Салғастырмалы фонетика – тілдің дыбыстық жүйесін туыстығы жоқ, құрылымы әртүрлі басқа да тілдермен салыстыра зерттейді.
Дыбысты айтамыз және естиміз, ал әріпті жазамыз және көреміз. А.Байтұрсынұлы еңбегінде: «Дыбыс таңбасын қаріп деп атаймыз. Дыбыс пен қаріп екеуі екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып, шатыстырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе, қаріп көрінетін, естілмейтін нәрсе» деп дыбыс пен әріптің айырмасын нақтылап түсіндіреді (5). Дыбыс пен әріп бір нысанның екі түрлі қыры болғанмен, бірінен алшақтайтын тұстары да жиі кездеседі. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ұ, ү), кейде бір әріп (ё, ю, я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) таңбалайды. Ал кейбір әріптердің (ь,ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Фонетикадан тағы бір маңызды болып табылатын бірлік – фонема. Фонема гректің рhonema (дыбыс) деген сөзінен алынған термин. Фонема – сөздер мен морфемаларды құрастырып, оларды бір-бірінен мағына және форма жағынан ажыратуға септігі бар тілдің ең кішкене функциялық единицасы. Лингвистикада бұл термин дыбыстық тілдегі ең кішкентай бірлік мағынасында жұмсалады.
Экспериментті-фонетикалық әдіс арқылы қалыптасқан экспериментті(грекше – байқау, тәжірибе) фонетикада сөйлеу дыбыстарын акустика мен физиология саласында пайдаланылатын аппараттарды пайдалану арқылы зерттеуде қолданылады.
Экспериментті-фонетикалық әдіс екі топқа бөлінеді:
1) акустикалық әдісарқылы сөйлеу дыбыстары, олардың акустикалық қасиеттері қарастырылады;
2) физиологиялық әдіс (соматикалық әдіс) дыбыстар қандай дене мүшелердің қатысы арқылы жасалып тұрғанын, оның артикуляциялық ерекшеліктерін айқындайды.
Акустикалық әдіс1)кимографтық әдіс; 2)осциллографтық әдіс; 3)спектрографиялық әдітерге іштей жіктеледі. Соматикалық әдіс 1)палатографтық әдіс; 2)рентгенографиялық әдіс; 3)кинофотоға түсіру әдісі болып үшке бөлінеді.
Экспериментті фонетика қазіргі қазақ тіл білімінде де кең қолданылуда. Адамның қарапайым мүмкіндіктері сезіне алмайтын нәзік элементтер эксперименттік фонетиканың нәтижелері арқылы мүмкін болып, фонетиканың ғылым ретінде одан әрі дамуына зор ықпалын тигізіп отыр.
Фонетика саласында жоғарыда аталған әдістерден басқа әбден қалыптасқан қарапайым әдістер де қолданылады. Қазақ тілінде дыбыстардың қалыптасқан орны, үндесу заңдылықтары және т.б. ерекшеліктер ұзақ уақыт бойы жете қалыптасқан. Мысалы: біздің артикуляциялық базамыз қатаң дыбыстардан кейін қатаңдар келеді деген заңдылықты сақтауға бейімделген. Осындай көптеген тұжырымдар жасау байқау мен қабылдауға, қарапайым тәжірибеге негізделген.
Адамның дыбыстық тілі - өте күрделі құбылыс, сондықтан да оны үш түрлі аспектіде (лат. аspestus – көзқарас, түр, сипат) қарастыру керек. Олар: анатомия–физиологиялық (биологиялық) аспект, акустикалық (физикалық) аспект және лингвистикалық (функциональдық) аспект.