3. Әдеби жанрлар теориясы. Тек пен түр терминдерінің мәні
Әдеби жанрлар (фр. genre - түр, тек, жанр) – ауызша және жазбаша шығармалардың көркем даму процесінде қалыптасады. Шығарма жанры дәстүрлі түрде мынадай негізгі белгісі бойынша анықталады - бір жанрдағы шығармаларды біріктіретін және айтарлықтай тұрақты, әрі тарихи қайталанатын сипаттағы мазмұнына, құрылысы мен түріне қарай.
Көркем шығарманы кеңінен танып білу жанрлар сериясын тудырады. Атап айтар болсақ, тарихи, отбасылық-тұрмыстық, детективтік, ғылыми-фантастикалық және т.б. келтіруге болады. Мұның барлығы көркем шығарманы кеңінен таңып білудің жемісі. Шығарманың танымдық мазмұны көбінесе романның, повестің және әңгіменің немесе пьеса мен көріністің, өлеңнің жеке немесе топтық портреттің жанрлық ерекшеліктерін айқындайды. Суреткердің идеялық-психологиялық бағалау ұстанымы апологиялық және сырттай объективті, ирониялық болуы мүмкін болғандықтан, бірқатар жанр түрлері туындайды. Оларға тоқталар болсақ, әдебиеттегі ода – баллада – эпиграмма – памфлет осының нәтижесі. Сонымен қатар, олардың әрқайсысында өнердің басқа түрлеріне қарағанда жанрлық мүшелену қатынасында өзгешелік бар, яғни өнердің түрі (мысалы, фольклорлық поэзия және әдебиет, поэзия және проза) мен тегіне (мысалы, әдебиеттегі эпос, лирика, драма) қарай бөлінісінде. Көркем шығарма дифференциясындағы олардың қарым-қатынасын зерделеу тұйыққа тірелуде. Өйткені, «Жанр», «Түр», «Тек», «Әр түрлілік» терминдері осыған байланысты нақты анықтамасын тапқан жоқ. Осының салдарынан, оларды қолданыста бірінің орнына бірін пайдалану жалғасуда.
Қайта өрлеу дәуірі тұсындағы өнер жанрлар арасындағы нақты демаркациялық шекара жоқ; XVII – XVIII ғасырлардағы классицизм эстетикасы жалпы иерархиялық жанрлар жүйесіндегі әр жанрдың тазалығын қамтамасыз ететін қатаң тәртіп орнатты. Сол уақытта Францияда «жанр» ұғымы қолданысқа енді; XIX ғасырда жанрлардың өзара әрекеттестік процесі қайта оралды. Олардың қосылып кетуі, тоғысуы, қатаң белгіленген шекараның бұзылуы басталды. Кейбір қазіргі заманғы теоретиктер жанр дифференциясы тіптен ескірген деп жанр мәселесін алға қоюдың қажеті жоқ деп есептейді.
Шығарманы сипаттау үшін оның мазмұнының жанрлық ерекшеліктері маңызды. Бұған байланысты ұғымдар Г. Гегельдің «Эстетика» еңбегінде , А.Н. Веселовскидің «Исторической поэтике» шығармасында және басқа да ғалымдардың еңбектерінде қамтылды. Эпикалық, драматургиялық, лирикалық және лиро-эпикалық сияқты жанрлық топтар ерекшеленген. Осындай топтардың әрқайсысының шегінде шығарма әдеби тегі, өлеңдік және прозалық формасы және соңғысы, өзінің көлемі бойынша ажыратыла алады. Көне әдебиеттің жанрлық жүйесі күрделілігімен және көп тармақтылығымен ерекшеленеді. Жаңа заман әдебиетімен салыстырып қарар болсақ, тұрақтылығымен сипатталады. Кешірек, қоғамның дамуы, өзінің жанрларымен бірге әдебиеттің де дамуы жылдамырақ бола бастады. Әдеби бағыттың туындауымен бірге жанр жүйесі белсенді түрде теориялық мағына мен негіздеме берудің нысанасына айналды. Осылайша, классицизм поэтикасы болып жоғарғы, ортаңғы және төменгі жанрлар ерекшеленді. Жанр жазушылар немесе ақындар міндетті түрде сақтауы керек регламенттелген жалғыз норма сияқты ұғынылды. Бұдан әрі классицизм жанрларының рационалистік жүйесін сентименталистер мен романтиктер бұзды. Олар шығармашылық бостандығын «тәртіптерден» жоғары бағалап, қарсы шықты. Романтизм классицизмге керағар жанрлар тудырды. Ол адамның ішкі көңіл-күйін, сезімін тереңірек ашып алдыңғы қатарға шығарды. Классицизм дәуірінде орын алмаған адамның ішкі сыры, терең сезімі, жеке тұлғаның ішкі уайым-қайғысы, қуанышы, яки адами қасиеттер сентиментализм тұсында алдыңғы орынға шықты. Сентименталистер шығармалары классицистік мадақ жырын, батырлық поэмаларды, трагедия, поэмаларды ысырып, ішкі сырды бейнелейтін эллегия, баллада, лиро-эпикалық романтикалық поэмаларға жол ашты. Әр автор жанр түрлерін әр түрлі жүйелендірді.
