Орта жүздегі хан билігінің жойылуы Кіші жүзде тап осылай әрекет жасауды әлдеқайда жеңілдетті. Бұл кезде Кіші жүз сұлтандарының арасындағы алауыздық әлі тоқтаған жоқ еді. Хан билігі әлсіреп, қол астындағы халық арасында беделінен айырылып тынған болатын. 1822 жылы Орынбор өлкесінің губернаторы П.К. Эссен Ресей астанасына «Орынбор қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғының» жобасын жөнелтті. Бұл кезде Кіші жүзде Шерғазы әлі де хан болып тұрған еді. Қазақтардың шекара шебіне және Орынбор өлкесінің ішкі округтарына шабуыл жасауы жиі-жиі қайталанумен болды. Орынбор өлкесінің бастығы ұсынған жобатолықтыра түсу үшін Азия комитетіне қайтадан жіберілді. Жарғының түпкілікті жобасын Ресей патшасы I Александр 1824 жылы көктемде біржолата бекітті. Шерғазы хан Орынборға шақыртып алынды. Оған ғұмырының ақырына дейін ай сайын жалақы төленіп тұратын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хан билігі де жойылды. Бұл реформа бойынша Кіші жүз аумағы Жайықтың сырт жағындағы үш округқа бөлінді. 1828 жылы ондағы әкімшілік бірліктерінің аттары өзгертіліп, Батыс, Орта және Шығыс округтары деп аталды. Кіші жүздегі өкімет билігі Орынбор губернаторына тікелей бағынатын басқарушы-сұлтандардың қолына көшті. Басқарушы-сұлтандарға казактардың жасақтары да бағындырылды. Ондай жасақтардың әрқайсысында 100-ден 200-ге дейін адам болды. Басқарушы-сұлтандар казак станицаларында және шекара шебіндегі бекіністерде тұратын болып белгіленді. Мұның өзі олардың патша үкіметіне тәуелді болуын күшейте түсті. Басқарушы-сұлтандардың атқаратын негізгі қызметі өздеріне қарайтын халықты «тәртіп сақтайтын және патша үкіметіне әрқаиіан адал әрі айтқанын екі етпейтін бағыныста» болатындай етіп ұстау еді. Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап, баскарушы сұлтандарға дейінгі барлық лауазымды тұлғаларды Орынбор губернаторының өзі тағайындайтын болды. Сайлау жүйесі жойылды.
1822—1824 жылдардағы жарғыларды енгізудің салдарыӨңдеу
Бұл жарғылар, негізінен алғанда, алысты көздейтін арам ниетті пиғылмен жасалған еді. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды, Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Жарғы жаңалықтары көші-қон шеңберін тарылтты, еркін көшу бостандығы мүмкін болмай қалды. Бұрыннан қалыптасқаң рулық ұжымдар бір-бірімен мидай араласып кетті. Бір кездегі дамыған көшпелі мал шаруашылығы тұйыққа тіреліп, күрт құлдырай бастады. Патша үкіметі мемлекеттік салықтың қатаң белгіленген мөлшерін бекітті. Елден жиналатын алым-салық шенеуніктік аппарат пен әскери күштерді ұстауға қажетті қаржы көзіне айналды. Патша үкіметінің бұл реформалары қазақ рубасылары мен сұлтандарынан іріктелген, айтқанды екі етпей орындайтын «тәртіпті аппарат» құруды одан әрі күшейте түсті. Олар бірте-бірте орыс шенеуніктеріне теңестірілді. Ендігі жерде олар сыйақы мен шен алу үшін қызмет етуге көшті. Оларды қызметке тағайындау да, қызметінен алып тастау да Ресейдің аймақтық басшылығының көзқарасы мен көңіл күйіне тікелей байланысты болды. Болыс сайлауы парақорлық, шар салушылардың дауысын, орыс шенеуніктерінің ықыласын сатып алу сияқты жиіркенішті масқара құбылыстардың етек алуына алып барып соқтырды. Неміс зерттеушілерінің бірі Ф.фон Шварц былай деп жазды:
“
Округ басшылары неғұрлым тиімді де пайдалы болыс лауазымын параны кім көп берсе, соған сатудан тіпті де тартынбайды.
”
Сайлаудың мұндай сиқы бір руды екінші руға қарсы қойып, өзара өшіктірді. Әркім өз руының құрамына дауыс беруге тырысты. Ал аға сұлтандарды сайлауға қара сүйек өкілдерінің де қатысуына рұқсат етілген кезде сұлтандар мен рубасыларының бір-біріне қарама-қарсылығы күшейе түсті. Округтық приказдар империяның қазақ даласындағы және Орта Азия иеліктеріндегі әскери-отаршылдық әрекеттерін одан әрі өршітудің әзірлік алаңдарбіна айналды. Сұлтандардың бір бөлігі, әсіресе жаңа қызмет лауазымдарын бөлу кезінде ескерусіз қалған бөлігі, патша үкіметінің реформаларына қарсы шықты. Ондай наразылықтардың бірқатары қарулы көтеріліске ұласты. Дегенмен де, XIX ғасырдың 20-жылдарындағы реформалардың отаршылдық сипаты мен мәні күшті болғанына қарамай, олар қазақ даласында сауда-саттықты, денсаулық сақтау ісін және халыққа білім беруді едәуір дамытуға оң ықпалын тигізді