Байланысты: 1-дәріс. Сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері Негізгі мәс-emirsaba.org
Әліппе кезеңі. А. Байтұрсынұлының «дыбысты» және «жалқылаулы» әдістерін қолдану арқылы осы мәтін құрамындағы сөйлем, сөз, буын, жаңа дыбыс пен оның таңбасы – әріп танытылады. «Жалпылаулы» әдісі арқылы дыбыстардан буын, буындардан сөз, сөздерден сөйлем, сөйлемдерден мәтін құрастырылады. Оқулықта бұл үдеріс жаңа сөздерді оқу, сөз құрау, сөйлем құрау, орны ауыстырылып берілген сөйлемдерден мәтін құрастыру тапсырмалары арқылы жүзеге асқан. Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған сабақ материалдары дыбыстық талдау-жинақтау (Байтұрсынұлынша «дыбысты әдіс», «жалпылаулы-жалқылаулы әдісі») әдісін қолдану арқылы жүзеге асады. Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған беттің алғашқы бөлігін (көкшіл түспен берілген) дыбыстық талдау дағдыларын дамыту материалдары қамтиды: сюжетті сурет, дыбыстық талдау сызбасы бар жеке сурет, дыбыстың айтылу сұлбасы, әріптің баспа және жазба түрлері, әріптің сұлбасын түрлі заттармен (ермексаз, моншақ, қарындаш, санағыш, түйме) жасау үлгісі. Қызғылт түспен берілген келесі бөлікте оқушылардың дыбыстық жинақтау дағдыларын дамыту материалдары берілген: буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін.
Беттің соңғы бөліктерінде саралау және сөз тану материалдары орналастырылған. Саралау материалының тапсырмалары үлгі сабақ жоспарында үш деңгейде қарастырылған. Мысалы, әліппеге дейінгі кезеңнің 5-сабағына «Сөз тану» айдары бойынша берілген «Сөйлеуді ол білмейді, Бірақ: «Тоқта!», «Жүр!» – дейді» жұмбағын тыңдатып, шешуін тапқызғаннан кейін 3 деңгейде саралау тапсырмалары орындатылады. 1-деңгей оқушылары жұмбақтың шешуіндегі сөздің суретін салады, 2-деңгей «бағдаршам» сөзімен сөйлем құрап айтады, 3-деңгей оқушылары «Сөйлеуді ол білмейді» сөйлемінің сызба-моделін көрсетеді. Әліппе кезеңі саралау материалдарымен жұмыста 1-деңгей бойынша берілген дыбыстық сызбаға төмендегі қай сурет атауы сәйкес келетінін табу, 2-деңгей бойынша сол күні өтілген дыбыс сөздің қай бөлігінде (басында, ортасында, соңында) орналасқанын анықтау, сөзді буынға бөлу, 3-деңгей бойынша суреттердің атауының бірімен сөйлем құрау жүзеге асырылады.
Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған беттің алғашқы бөлігінде жаңа әріптің айналадағы заттарға ұқсастығын таптыру арқылы әріп сұлбасын оқушыға берік меңгерту мақсаты көзделген. «Кез келген әріпке берілген «... әрпін түтікшеден (қарындаштардан, асықтардан, жіптен) жасап көрсет», «... әрпін санағыштардан жасап көрсет, 5 ... әрпін ермексаздан (бұршақтармен) жасап көр», «... әрпін түймелерден жасап көрсет» суретті тапсырма бала саусақтарының ұсақ моторикасын, ой-өрісін жетілдіруде, жазу дағдыларын дамытуда үлкен рөл атқарады.
Сауат ашу үдерісі және кезеңдері. Мектептегі оқыту үдерісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сондықтан оның балаға ана тілін оқытып, үйретуден алатын орны да ерекше.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында қойылған талаптардың ішіндегі аса күрделісі – 6-7 жастағы балаларды сауаттандыру мәселесі. 6-7 жасар баланың сауатын ашу, тілін дамыту - олардың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктеріне негізделе отырып жүзеге асырылатын, баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне өтуін қамтамасыз ететін үдеріс. Осыған орай балалардың 6-7 жастан бастап сауатын ашу жүйесі: 1-сыныптың тұтасымен сауат ашуға берілуімен, оқу мен жазу жұмыстарының кіріктірілуімен, сабақ уақытының кезеңдерге бөлінуімен т.б. ерекшеленеді.
Сауат ашу оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұны мен құрылымы
3. Сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар Сауат ашу кезеңіндегі ең негізгі басты құрал – «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтарының бас жағындағы түрлі тақырыптарға салынатын суреттер де оқушылармен жүргізілетін дайындық жұмыстары үшін ең қажетті көрнекі құрал болып есептеледі. Бұл суреттер, бір жағынан, лингвистикалық мақсат көздесе, екінші жағынан, балалардың мектепке дейінгі үйренген сөздік қорын сарқа қолдану арқылы тілдерінің даму деңгейін байқау үшін берілген. Сауат ашуда әрбір жаңа әріпті үйрету барысында жекелеген заттардың суреттері және тақырыптық суреттер де беріледі. Сонымен қатар онда балалардың ойы мен тілін дамыту үшін сюжетті картинкалар, әңгімелер, жұмбақтар т.б. бар.
Сауат ашуға қосымша көрнекі құрал – кеспе әліппе. Кеспе әліппеден олар буын, сөз, сөйлем құрайды және оларды талдап, оқып үйренеді. Әріптерді естерінде жақсы сақтау үшін суретті алфавит қолданылады, онда әрбір әріптің суреті мен атауы және сол әріптен басталатын заттың суреті салынады.
Әріптерді сақтауға арналған әріп кассасы жасалады. Әріп кассасының көлемі дәптердің ашып қойғандағы көлеміндей болады. Қызыл, көк түсті төрт бұрыштар жасалады. Қызыл дауысты, көгі дауыссыз дыбыстарды көрсетеді. Сөз құрастыру үшін буындар беріледі. Бұл айтылғандардан басқа кестелер де қолданылуы мүмкін.
Жазу жұмыстарында пайдалану үшін арнаулы «жазу үлгісі» ұсынылады. «Жазу үлгісінде» әріптердің элементтері, жазба үлгілері беріледі.
Әр мектепте оқушылардың партаға түзу, дұрыс отыруы және жазу кезінде қаламды дұрыс ұстау үлгілері бейнеленген плакаттар болуға тиіс.
Сауат ашу кезеңінде пайдаланылатын дидактикалық материалдар да бар. Бұлар: сөздердің дыбыстық құрамын талдауға жаттығу үшін түрлі карточкалар, кейбір жағдайда олар – торкөзбен берілген заттық картинкалар, екінші бір жағдайда – әріптің жартысы мен қалған жартысының орнына торкөз т.б. Мұндай үлестіруге арналған дидактикалық материал – оқушыларға сөздің дыбыстық құрамын сызбаға сүйеніп талдауы үшін көмекші құрал болып саналады. Оқушылар сөзді іштерінен айтады да, сызбаны толтыруға кіріседі (дәптерге – түсті бояу қарындашпен, тақтаға – дөңгелекшемен, сызықшамен т.б.). Сөздегі дыбыстарды тәртібімен талдап, дауысты, дауыссыздарды анықтап, оқушылар әріптерден сөз құрауға кіріседі.
Алдыңғы дидактикалық материал екінші бір жолмен тағы қолданылады. 1) өтілген дыбыстардан қиындау буындар кездесетін сөздер құрастыру үшін; 2) балаларға анағұрлым ауырлық келтіретін дыбыстарды қайталап, бекіте түсу үшін; 3) картинкалармен жұмыс жасау үшін, логикалық жаттығулар орындау үшін; 4) әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескеріп, жұмыс ұйымдастыру үшін.
Бастауыш мектептің «Әліппе» оқулығы бойынша дайындалған үнтаспа материалдары 1-сынып оқушыларының тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатын көздейді.
Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған сабақ материалдары дыбыстық талдау-жинақтау (Байтұрсынұлынша «дыбысты әдіс», «жалпылаулы-жалқылаулы әдісі») әдісін қолдану арқылы жүзеге асады. Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған беттің алғашқы бөлігін (көкшіл түспен берілген) дыбыстық талдау дағдыларын дамыту материалдары қамтиды: сюжетті сурет, дыбыстық талдау сызбасы бар жеке сурет, дыбыстың айтылу сұлбасы, әріптің баспа және жазба түрлері, әріптің сұлбасын түрлі заттармен (ермексаз, моншақ, қарындаш, санағыш, түйме) жасау үлгісі. Қызғылт түспен берілген келесі бөлікте оқушылардың дыбыстық жинақтау дағдыларын дамыту материалдары берілген: буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін. Оқулық тапсырмаларымен сәйкес берілген үнтаспа материалдары оқушылардың тыңдағанын түсінуіне, тыңдаған мәтіні бойынша сөйлеуіне және парталас досымен сұхбатқа түсуіне мүмкіндік береді. Тыңдау материалдары (жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өлеңдер) оқушылардың ойын, есте сақтауын дамытып, тілін ұстартады, 1-сынып оқушысының бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Отанды сүюге, табиғатты аялауға, үлкендерді құрметтеуге, әдепті болуға тәрбиелейді. Бұл материалдарды смартфонға тегін жүктелген «Сканер QR» қосымшасы арқылы немесе үнтаспадан тыңдатуға болады. Қазіргі технология дамыған заманда 6–7 жастағы балалар үшін оқулықты сандық технология элементтерімен жабдықтау – өзекті мәселе. Бұл жастағы балалар техниканың құлағында ойнайды. Өз кезінде А. Байтұрсынұлы әдістеме үнемі жаңарып, қоғамның дамуынан қалмай, толығып отыру қажеттігін әдістемелік еңбектерінде атап өткен. «Әліппе» оқулығын құрастыруда оның «жаңашылдығы, өзгеріс және толықтырудың қажет етілуі» ұстанымы негізге алынып, оқушының «Сөз тану» айдарында берілген жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өлеңдерді QR арқылы тыңдауына мүмкіндік жасалды.
Баланың жадында бірінші кезекте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Бұл айтылғандарды қытай ғұламасы Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін» деген тұжырымы нақтылай түседі. Демек, «Әліппе» оқулығының дидактикалық, әдістемелік аппараттары жүйесін түзуде «жасай білу» негізгі қағидаларының бірі болады.