Әдебиеттану ғылымында біз әдетте, әр автордың қаламының ұшқырлығы, жазу шеберлігі өзінше дара, өркештеніп тұрады, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік жазу ерекшелігі болады дейміз. Өйткені, әдебиеттану сөз өнері болғандықтан «сөз – алтын жіп, жыр – кесте» демекші, сөздің құдыреттілігімен түрліше өріледі. Алайда, көп ғасырлық даму тарихы бар әдебиеттану ғылымы типологиялық ұқсастықтар бар. Осылайша, типологиялық ұқсастығы мен негізгі қырлары бойынша олар нақты бірнеше топтар мен тектерге бөлінеді. Бұл тектік бөлініс әдебиеттану ғылымы дүниееге келген кезден бастап туындады. Бұл көне гректер мен римдіктерге белгілі болды. Әдебиеттегі тек пен жанр түрлерінің теориясының негізін тұңғыш рет Аристотель қалады. Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде әдебиетті «сөзбен өрілген өмір» дейді. Солай деп айта келе ұлы философ оның үш түріне тоқталады. «Оқиғаға автордың өзі қатыспай сырттай бейнелеуі» эпикалық тәсіл деп айта келе ол бұған мысал ретінде Гомер шығармаларын келтіреді. Екінші тәсіл – бұл әдеби тәсіл. Яғни, шығарманың негізі нысанасы - автордың жан толғанысы, ішкі сезімі, лирикалық көңіл-күйі. Енді ең соңғысына келер болсақ, ол – драмалық, ал тектің өзімі драма деп аталады. Драмада жазушының бейнелеген кейіпкерлері айтайын деген ойын өзінің іс қимылы, дауыс ырғағы, интонациясы арқылы сахнада береді.
Неміс философы Гегель әдебиеттің тегі туралы мәселемен ден қоя айналысқан. Бұл ретте ол өзі ғылымының негізі етіп философиялық ұғымдарды алады. Яғни, объект, субъект ұғымдарын пайдаланады. Әдебиеттің әдеби тектерінің негізін ол өзінің диалектикалық идеяларының негізінде қарастырды. Субъект дегеніміз ақынның өзі, эпос - баяндаушы жанр дей келе, лириканың түрлеріне мадақ жырын, элегияны, лирикалық жолдауды, өлеңді, эпиграмма мен сонетті жатқызады. Драмаға драма мен трагедияны жатқызады.
Сөйтіп, бір елде ерте, бір елде кеш тарап, жанр атаулары қанатын кеңінен жайды, сонымен қатар осы процесс істінде олар әртүрлі ассоциацияларға ие болып, басқа да мағыналарды жүктеді. Мысалы, Италияда «новелла» сөзі басында әртүрлі жанрдағы прозалық шығармаларды, рыцарлық романдарды, антикалық дәуірдің батырлық мифтерін, тарихи туындылар мен мысалдарды білдірумен қатар, тұрмыстық күлкілі әңгімелерді де білдірді. Ал Ресейде повестерді новелла деп атады. Жазушылар өздерінің шығармаларына қоғамның санасында қалыптасатын жанрлық атауын белгілейді. Авторлар кейде жанама ассоциациялардың жетегінде кетіп, қателесуі де мүмкін. Әдебиеттанушыларға автор пікіріне қарсы шығу қиындық тудырады.
Әртүрлі жанрдағы шығармалар кейде бір атаумен айтылса, енді бірде бір жанр әртүрлі елдерде түрлі атауға ие. Мысалы романдардың тарихи және қазіргі заманғы немесе, екінші жағынан, саяси және философиялық бөлінуін есепке алудың қажеті жоқ. Көркем шығармалардағы тарих пен қазіргі заман олардың тақырыбы саласына жатады. Ал автор мен кейіпкерлердің саяси және философиялық мүдделері оның проблематикасы саласына жатады. Шығарманың компазициялық мотивациясын оның жанрлық ерекшелігіне жатқызуға болмайды. Айталық, лирикадағы арнау жанрға жатпайды.
Жанр - бұл тарихи құбылыс емес, типологиялық құбылысқа жатады. Олардың құрылысы мүлдем басқаша болғанымен, нақты жанр туындысы болады. Роман, комедия, элегиялардың жанрлық ортақтығы неде? Оны шығарманың өң бойынан іздеген дұрыс болар деп ойлаймыз. Яғни, шығарма авторының өз ойын беру әдісі жанрлық тұтастықты құрайды. Жоғарыда айтқан Аристотель мен Гегель философиясы осының айқын дәлелі болып табылады. Көп құрылымды көркем шығарманың мазмұынынан оның жанрлық аспектісі болып табылатын, тарихи қайталанатын аспектісін, жанр және оның түрлілігінің негізі жататын қырын табу керек. Қазіргі замандағы батыс әдебиеттану ғылымы жанр мәселесі туралы.
Р.Уэллек пен О.Уорреннің тұжырымдамаларында жанр мәселесі анағұрлым кеңірек зерттелген. Олар: әдеби жанр – бұл фикция емес дей келе, әдеби жанрға төмендегідей анықтама береді. Олардың тұжырымдамасы бойынша: «Бір мезетте жазушының жазу мәнері арқылы анықталатын белгіленген ереже» әдеби жанр. Уоррен мен Уэллектің пікірі бойынша жанр теориясы: әдеби процесті уақыт пен орын санатының көмегі (кезеңділігі мен тілі) арқылы емес, таза әдеби категориялардың көмегімен классификациялауға мүмкіндік беретін, тәртіпке келтірілген жүйе. Осындай таза әдеби категориялардың қатарына жанр да жатады. Зерттеушілердің идеясы бойынша, жанр әдеби құрылым ретінде көркем шығармағы сыни баға беруде де қолданылады. Уэллек пен Уорреннің ойы бойынша жанр мәңгілікке белгіленбейді. «Шығармағы жеке, сыни көзқарас жаңа тек түріне жол ашуға мүмкіндік береді. Уэллек пен Уоррен жанр деп шартты түрде жалпы «ішкі» (ішкі сезім, көңіл-күй, қарым-қатынас, ойлау, өзге сөзбен айтсақ- тақырып пен аудитория) және «сыртқы» (пішіні, құрылымы) теориялық белгісі көрінетін әдеби шығармалар тобын атайды.
Әдебиеттің тегі мен түрі әдебиет яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен түрлердің тегі деп те аталады және олардың әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық түрлерге бөлінеді.
Бөлінгенімен, ішкі байланыстарын үзбей, бояулары бір-біріне кіріксе де, өздеріне тән ерекшеліктерін сақтап қалады.
Эпос — әдебиеттің негізгі үш тегінің бірі, әдебиеттің баяндау жанрларының басын құрайды. Эпостық шығармада оқиға өз бетінше автордың еркінен тыс жүріп жатқандай әсер береді. Мұнда оқиғаны суреттеу тәсілінің бір ерекшелігі — сюжет желісінің тежелетіндігі. Эпостық жанрдағы шығармаларда негізгі әңгімеге қатыссыз “бөгде” бір нәрселер бейнеленетін секілді. Шын мәнінде бұл — эпостың өзінің жанрлық мақсатына жету үшін қолданатын тәсілдерінің бірі. Эпос тұтастықты көксейді, шындық дүниені қалайда кең көлемде көрсетуді қалайды. Нәтижеде қомақты, өркешті, кең тынысты шығарма туады. “Батыр Баян” поэмасында Мағжан осы тәсілді шебер іске асырады. Жорыққа аттануға әскерін жинаған Абылай ханға Баян батырды күттіру арқылы оның тұлғасын ғана биіктетіп қоймайды, сол арқылы поэмаға қосымша талай оқиғаларды суреттеп, шығарма ауқымын барынша кеңейтеді, құлашын кең жазады. Эпос оқиғасы сырт оқиға ғана емес. Қаһарманның ішкі дүниесіне бойлау, оның жан диалектикасын ашу қандайда қызғылықты оқиғадан кем әсер етпейді. Эпостық шығармалар тарихы сонау қадым замандардан басталады. Аңыз, ертегі, дастан, жырлар — біздің баға жетпес ұлттық мұрамыз. Болмысты бейнелеу, адам мен қоғам өмірін суреттеу эпос жанрында негізгі үш арнамен атқарылады. Ол жанрлар шағын көлемді (анекдот, мысал, әңгіме, новелла, әпсана-хикаят), орташа көлемді (поэма, повесть) және ірі көлемді (эпопея, роман) болып бөлінеді.
Үш текті әдебиет жанрларының бірі — лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда “ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі” (Байтұрсынов). Адамның сырттан алған әсері көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі сезімге айналады. Жалт өткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл — лирика. Лирика — алдымен сезімнің гүлі, гүлдің хош иісі, көз жауын алған көркі. Мұнда субъектілік басым. Эпоста автор оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және өз қалпын “бетін өзгертпейді” (Аристотель). Өлеңнің лирик. кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады. Лирик. кейіпкер — жүрегін от сезімге ораған ой адамының бейнесі. Лирик. өлеңдегі сұрапыл тебіреніс, толғаныстар, қызу қанды қарбалас әсерлер соқыр сезім емес, ой көзді сезім. Абай: “Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің” десе, бұл — лирик ақын бейнесі. Ой мен сезім лирикада ғашықтардай табысады, сол махаббат ләззатынан көркем сөз атты перзент туады. “Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз” деп Абай тегін айтпаған. Өлең қолдан жасалмайтынын, ой, қайрат, жүрек тұнығынан қайнап шығатынын ескерткен. Лирик. жанр түрлері қазақ ауыз әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ өлең), эпиграмма (әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеум. лирика түрлері де дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы, табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық теңестіретін шығармалар тудырды.
Әдебиеттің үшінші тегі — драма. Мұнда оқиға көз алдында өтіп жатады. Кейіпкерлер бастарынан шиыршық атқан шым-шытырық оқиға кешеді. Бәрі әрекет үстінде. Жәй әрекет емес, тайталасқан күрес, айтыс-тартыс, қырқыс. Айлаға қарсы айла, әрекетке қарсы әрекет. Оны істейтін кейіпкерлердің характері. Бәрі соған байланысты: жақсылық та, жамандық та. Характер, мінезділік — адамның өзегі, алтын арқауы. Атом бөлшектенгенде орасан зор энергия пайда болатыны мәлім. Характер ядро іспетті. Драманың ойдағыдай шығуы сол ядроның қуатын қалай “босата” алғанына, яғни кейіпкердің мінезін қалай аша білгендігіне байланысты. Оның тәсілі сан алуан. Характер қақтығыста, тартысқа көрінбек. Қшінде бүккен сырлары, әлеум.-саяси көзқарасы, өзге де адамгершілік, құлықтылық, ар-инабаттылық қасиеттері жан алып, жан берген күрес, шайқастарда ашыла түспек. Ғ. Мүсіреповтың драмаларындағы характерлер дәл сондай шиеленіс, күрес үстінде ашылады. Біреулері махаббаттай пәк, асыл да асқақ сезім үшін, сүйген жарының жолында өзін құрбан етеді. Сөйтіп рухани сұлулығымен көрермен жүрегінде мәңгі ұялайды. Қайсыбірі ұсақтығымен, арам, арсыздығымен жирендіреді. Екеуі жиылып адамның іштей жуылуына, жаңғырып шыңдалуына бастайды.
Әдебиет тектері мен түрлерінің жіктелуінде белгілі шарттылық бар. Эпос, лирика, драма іштей бір-бірімен байланысты. Бір әдебиет көзінен тарайтын бұлақтар. Үш тектің үшеуі де қазақ көркем сөзінің фольклор, дара ақындар әдебиеті, жазба әдебиеті тармақтарының бәрінде бір сапада ойға азық, жанға сусын бола білді. Үшеуі де даму барысында біріне бірі әсер етіп, бірін бірі демеп, ашып, толықтырып отырады. Мыс., жаңа эпос-роман жанры психологизм, драматизм құралдарын барынша пайдаланады. Демек, лирика, драма жанрларынан өзіне керекті нәр алып отырады деген сөз. Роман жанры бірден бүгінгі кемеліне келе қойған жоқ. Оның ілкі өркендері ертеректе, фольклор қойнауларында шым-шымдап өсіп жетілді. Соңғы жылдары фольклортану ғылымы дастан эпосының қайсыбір белгілерінен новелла, роман жанрларының нышандарын тауып, зерттеп жүргені тегін емес. Ертегілік дастандармен қатар, новеллалық, романдық дастандар дейтін түрлер ғыл. айналымға енгізілді. Жанрлық ауыс-күйіс — әдебиет дамуындағы табиғи процесс. Әдебиеттің үш текті жанрларға жіктелуі күллі көркемсөз дүниесіне қатысты заңдылық. Міне, осы ортақ заңдылықтан фольклор, дара ақындық ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті саларын бір-біріне қарсы қоймай, араларына өтпес ор қазбай, қайта оларды бір-бірімен тығыз байланыста тұтас өнер жұйесі ретінде қарап зерттеу қажеттігі туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |