездесіп тұратындықтарын анықтаған. Арнайы, яғни селективті деп аталатын қоректік орта жағдайын тудыра отырып, бұл гибридті жасушаларын бөліп алып өсіруге болады екен.
Сонымен, денелік жасушаларын гибридизациялау үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрады деп айтсақ болады. Алдымен жасушалар бір-бірімен жабысады, содан соң олардың қабықтары бұзылып, цитоплазмалық көпіршелер пайда болады. Жасушалардың толықтай қосылуы ортақ қабықтарының пайда болуымен аяқталады. Сөйтіп екі немесе бірнеше ядролы жасушалар пайда болады.
Гибридтік денелік жасушаларының өздігінен пайда болуы өте сирек жүреді. Бірақ та, кейбір факторлардың болуы, жасушалардың өздігінен қосылу жиілігін біршама арттырады. Мұндай фактор ретінде ультракүлгін сəулелерімен инактивтендірілген Сендай вирусы бола алатыны анықталған. Сендай вирусы арқылы жасушалардың бірігуін тездете аламыз. Осы вирустың көмегімен əр түрге, кластарға (сүт қоректілері + құстар) жəне типтерге (адам + маса) жататын денелік жасушаларының гибридтерін алу мүмкін болған. Осы мақсатта Сендай вирусынан басқа ерекше химиялық зат – полиэтиленгликоль да пайдаланылады.
Денелік жасушаларын гибридизациялау əдісі сүт қоректілерінің, əсіресе адамдардың хромосомаларында гендердің қай жерде орналасқанын, жай жасушалардың қатерлі ісік түрлеріне айналу механизмдерін білу жəне гендердің атқаратын қызметтерін басқарып отыру үшін өте қажет. Денелік жасушаларын гибридизациялау арқылы гендік инженерияда өте кең қолданылатын зат – гибридом алынды.