1. Ежелгі сақтардың дүниетанымдық ұстанымдары мен рухани құндылықтары Жауабы


Қазақтың алғашқы баспасөз органдары: «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті және олардың қазақтың ұлттық сана-сезімін оятудағы маңызы



бет61/67
Дата15.02.2023
өлшемі325,34 Kb.
#68026
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   67
Байланысты:
1. Åæåëã³ ñàòàðäû äíèåòàíûìäû ñòàíûìäàðû ìåí ðóõàíè íäûëû

70. Қазақтың алғашқы баспасөз органдары: «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті және олардың қазақтың ұлттық сана-сезімін оятудағы маңызы.
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден (Шахмардан) Қосшығұловтың (қосарлас редакторы А. Ибрагимов) бастамасымен “Улфат” газетіне қосымша ретінде “Серке” газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3-4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған.
1907 жылғы наурызда Троицкіде “Қазақ” газетінің бірінші, әрі соңғы нөмірі шықты. Тыйым салынған екінші нөміріндегі “Біздің мақсаттарымыз” деген бас мақалының авторы М. Дулатов еді. Нақ сол жылы қазақ жастарының Томск қаласында “Дала” газетін шығаруды жолға қоймақ болған әрекеті де табысқа жеткізбеді.
Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығыныңұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді “Қазақстан” газеті шықты. 1911-1913жылдарда (қаңтар-ақпан) небәрі 16 нөмірі шығарылды (редакторы Елеусін Бұйрин). Газет “кәсіпкерлік пен ғылымға үйрету” ізгі мақсат деп санады. Профессор Ү. Субханбердинаның пайымдауынша, газет прогресшіл-демократияшыл түсінікте болып, отандастарын орыстың озық мәдениетін меңгеруге шақырған. Ол оқырмандарына кітап шығару жаңалықтары туралы хабарлап, шаруашылықты прогресшіл жолмен жүргізу жөнінде кеңестер беріп отырды. Оның беттерінде Гурьев уезінде жаңа мұнай кенішінің ашылғаны туралы хабар бірінші болып жарияланды. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда“Емші даласы” газеті шығып тұрды.
“Айқап” журналы. Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. “Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М. Сералинге, — делінген құжатта,- Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайын “Эй-кафь” журналын шығаруға рұқсат берілді”. Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армандары орындалды:1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш “Айқап” ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Нақ соның, ал кейініректе, 1913 жылғы 2 ақпанда Орынбор қаласында шыққан “Қазақ” газетінің де тағдырына жалпы ұлттық басылымдар болу жазылған еді.
Журналдың бірінші нөмірінде М. Сералин оқырмандарға басылымды құрудың ұзаққа созылған оқиғасын түсіндіріп берді: “Біз бір-бірімізді үнемі… кінәлап жүрдік… Басымыз қосылмады. …Біздің қазақтың неше жерден “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды”.
“Айқап” журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті.
“Бізге не істеу керек?” деп аталған мақаласында “Айқап” өз бағдарламасын былай деп белгілеген:
1. Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу.
2. Мектептер мен медреселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу.
3. Дін істерін өз қолына алу, өз мүфтиін сайлау.
4. Мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы.
5. Петербургте тұрақты өкілдік болуы.”
“Айқап” нөмірден-нөмірге жер мәселесіне зор көңіл бөліп отырды. Бұл түсінікті де. Патша өкіметі орыс және украин шаруаларын қоныс аудару қозғалысының қарқынын ұлғайту мақсатына қазақтардың құнарлы жерлерін күштеп тартып алу жолымен “қоныс аудару қорын” құрды. “Айқап” жетекшілері мұндай жағдайда көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы, “тұрғылықты ауылдық елді мекендер” салу, егіншілік негізінде қазақ шаруаларының тұрмыс-салтын өзгерту қажет деп саналды. “Қазақ” газетінің жетекшілері, ең алдымен Ә. Бөкейханов басқаша көзқараста болды. Журнал мен газет арасындағы жер мәселесі жөніндегі пікірсайыс екі жақтың да көп күшін алды.

“Айқап” журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин “біздің ғасырымыз-ғылымның ғасыры” деп санады. Ол Ш. Марджанидің, Ы.Алтынсариннің ізбасары болды. Жәдидшілдіктің, жаңа әдіспен дауыстап оқытудың атасы И. Гаспринскийді өзінің ұстазы және тәләмгері деп білді.


