Халықтың қолөнерге әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке
қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегін (кереге, уық, шаңырақ), ағаш кереует, кебеже,
сандық жасау, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқу, арқан-жіп есу, көннен және
илеулі теріден қайыс таспа тілу, өрімдер өру, қолдан әр алуан ыдыс-аяқтар, алтыбақан, асадал, бесік
жабдығы және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап, түрлі
нақыштарымен әшекейлейтін болды. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондағы
қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді. Ертеден біздің заманымызға дейін
сақталған мазарлар мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер, ағаштан қиюлап, тастан қашалып
жасалған діңгектер – халықтық қолөнердің тамаша туындылары.
Саз балшықтарды күйдіріп, ағашты майлап кептіру,шақпаққа қу жасап, оны тұтанғыш ету, бейіт,
қорған, мешіт және т.с.с. салған балшықты қыл, жүн, шөп-шалам араластырып илеу тәсілдері де өте
ертеден-ақ халықтың іздену талабынан, қоғам дамуы процесінен туған ақыл-айлалар. Батырлық пен
саяхатшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен босмойын, аңшыларға
қажетті құстың тұғыры мен томағасы, балдағы мен балақ бауы сияқты көптеген жабдықтар да қазақ
халқының тұрмыс салтына, кәсібіне байланысты туғандығы сөзсіз.
Мал шаруашылығында желі, көген, шылбыр, ноқта, бұршақ, көген, құрық, бұғалық, тұсамыс,
өре, шідер, кісен, қада, дере, ер-тұрмандарды да халық даналығы ойлап тапты. Зергерлік, кестешілік,
оюшылық, өнерді дамытты. Құмнан, тастан, саздан (керамика) ыдыс-аяқтар, мүйізден, сүйектен,
мал мен аң терілерінен әшекейленген нақышты мүліктер, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз
сияқты музыка аспаптарын жасайтын халық өнерпаздары болды.
Халықтың қолөнеріндегі мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы – қайыс
өру, қару-жарақ, көшу-қону, жол-жорық жабдықтары болды. Шеберлер тас қашау, сүйек ою, ағаш
ию, мүйіз балқыту, металды өңдеп өрнектеу сияқты ауыр кәсіппен де шұғылданады. Сондықтан
қолөнері «ер адамдарға тән іс», «әйел адамдарға тән іс» деп екіге бөлінеді. Мысалы, тастан,
балшықтан, сүйек пен мүйізден, металл мен ағаштан бұйымдар жасап, оны әсемдеу сияқты ауыр
жұмысты ер адамдар атқарады. Кесте төгу, жиек жүргізу, өрмек тоқу, ши орау, сырмақ сыру оюлау,
шілтер шалу, тері киім тігу сияқты нәзік жұмысты әйелдер атқарады. Тері илеу, киіз басу, ши тарту,
шом, үстел жасау ер адамдар мен әйел адамдар бірлесіп істеді. Бірақ ер адамдар киім пішу, үлгі
жасау, киім тігу, жүн сабау, арқан тарту, тері ыстау жұмыстарынан да шет қалған емес.
Достарыңызбен бөлісу: