2-дәріс. Тақырыбы: Фонетиканы оқытудың негізгі базасы
Артикуляциялық база
Акустикалық база
Перцепциялық база
Қазақ тілінің дыбыс құрамы мен жүйесі әр тұрғыдан талданып шықты. Атап айтқанда:
- дыбыстың жасалымы (артикуляциясы), яғни дыбыс жасалу тұрғысынан талданып-сипатталды;
- дыбыстың айтылымы (акустикасы), яғни дыбыс айтылу тұрғысынан талданып-сипатталды;
- дыбыстың естілімі (перцепциясы), яғни дыбыс естілу тұрғысынан талданып-сипатталды.
Оның өзіне ғана тән ұғымдар мен атаулары бар.
Дыбыстың жасалымы (артикуляциясы) – дыбысты жасауға қатысатын сөйлеу мүшелерінің аты аталып (ерін, тіл ұшы, тіл ортасы, тіл арты, тілшік), орны көрсетіліп, сол сөйлем мүшелерінің өзара қиысу жолдары (тоғысыңқы, жуысыңқы, діріл, жанама) сипатталады.
Дыбыстың айтылымы (акустикасы) ауыз қуысындағы резонаторлар жүйесінің қалпы аталып (ауыз қуысты, көмей қуысты, жанама қуысты), сөйлем мүшелерінің өзара қиысу күші (лепті тоғысыңқы, босаң тоғысыңқы, бос тоғысыңқы) аталады.
Дыбыстың естілімі (перцепциясы) ауыз қуысынан сыртқа шыққан дыбыстың құлаққа жеткен нәтижесі (жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, ашық таза дыбыс, қою дыбыс) сипатталады. /1.12б/
Алайда, академик Л.В. Щербаның айтқанындай «жалпы фонетиканы акустикадан да, физиологиядан да басқаша лингвистикалық айрықша пән ретінде бөліп қарау және оны тіл дыбыстарының адамдардың тілдік қатынас жасау процесінде атқаратын қызметіне орай әлеуметтік ғылымдардың қатарында қарау керек».
Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін дыбыстар мүшелер мен олардың әрқайсысының қызметін жеке білу қажет. Дыбыстау мүшелері мыналар: өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, таңдай, тіс, ерін, т.б.
Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сырқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сөйлеу аппаратының қатысуы шарт. Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың (дыхательный) бойына орналасқан өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан тамаққа, одан көмейден жұтқыншақ қуысына келеді. Одан әрі ауа не мұрын қуысына, не ауыз қуысы арқылы өтеді.
Дыбыстарды айтуда, әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады. Дыбыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады. Ал, дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады.
Қазақ тілі- түрік тілінің бір тарауы. Дүниедегі жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл.
Түбіршік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл - сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл. Мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл- сөз түбірі мен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түркі тілдің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей аяғына жалғау қосылып өзгеріледі. Түрік жұртының 90 пайызы баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді, -дейді лингвист ғалым А.Байтұрсынов өз баяндамасында.
А.Байтұрсынов: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, ал жетісі дауыссыз, ал екеуі жарты дауысты» - дейді. Дауысты дыбыстар: а,о,ұ,ы,и,е. Дауыссыз дыбыстар мынау: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, ң, к, г, қ, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ у, һәм шолақ й.
Бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады. «к», «г» һәм «е» ылғи жіңішке айтылады. Егерде жуан айтылу үшін бір белгі, жіңішке айтылу үшін бір белгі керек десек, онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған жуан айтылатын «қ» мен «ғ»-ны қосқанда, дайын жіңішке айтылатын «к»,»г», «е»-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (һәріп) керек. /2.169б./
Араб әліппесінде 43 жететін һәріп жоқ, өзге әліппелерді қазақ қабыл алмайды. Араб әліппесі қазақ арасына дінмен бірге жайылған. Дінмен байланысқан әліппені тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру қиын жұмыс. Дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қалай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды сондай билейді: яғни дауысты дыбыстар жуан айтылса, дауыссыз,я жарты дауысты дыбыстар да жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады.
Дауысты фонемаларды таңдағанда, әрбір жеке дауыстыны жасап тұрған үннің ішкі сапасын түсініп ажырата алу - шарт. Тіл ғылымында үнге айналған ауаның ішкі сапасына қарай, дауысты фонемалар әдетте үш түрде қарастырылады: монофтонг, дифтонг, трифтонг.
а) Монофтонг – арасында ешбір артық қосындысы жоқ таза үннен ғана жасалған дауыстылар. Бұл топқа ауаның сыртқа шығар жолы мейлінше ашық немесе орташа ашық дауыстылар жатады. Қазіргі қазақ тіліндегі а, ә, ы, і, ұ, ү, о, ө, е фонемалары – жалаң дауыстылар, яғни монофтонгтар болып есептеледі.
ә) Егер дауыстылардың айтылуында ауаның сыртқа шығар жолы неғұрлым тар болса, ондайда дыбыстар осы тар жолдан қысылып сыртқа шығарда негізгі үнге аздаған қосынды үн үстеп алады. Басқаша айтқанда, ауа тар жолдан сүзіліп, жан-жағын қоршаған сөйлеу мүшелелерінен сығылысып шығарда оған үстеме, жанама үн қосылады. Осыдан дифтонг дыбыстар пайда болады. Демек, дифтонг дыбыстарға үннің сапасы біркелкі таза емес, бөліп жаруға келмейтін екі үннің қосындысынан бірігіп жинақталған тұтас бір фонема пайда болады. Дифтонг дыбыстарды жиынды екі дыбыстың негізгі үні артық: көтеріңкі айтылады да жанама қосынды үні оған қарағанда, едәуір көмескі, бәсең, солғын айтылады.
Қазақ тіліндегі байырғы сөздердің құрамында қолданылатын дауыстылардың екеуі дифтонг болып есептеледі: бірі – «у»; екіншісі – «й».
«У» тұйық дифтонг. Бұл фонеманың жасалуында ауаның өкпеден ауыз қуысына келе жатқандағы жолы ашық, кедергісіз, сондықтан айтудың алғашқы кезінде ауа мол, «у», «ы» немесе «у», «і» таза үн естіледі. Бірақ ауаның сыртқа шығар жолы екі еріннің мейлінше сүйірленіп тарылуына байланысты болғандықтан, ол өзіне аздаған ысқырық тәріздес үн қосып алады да, ауа жолының ең соңында мейлінше қысаң естіледі, яғни негізгі дыбыс жасайтын үн екі элементтің араласқан қосындысына (у, ыу, уу, іу) айналады. /3.17б./
Дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар «гуттураль» және жіңішке дауыстылар «палаталь» деп екі топқа бөліп қараудың түркі тілдерінде сингорманизм заңдылығын (дауыстылардың үндесу заңдылығын) танып білуде үлкен мәні бар.
20-30 жылдары жасалған терминдердің кейбір ғылым саласында тұрақтап, күні бүгінге дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатыр. Бұған мысал ретінде А.Байтұрсынов тарапынан тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы әбден қалыптасып кеткен көптеген терминдерді келтіруге болады. Тіл білімінде қолданылатын орыс және халықаралық терминдерді басқа ғылымдар саласындағыдай қалай болса солай ала салмай, оқырман көпшілікке түсінікті болу үшін оларды жүйелі түрде қазақ тілінің өзіне тән байырғы сөздер негізінде тыңнан жасауға ғалым көп күш салған. Қазақ тілімен туыстас түркі тілдерінде терминалогия мәселесі белгілі бір жүйеге түспей, үйлесім таппай жатқан кездерде А.Байтұрсыновтың жаңашыл әрекеті түркологияда ерекше көзге түскен еді. Мәселен, дыбыс, дауыссыз дыбыс, жарты дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, ымыралы дыбыс, буын, сөз, жалғау, жұрнақ, қосымша, септік – атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау, демеу, одағай, сөйлем, жай сөйлем, жалаң сөйлем, жаңылма сөйлем, сұраулы сөйлем, болымды сөйлем, болымсыз сөйлем, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш т.б. жүздеген лингвистикалық терминдер қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынов есімімен байланысты айтылады.
Қазіргі кезде тілдік материалды оқушыларға ғылыми негізде меңгертудің бір жолы – сатылай комплексті талдау. Бұл талдаудың өзіндік ерекшелігі сол оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығы мен әдеби тіл нормасын үйретіп, сауатты сөйлеу, жазу дағдысын қалыптастыру, тілден алған білімдерін басқа ғылым салаларын меңгеруге құрал етіп, білім беру үстінде пән мен пәнді байланыстыра меңгертіп өз беттерінше іздене біліп, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу.
Өтілген тілдік материалдар оқушыларға түсінікті болып, одан сапалы және көлемі дәл көрсетілген білім алу үшін және өтілген материалды тиянақты меңгеріп, оның ғылыми-практикалық негізін дұрыс түсіну үшін де сатылай комплексті талдаудың маңызы зор.
Сатылай комплексті талдауды жүргізуде басшылыққа тілдік материалды белгілі бір жүйесімен орналастырған сызба басшылыққа алынған. Оқулықта берілген материал оңайдан қиынға, жеңілден ауырға деген оқыту принципіне негізделсе, сызба да осы принципті басшылыққа алады.
Достарыңызбен бөлісу: |