“Айқап” журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзі классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Сонымен бірге журнал беттерінде кейде жаңа әдіспен оқытуға түрік-татар көзқарасын уағыздайтын жарияланымдар басылып отырды. М. Ж. Көбеевтың, Д. Қашқынбайұлының және басқалардың мақалаларында діншілдік және шариғатқа бейімдік сарыны болды. “Айқап” беттерінде түркі-татар тілінде жаңа әдіспен оқытуға артықшылық берген, А. Байтұрсыновтың қазақ жазуы саласындағы реформаторлық ізденістеріне қарсы шыққан авторлар ұйымдастырылған түрде жарияланып отырды.

Бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы-толғағы жеткен жалпы ұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған “Қазақ” газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында“Айқап” журналы шығуының тоқтауына себеп болды.


Ағартушылардың өздері арасында түңіліс етек жайды, олардың қатарында: революциялық әдістерді жақтаушыларға және ұстамдылық пен ымырашылдықты жақтаушыларға жіктелу тереңдей түсті. Бүкіл XX ғасыр бойында әдебиетте журналдың жабылу себептері мәселесі бойынша дау жүрді. Пікірсайысқа салынбай, ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің қайсыбірі орыс революцияларының және самодержавие күйреуінің қарсаңында ең басты ұлттық қоғамдық-саяси және ғылыми-әдеби басылымға арналған “Қазақ” газетін құрушы (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов) бәсекелесе алуы екіталай екенін ғана ескерте кеткен жөн.
“Қазақ” газеті. “Қазақ” газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. “А. Байтұрсыновтың шебер басшылығы мен жанқиярлық еңбегінің арқасында,-деп жазды М. Дулатов,-жоқтан барды жасаған деуге болатын және патшалық-полицейлік режимнің ауыр жағдайларында тіршілік еткен газеттің жабылар алдында өз баспаханасы, қағаздың үлкен қоры, шағын кітапханасы болды, таралымы 8000-нан асты”. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстық қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.
“Қазақ” газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, М. Дулатовтың анықтауынша, “қазақ әдеби тілінің мектебін жасаушы”, бірақ ең алдымен –ой өрісі аса кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Азаттық қозғалысының мұраттарына, қазақ халқының топтасуы мен рухани өрлеуі мүдделеріне белгілендік, таңғажайып талант және ғылымның көптеген салаларынан энциклопедиялық білімділік оны ұлт ағартушылары мен рухани аталарының алдыңғы қатарларына шығарды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа “Қазақ” газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. Құлшынған қызба қанды, әсте ымырасыз, жалынды көсемсөзші, топ көрсе қыранша түлейтін ақын М. Дулатов өзінің ерлік және қайғылы тағдырымен көп жағынан XIX ғасырдағы Махамбет Өтемісұлын еске салатын. “Қазақ” газеті 1918 жылы (№ 261-265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.
XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.
Біртұтас болып біріккен ғажайып үштік-А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білд. Олар “Қазақ” газетінің төңірегіне қазақ демократиялық зиялыларының бүкіл бетке ұстарларын, соның ішінде Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ғ.Қарашев, С. Торайғыров, Ж. Аймауытов, Б. Майлин, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов, С. Дөнентаев, М. Шоқай, М. Тынышбаев және басқа да көптеген адамдар сияқты көрнекті қайраткерлерді топтастыра алады. Дегенмен де, негізгі идеялық-теориялық салмақты А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов көтерді. Зерттеуші К. Атабаевтың деректері көрсетіп отырғандай,“Қазақ” газетінің беттерінде жарияланған, бүгінгі күні қолда бар және “Қазақ” басылымы жинағында келтірілген материалдардың жартысынан астамын солар жазған. Тек Ә. Бөкейхановтың өзі “Қазақ” үшін 200-дей мақала жазыпты.
Бағдарламалық мақалада (авторы А. Байтұрсынов) газет “ұлттың көзі, құлағы және тілі” деп аталған. Редактордың пікірінше, газет адамдардың мүдделеріне қызмет етуге, білімді таратушы, халықтың қорғаушысы, оның рухани тәлімгері болуға тиіс. Сонымен, А. Байтұрсынов нағыз жалпыхалықтық басылым құруды ойлады және оны жүзеге асырды.
Газетті оның негізін қалаушылар“Қазақ” деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық басылым құруды ойлады және бірлік идеясын таратты.
Газеттің бірінші нөмірінде басылған бағдарламалық мақаласында А. Байтұрсынов отаршылдық режим жағдайларындағы ұлттың тағдыры туралы мәселені ашық қойды. Ол былай деп жазды: “Өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін біздің бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет; бұл үшін біз әдебиетті ана тілінде дамытумен айналысуды бірінші борыш деуге міндеттіміз. Өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халықтың ғана дербес өмірге үміттенуге құқылы екенін ешқашан ұмытпау керек”.
“Қазақ” газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Ә. Бөкейханов былай деп атап өтті “Жуық арада далада, бәлкім, қазақ арасында белең алып келе жатқан екі саяси бағытқа сәйкес екі саяси партия ұйымдастырылатын сыңайлы. Олардың бірі ұлттық-діни партия деп аталуы мүмкін және де қазақтарды басқа мұсылман халықтарымен біріктіру оның мұраты болып табылады. Басқа бір батыстық бағыт қырғыз даласының болашағы-осы сөздің кең мағынасында-батыс мәдениетін саналы түрде іс жүзіне асыруда деп біледі”.
“Қазақ” екінші бағыттың ой-пиғылын көрсетті. Ол тұжырымдамалық проблемаларды көрсеткен кезде соны негізге ала отырып жазды. Ең алдымен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов қазақ халқының өркениет, түрік дүниесі тарихында алатын орнын анықтап берді. Халықты топтпстыру, оның ежелгі мәдениетін және демократиялық Ресей құрамындағы қазақ ұлттық мемлекеттігін қайта түлету проблемалары газет қызметінің өзегіне айналды. “Шаруашылықтағы өзгерістер” деген сериалы мақалаларында А. Байтұрсынов қазақ халқының эволюциясын және мәдениет тарихын көрсетті.
“Қазақ” шын мәнінде бүкілресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделілік танытты.
Империалистік соғыс, дүние жүзін халықаралық капиталдың жетекші елдері арасында қайта бөлісу басталған кезде өзінің мазасызданғанын жасырмады. Ал мазасызданудың негізі бар еді. 1916 жылғы 16 маусымдағы қазақ жігіттерін тыл жұмыстарына алу туралы патша Жарлығы жай түскендей болды. Газет Жарлыққа дейін де, одан кейін де қазақтарды армияға шақыру туралы мәселені талқылап, оларға казак әскерлері мәртебесінің берілуін талап етті. Ол халықтан империяның боданы ретінде оның ерте болсын, кеш болсын, өз отандастарының Отан қорғау жөніндегі тағдырына ортақтасуына тура келетінін жасырмады. 400 мыңдық армия жасақтай алатын ұлтқа айналған соң ол соғыста жеңген жағдайда империя құрамында дербес автономияға дәмелене алар еді.
Газет нақ сол баламаны негізге алып және көп адамның құрбан болуы жөнінде орынды қауіптеніп, 1916 жылғы оқиғалар жөніндеде принципті көзқарас ұстанды. Ол қазақтарды майданға алу мерзімін кейінге қалдыруға дейін барып, жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздестіруді, өкіметпен келіссөздер жүргізуді ұсынды. “Алаш” париясы мен Алашорда бостандықты жеңіп алуға және қазақ мемлекеттігін қайта туғызуға тарих берген мүмкіндікті қайткен күнде де ақырына дейін пайдалануға ұмтылып, тағдырлы шешімдер қабылдаған екі орыс революциясы кезеңіндегі “Қазақ” газетінің рөлі баға жеткісіз еді.
“Қазақ” газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды. Ол тұжырымдылығымен, жоғары көсемсөзділігімен, қазақ әдеби тілінің мағыналылығымен, өз халқының көкейтесті мүдделеріне адал қызмет етуімен ерекшеленді. М. Әуезовтің 1913-1918 жылдар аралығындағы кезеңді “Қазақ газетінің дәуірі” деп атағаны кездейсоқ емес. Ол 1922 жылы мәдениет қайраткерлеріне ашық хатында (“Қазақтағы қалам қайраткерлеріне. Ашық хат”) қазақтың баспасөзі тарихында “Қазақ” газетін қоспағанда, халық тәрбиешісі миссиясын орындаған, өз бағытын қатесіз анықтаған, ұлттық рухты асқақтатқан бірде-бір басылым болған емес деп атап өтті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет